Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2024

«Ашық аспан-2024»: Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен оқу-жаттығу өткізді

86 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Өзбекстан  10-14 қыркүйек аралығында «Ашық аспан-2024» халықаралық жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ашық аспан-2024»: Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен оқу-жаттығу өткізді

фото: Қорғаныс министрлігі

Оқу-жаттығуға  екі елдің Әскери-әуе күштерінің әскери қызметшілері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс мамандары қатысты. 

Әскери іс-шара  әуе шабуылына қарсы қорғаныс күш-құралдарын бірлесіп қолдану мәселелерін пысықтап, жауынгерлік кезекшілік атқарудың ерекше жағдайларында командирлердің әскери бөлімдерді басқару бойынша практикалық дағдыларын дамытуға бағытталған.

Оған майдан тікұшақтары, армия және әскери-көлік авиациясының ұшақтары, сондай-ақ Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің күш-құралдары жұмылдырылды.

Оқу-жаттығу барысында Әскери-әуе күштерінің ұшқыштары Қырғызстан мен Тәжікстанның әуе кеңістігінде де ұшу жаттығуларын орындайды.

«Ашық аспан-2024» жедел-стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуына ҚР Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов басшылық етеді.

«Осындай оқу-жаттығуларды тұрақты түрде өткізіп тұрамыз. Олар достас елдердің әскери қызметшілеріне әуе шабуылына қарсы қорғаныс, жауынгерлік есептоптарды үйлестіру жөніндегі бірлескен міндеттерді орындау кезінде практикалық тәжірибе жинақтауға, оған қоса екі елдің қорғаныс қабілетін арттыруға мүмкіндік береді», деді Д. Қосанов.

Оқу-жаттығудың ерекшелігі мемлекеттік шекара немесе әуе кеңістігін пайдалану қағидалары бұзылған жағдайларда Әуе қорғанысы күштерінің командалық пункттерімен және шектесіп жатқан мемлекеттердің (Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан) басқару пункттерімен өзара іс-қимыл жасау тәртібін пысықтау болды.

Бұдан басқа «Ашық аспан-2024» бірлескен оқу-жаттығуы шеңберінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығының біріккен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі шеңберінде әскерлерді қарсылас авиацияның соққыларын тойтару жөнінде практикалық іс-қимылдарға дайындау жүргізілді.