Қаржы • 11 Шілде, 2024

Инвестицияға иек артқан өңір

65 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлттық экономикамызға ба­ғытталған шетелдік инвестиция ағыны кейінгі жылдары артып келеді. 2019–2022 жылдары ел экономикасына жалпы сомасы 93,6 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция (ТШИ) тартылып, оның 49,9 млрд доллардан астамы шикізаттық емес сектордың еншісіне тиді. Инвестиция көлемі кейінгі 5 жыл­да 143,5%-ға, яғни 12,6 трлн тең­геден 18 трлн теңгеге өсті. Тек өткен жылы ел экономика­сы­на 23,4 млрд доллар ТШИ құйы­­лып, еліміз әлемдік бәсекеге қа­­білеттілік рейтингінде алға жылжып, 37-орынға көтерілді.

Инвестицияға иек артқан өңір

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

5 жылда – 3,3 трлн теңге

2019–2023 жылдар аралығында ұлттық экономикаға бағытталған тікелей шетелдік инвестиция 117 млрд долларға жеткен. Ал Павлодар облысы былтыр орнықты дамып келе жатқан өңірлер қатарында қала беретінін байқатып, кейінгі 5 жылда негізгі капиталға шамамен 3,3 трлн теңге инвес­тиция тартты.

Облыс экономикасының инвестиция көлемі 31%-ға ұлғайды (2019 жылы – 494,6 млрд теңге, 2020 жылы – 487,2 млрд теңге, 2021 жылы – 571,9 млрд теңге, 2022 жылы – 742,8 млрд теңге, 2023 жылы – 964,8 млрд теңге). Биыл өңір шамамен 1 трлн теңгеге жуық инвестиция тартады деген болжам жасалып отыр. Қазірдің өзінде негізгі капиталға салынған салым көлемі 247 млрд теңгеге таяды. Өткен жылдың қорытындысында өңдеу секторының көлемі бойынша еліміздегі үздік төрттікке еніп, жалпы құны 3,1 трлн теңгенің тауары өндірілді. Бұған қоса облыс көлік саласында бірнеше жыл қатарынан көшбасшы атанып келеді. Нақтырақ айтқанда, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, сондай-ақ халықтың сапалы өмір сүру деңгейін қолдауға бағытталған барлық міндеттеме орындалып жатыр.

Сарапшылардың сөзіне сүйенсек, инвестициялардың еселенуіне еліміздің 83 елмен визасыз режім орнатуы үлкен сеп болып отыр. Бұл ерекшелік бизнесті жүргізуді айтарлықтай жеңілдетіп, еш кедергісіз дамуға және өзге компаниялармен тәжірибе алмасуға ықпал етті. 2022 жылы елімізде жүзеге асып жатқан инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы құрылғаны белгілі. Қазір пулда 704 жоба бар, олардың жалпы құны – 32,08 трлн теңге. Бұл жоба­лар толық іске қосылғанда 122,5 мың­нан астам жұмыс орны құрылады. Ал 136 жоба (15,44 трлн теңгеге) шетелдік инвес­торлардың қатысуымен жүзеге аспақ.
Өндірістік әлеует арта түсті

Өңірлік Кәсіпкерлік және индустрия­лық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Сағыныш Нүркімбаевтың айтуынша, облыста өнер­кәсіп пен ауыл шаруашылығы бел­сен­ді дамып келеді. Өңір республикада өнер­кәсіп өнімін өндіру көлемі бойын­ша төртінші (3,09 трлн теңге), өңдеу өнеркәсібі бойынша үшінші орында (1,9 трлн теңге), бұл елдің шикізаттық емес экс­порты үлесінің 11,5%-ын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.

«Аймақта еліміздегі электр энергия­сы­ның үштен бірі, алюминийдің 100%-ы, кө­мірдің 60%-ы, ферроқорытпаның 56%-ы, отын түрлерінің 32%-ы өндіріледі. 2019 жыл­дан бері Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы сомасы 93,1 млрд теңгеге 20-дан аса жоба іске асырылды. 690 тұрақты жұмыс орны құрылды. Жоба­лардың іске асырылуы бұрын шыға­рыл­маған, оның ішінде экспортқа бағдар­ланған 70-ке жуық жаңа өнім түрін өндіруді ұйымдастыруға мүмкіндік берді», дейді.

Тікелей инвестиция тарту нәтижесін­де Екібастұздағы «Проммашкомплект» ЖШС-ның өндірістік қуаты жылына 210 мыңнан 300 мың дөңгелекке дейін ұлғайды. Кеңейту құны – 8,5 млрд теңге. Кәсіпорынның посткеңестік кеңіс­тікте баламасы жоқ. Кешеннің ең жаңа технология­сы мен жетілдірілген роботтандырылған технологиялық жаб­дықтары ең жоғары өндірістік нәти­жеге қол жеткізуге мүмкін­дік береді. Зауыт – қазіргі уақытта теміржолға арнал­ған тұтас дөңгелектер шығаратын жалғыз отандық кәсіпорын.

Бұдан бөлек, Павлодар қаласында метил-трет-бутил эфирі мен по­липро­пилен өндіретін «Компания Неф­техим LTD» ЖШС зауыты бар. Ол республикада алғашқы болып импортты алмас­тыру үшін эпоксидті қосылыс өндірісін іске қосты. Өндіріс қуаты – жылына 10 000 тонна өнім. Ал «Стекломир» ЖШС 3 млрд теңгеге жаңа триплекс шыны (қосарлана желімделген әйнек түрі) цехын ашты. Тәулігіне шамамен

1 200–1 500 шаршы метр триплекс шынысын шығаратын зауыттың қуаты елімізде ең жоғары саналады. Анықтама үшін айтып өтейік, бұл компанияның елде барлығы 9, ал шетелде 2 филиалы бар. Сондай-ақ компанияда ел нарығындағы жалпы үлестің шамамен 50%-ын қамтитын 5 зауыт орналасқан. Ең ірісі – Павлодардағы өндіріс орны.

Соңғысы «Қазмұнайхим» ЖШС 2,5 млрд теңгеге реагент, қоспа және басқа да аз тоннажды химия өндірісін іске қосты. Кәсіпорын жылына 30 000 тонна өнім береді. «Қазмұнайхим» Татарстаннан келген «Миррико» компаниялар тобымен ынтымақтасады. Ресейдің мұнай-химиктері біздегі алғашқы жаңа кәсіпорынның технология­сы мен өнімдерінен зор келешек байқап отырғандарын айтады.

Салық түсімі көбейді

Кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасын іске асыруда («Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» біріктірілгені мәлім) отандық экономикада бірқатар тиімділікті байқатты. 2019–2023 жылдар аралығында бизнестің 142,1 мың жобасына Үкімет субсидия бөліп, кепілдік берді. Осы уа­қыт ішін­де 87 мыңнан аса жоба иесі 4,9 трлн теңге несие қарызын алса, мемлекет кәсіпкерлік субъектілері үшін жал­пы сомасы 668 млрд теңге бола­тын ке­пілдік сомасын төлеген. 2018–2022 жыл­дар кезеңінде қаржылай қол­дау­дың әлеу­меттік-экономикалық тиімді­лігі айқын байқалды. Атап айтқанда, кәсіп­керлер бюд­­жетке 3,3 трлн теңге салық төлеп, 54,1 трлн теңгенің өнімін шығарды. Еңбек на­ры­­ғында қосымша 341,2 мың жұмыс ор­ны пайда болды. Шағын және орта биз­нес­тің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 5 жыл ішін­де 28,4%-дан 36,5%-ға ұлғайды. Ал кә­­сіп­керліктерде жұмыс істейтін тұр­ғын са­ны шамамен 30,3% өсіп, 4,3 млн адамға жетті.

«Даму» қорының ақпараты бойынша «Бизнестің жол картасы» (2010–2022) және «Қарапайым заттар экономикасы» (2019–2022) бағдарламасын іске асыру кезеңінде Павлодар облысындағы салық түсімдерінің көлемі 275,3 млрд теңгені құрап, 13,7 мың жұмыс орны құрылған.

42 мың тұрақты жұмыс орны сақталып қалды. Өнім шығару 4 трлн 940,7 млрд теңгеге жетті. Өңірдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнес үлесі кейінгі 5 жылда 0,8%-ға өсті. Дей тұрғанмен, орта кәсіпкерліктің үлесі 5 жылда 0,4% төмендеген. Мамандар мұны пандемия кезіндегі карантин шараларының әсерімен байланыстырады. Облыстың ІЖӨ-дегі бақыланбайтын экономиканың үлесі 20,04% түрінде сақталып отыр. Осыған қарамастан кейінгі жылдары шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 20%-ға көбейіп, бүгінде 55 537-ге жетті.

Инвесторға қолайлы шарт

Отандық экономикадағы сырттан келетін инвестициялық ахуалды одан әрі талдай түссек, жыл сайын шетелдік ин­весторлардың қатысуымен елімізде кемі 40 жоба іске қосылатынын байқауға болады. 2019–2023 жылдары шетелдіктердің атсалысуымен жалпы сомасы 11,5 млрд доллар болатын 218 жоба бастау алған. Нәтижесінде, 27,7 мың адам екі қолға бір күрек тапты. Басым салалардағы ірі инвестициялық жобаларға сырттан қаражат тарту мақсатында (60 млн доллардан басталатын жобаларға) елімізде 2011 жылдан бері Инвестициялар туралы келісім күшіне енді. Ал 2022 жылдан бері жаңа құрал – Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім пайда болды. Ол – отандық салық заңнамасының тұрақтылығына 10 жылға кепілдік беретін инвестициялық міндеттемелер туралы келісім түрі. Оның аясында инвесторлар ұлттық экономикамызға кемі 600 млн доллар инвестиция құюы керек. Ал келісім өз кезегінде тауар өндірушілерге қаржылық ағындарды ұзақмерзімді жоспарлауға және инвестицияның қайтарымын болжауға мүмкіндік береді. «Прокурорлық сүзгі» жүйесі де жұмыстың нәтижелі болуына оң әсерін тигізіп жатыр.

Павлодар облысы