Ғылым • 04 Қазан, 2024

Терраса тақтасы

101 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қолданбалы ғылым ел экономикасын дамытуға, сол арқылы мем­лекеттің әлеуметтік жағдайын жақсартуға едәуір ықпал ете алады. Ғылымның осы бағытын ілгерілетуге зерттеушілер мен өндіріс өкілдерінің күш біріктіргені ауадай қажет-ақ. Мұны тәжі­рибелі ғалымдар да, өндірушілер де жиі айтып жүр, осыған қоса сөзден іске көшудің одан да маңызды екенін мүмкіндігінше көр­се­тіп келеді.

Терраса тақтасы

Осының бір үлгісін Ме­тал­лур­гия және байы­ту институтының ғалым­дары мен «KazNewTech» ком­па­ниясының бірлесіп шығарған тер­раса тақтасынан байқадық. Ол ағаш-полимерлік композиттен өндірілген. Ғылым және жоғары білім министрлігінің таратқан ақпаратына сүйенсек, жоба ел­дің құрылыс нарығында елеулі орын алады. Патен­т­телген технология бойынша жасалатын терраса тақталары жеке тұрғын үй, ком­мерциялық, әкімшілік сек­торларды салуда, сондай-ақ үй аумақтарын абаттандыруда кеңінен қолданылады. Ашық террасалар, балкондар мен шатырлар құрылысына да пайдаланылады.

Жоба жетекшісі, техника ғы­­лым­­­дарының кандидаты Эль­нар Кен­жалиев тақталардың инно­­ва­циялық жағы, жоғары сапада жасалуы, сонымен қатар эко­ло­­гиялық тұрғыда қауіпсіз болуы өнімнің басты артықшылығы екенін атап өтті. «Біз шикізатқа бірегей рецептуралар жасаймыз, осыған қоса ағаш-полимерлік композит бұйымдарының теңдессіз сапасын алуға мүмкіндік беретін шешімдерді әзірлейміз. Біздің өндірісте тұрақты сипаттамалары, біртекті құрамы, сапасы, белгілі бір дисперсиялығы, ылғалдылы­ғы бар полимерлер пай­даланы­лады. Бұл сапа мен геометрияны сақтай отырып, параметрлер, экструзия жылдамдығына әсер етеді. Материалдың беріктігін, қаттылығын, ылғалға төзімділігін арттыру үшін антиоксиданттар, аддитивтер, антипирендер және бояғыштар сияқты әртүрлі қоспа қолданылады. Мұндай параметр­лермен жұмыс істеу өндірістегі ақауды барынша болдырмайды», деді Э.Кенжалиев.

Ғылым мен бизнес ынты­мақ­­та­с­­тығының нәтиже­сінде дүниеге келген өнімнің сапасы қазіргі таңда Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық тех­никалық университетінің ғы­лыми зертханаларында сынық­тан өткізіліп жатыр. Өндіріс отандық шикізатпен жұмыс істейді, оның ішінде қайталама шикізат – қайта өңделген пластиктер, ағаштар пай­да­л­анылады. Өндірісте өнімнің са­пасы, нормативтік құжаттарға сәй­кес жасалуы бақыланады. Бар­лық бұйым сертификатталған, тиіс­ті сынақтан өткен. Осы жұмыс ғылыми, ғылыми-техникалық қыз­мет нәти­же­лерін коммерциялан­дыру жоб­а­ларын гранттық қар­жы­­­лан­дыру шеңберінде іске асырылып жатыр.