Қоғам • 11 Шілде, 2024

Құс өсірсең, қаз өсір...

114 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Ауыл» партиясының бастамасымен Ақмола облысы Ақкөл ауданының Амангелді аулында «Қаз хабы» жобасы іске қо­сылды. Жоба аясында ауыл тұр­ғындарына 15 күндік 800 қаз балапаны мен 625 кило құрама жем таратылды.

Құс өсірсең, қаз өсір...

Жоба мақсаты – ауыл тұрғындарын суда жүзетін құстарды өсіру технологиясына үйрету, ауыл жұртының табысын арттыру, болашақта кооперация құру. Жоба аясында әр отбасы 160 қаз бен 125 кило құрама жем алып, 5 айдан соң, яғни қараша-желтоқсан айларында Астана қаласының инвестор-тұрғындарына таза салмағы 4,4 килодан кем емес әрбір төртінші қазды кері әкеліп тапсырады. Осылайша, жобаға қатысушы инвесторларға 160 өскелең қаз балапанынан жалпы салмағы 176 кило таза етті құрайтын 40 қазды ғана қайтарады. Қалған 120 қаз жобаға қатысушыда қалады. Қаз күтімін жасай білсе, 5 айда шамамен 1 млн теңге табыс табу мүмкіндігі бар.

Болашақта Ақкөл ауданында ин­кубациялық жұмыртқа өндіру, инкубаторий, мал азығы цехы, сою цехы, сойылған өнімді, мамық пен қауыр­сынды қайта өңдеу, етті консервілеу үшін қаз фермаларын құру жобаларын қолға алу жоспарланған. Бизнестің жоғарыда аталған барлық бағыты болашақта Ақкөл ауданында «Қаз хабын» құруға ықпал етпек.