Кеңес заманында жазылған қазақ тарихы – марксистік идеология, отаршылық көзқарас тұрғысынан жазылған жарымжан тарих (Мұхтар Мағауин). Бірнеше буын ұрпақ ұзақ жыл осы жарымжан тарихпен сусындап келді. Этнограф Ақселеу Сейдімбектің тұжырымына сүйенсек, қазақ халқы ХVIII-ХХ ғасырлардың тарихына отарлаушының көзімен қарап, олар оқыған адамзат тарихының идеологиясы негізінен тоталитарлық жүйенің нұсқауымен үйретілді. Кеңес кезіндегі ұрпақ та сол таныммен тәрбиеленді. Отарлау саясатына қолшоқпар болғандарды шетінен «Орта Азияны жабайылықтан құтқарушылар» деп оқытты. Осыдан кейін ұрпағы бабаларын өздері тілдеуге, аталарын өздері қорлауға мәжбүр болды. Ең сұмдығы, мұндай сорақылық тек қана тарих пәнінің еншісі болып қойған жоқ, сонымен бірге көркем әдебиет, кино, театр, бейнелеу өнері сияқты рухани өрістің баршасына улы тамырын жая орнықты.
«Расында біздің өткен тарихымызды тану жолындағы қасіретіміз – ақтаңдықтар емес, өтірік қолдан жасаған бояма бозтаңдақтар» деп жазады Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» атты еңбегінде.
Осы орайда, өткен жылдар бедеріне үңілсек, қазақ тарихына қатысты алғашқы кітап 1943 жылы «Қазақ КСР тарихы» деген атпен жарық көріпті. Бірақ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұл кітап толық тоналады. Ішіндегі Кенесары ханға қатысты бөлімдер алынып тасталады. Осылай цензуралық сүзгіден екшеліп, 1949 жылы қайта басылды. Одан кейін 1979 жылы бес томдық «Қазақ КСР тарихы» жарық көрді.
Жоғарыдағы бес томдықты жазуға атсалысқан жазушы-тарихшы Мұхтар Мағауин: «Бұл кітап қазақтың өткенін тануға емес, қайта ұмыттыруға қызмет ететін туынды болды, өз басым ІІ, ІІІ томдарға тиесілі Қазақ хандығы дәуіріндегі сөз өнері мен фольклор туралы тарауын жазып едім, алайда екшеуден кейін оң бітік теріске бұрылыпты, кітап басылып шыққанда жазған дүниемді өзім танымай қалдым, түбегейлі өзгертіп жіберген», дейді.
Жоғарыдағыдай идеологиялық үстемдіктің салдарынан тіпті зиялы маман тарихшылар арасында өз халқының тарихынан жеріну үрдісі қалыптасты...
Қазір еліміздің білім саласында оқытылып жатқан тарихи оқулықтар бұрынғы идеологиялық ауытқушылыққа бой ұрған үрдістен әлі толық арыла алмай отыр. Дәл осы мәселе хақында үлкен ойшыл-философ Амангелді Айталы: «Бұрынғы жалған тарихтың орнына енді жалтақ тарих оқытылып жатқандай. Оның сыртында қазіргі тарихтану мәселесінде – қазақ ұлтын асыра мақтап, тарихын бірыңғай батырлық, ерлік үлгісі ретінде баяндау етек алды. Бұл үрдіс – ұрпақты жалған тоғышарлыққа тәрбиелейтін келеңсіз құбылыс» деген еді.
Осы орайда, қазақтың жаужүрек перзенті Бауыржан Момышұлының: «Ренжитінім – ұлтымның шын тарихы ұмытылып барады. Кешегі Санжар Асфендияров, Мұхамеджан Тынышбаев ағаларым – бірі дәрігер, бірі теміржол инженері болса да, тарихымызды жазуға шама-шарқынша үлес қосты. Ол кісілер жат пиғылдылардың аяқ-қолымызға ғана емес, ой-санамызға, арман-қиялымызға кісен, бұғау салғанын сезді, түсінді. Ермұхан Бекмахановтың ерлікке, елдікке толы талпынысы да тарихшыларды тас қайрақтай қайраса керек еді. Өкініштісі, олар жасқаншақ, жалтақ. Ең бастысы, біздің бүгінгі тарихшыларымызға рухани сезімталдық жетіспейді», деп өкініш білдіруі қазіргі таңда да өте бір өзекті мәселеге айналып отыр.