ЖОЛДАУ • 04 Қыркүйек, 2024

Нақты шешімдер кезеңі

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы еліміздің дамуы бо­йынша батыл шешімдерді ұсынды. Осылайша, бағыт пен бағдар бекі­тіліп, жасалған жұмысты айшық­тап, алдымызда әлі талай ауқымды жұмыс тұрғанын айтты.

Нақты шешімдер кезеңі

«Жастар рухы» әрдайым жастар мен қоғам игілігі үшін ауқымы кең, әлеуметтік-саяси бағыттарды қамтитын жобаларды жасауға атсалысып келеді. Президент атап өткен «Таза Қазақстан» жалпы­ұлт­тық акциясына республика бойынша белсенді қатысып, эко-бағыттағы маңызды жұмыстарды жасай алды. Астанадан Қонаев қаласына дейінгі road-эстафета, көктемгі су тасқынынан кейінгі қайта қалпына келтіру жұмыстары, ван­дализммен күрес – рухтастардың орталық­тан­дырылған қа­лып­ты жұмысына ай­налды. Әрине, бұл шаралардың бір реттік науқан емес екенін есте сақтаған жөн.

Заң мен тәртіпті кішкентай баладан бас­тап қариялардың санасына дейін сіңіру. Бұл бағыт – «Жастар рухы» аймақтық филиалдарының барлық нүктесін қам­ты­ды: облыс, аудан орталықтары, шетте қалған ауылдағы тұрғындарға жете алған ак­цияға айналды.

Жолдаудан ерекше атап өтетіні – 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы. Еңбекқор, жаңашыл жастарды бір алаңға жинайтын «Жастарға жұмыс» бос жұмыс орындар жәрмеңкесі 3 қала мен 17 облыста 50 000 жасты қамтыды. Келесі жылы жоба жаңа индика­тор­лар мен тәсілдерді ұсынуды жоспарлап отыр.

Жалпыұлттық дауысқа салынатын АЭС мәселесі Жастар қанаты жақында ғана өткізген жастар саяси лагерінің алаңында кеңінен талқыланды. Жасыл энергия – сенімді болашақ кепілі. Бұл ретте рух­тас­тар­дың көзқарасы мен таңдаулары да анық.

Мемлекет басшысы атап өткен экономиканы көтеру, бұқаралық спортты дамыту, экологиялық ахуалды жақсарту, ғылым мен білімге аса мән беру, басты құндылықтарды негізге ала отырып жұмыс жасау – «Жастар рухы» non-stop режімінде жүзеге асырып, негізге алатын басым бағыттар болады.

 

Ақерке ИСКАНДЕРОВА,

«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы