Руханият • 10 Шілде, 2024

Теңізге тамған көз жасы

115 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жазушы Қуаныш Жиенбайдың шығармашылығы хақында

Жазушы Қуаныш Жиенбайдың бірде-бір шығармасынан теңіз тынысының сырт қалғандығын көрген емеспін. Оның тырнақалды туындысы – «Жалғыз желкен» «Жалын» баспасына жаңадан қызметке кіріскенде біздің қолдан өтіп, кітап болып жарияланған-ды. Қуаныш інім туралы жақсы пікірлер айтылып жатса, шын ниетіммен қуанып қаламын. Біраз әдебиет сыншылары оның өнімді, тіршіліктің тынымсыз соққан қан тамырындай шындық атаулының бары мен жоғын шашыратпай, барынша дәлдікпен жазатынын айтып жүр.

Теңізге тамған көз жасы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шындық – шығар­ма­ның жү­регі. Ке­йіп­керіңнің кес­кін-келбетінен шындыққа жанас­пайтын не асыра сілтеген, не жеріне жеткізбей, бір қайнауы ішінде кеткен оқыс тұстарды байқаса, сауатты оқырман майлап берсең де кітабыңды одан әрі оқымайды. Ал Қуаныштың шындығы – теңіз төңірегіндегі тірліктер. Жарықтық ұлы теңіз кейбір есерсоқ пенделердің пе­йілдеріне кейістік білдіргендей, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап біртіндеп жағалаудан алыстай бастады ғой. Қуаныш осы көріністің бәрін балаң жүрегінен өткіз­ген, кейін ес жиып, оқу бітіріп, жазу­шылық­қа бүйрек бұрған шақта тартылған теңіз тағдыры шығармашылығының ең басты тақырыбына айналды. Біреу­лер, бәлкім, теңізді жырлаумен әлем жұрт­шылығының назарына іліккен, түз гранитіндей те­геурінді талантымен дүйім елді мойындатқан, көзінің тірі­сінде-ақ аса сирек айтылатын марапат – классик қаламгер атан­ған Әбекеңнен, Әбдіжәміл Нұрпейісовтен не қалды деп те ойлауы мүмкін. «Соңғы парыз» – Арал теңізінің арғы-бергі тарихының өлмес шежі­ресі, бүгін де, ертең де үздіксіз оқылатын маңдайы жарқыраған ғажайып туындылар.

Алайда кім-кімнің де өзегін өртейтін бұл ащы тақырып сар­қылып қалды дей алмаймыз. Орайын тауып кестелей біл­се, теңіз төңірегінде әлі де жазуға сұра­нып тұрған тың тақырыптар жеткілікті екен. Байқағаным, Қуаныш Жиенбай теңіз төңі­регіндегі көп адам аңғара бер­мейтін түйткілді проблемаларды майдан қыл суырғандай еп­тілікпен әрі салқынқанды са­бырлықпен шабытына шабыт қосып, көркем әңгіме, хикаяттарын айтпағанда, үш бірдей роман жазды: «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Ән салуға әлі ерте», «Жер үстінде де жұмақ бар». Әде­би жылдың қорытындысын­да ­та­быс­ты шығармалар тұрғы­сы­нан баян­дамаларға ілікті, елі­міз­ге белгілі әдебиетшілер мен сын­шылар романдарды талдап, көлемді мақалалар жазды. Бір­неше шығармасы орыс және басқа да тілдерге аударыл­ды. Мұны Қуаныштың шығар­ма­шы­лы­ғындағы елеулі жетістігі деп бағалағанымыз абзал.

Былтыр «Фолиант» бас­пасы Қуаныштың «У мен уылды­рық» атты кітабын шығарды. Аты айтып тұрғандай, мұның да теңіз туралы шығармалар­дан топтастырылғаны белгілі. Кітап үш хикаят, жиырма шақ­ты көркем әңгімеден тұра­ды. Осы кітап биыл Абай атын­дағы мемлекеттік сыйлыққа ұсы­нылып отыр. Одан бұрын автор шығармасы мәртебелі сыйлыққа екі мәрте ұсынылған-ды, биыл үшінші рет.

Ұлы теңіздің келмес­ке кет­кендігі рас. Теңіз екіге бө­лінді. Ендігі үміт – Кіші Арал­да. Кіші Аралдың да анау айт­­қан­дай ке­не­ресінен асып-төгіліп жат­қаны ­шамалы. «У мен уылдырықта» «Оны маза­ламаңыздаршы» дей­тін хикаят бар. Тақырыбы тартып тұр, оқыма­сыңа қоймай­ды. Жұмабек – «Урал» мотоцик­лі­­мен анда шапқылап, мұнда шап­қылап, жерлестері «сенің кө­ме­гің қажет» десе, «жедел жәр­дем» секілді заматында жетіп ба­ратын ауылдағы қарапайым дә­не­керлеуші. «Қарапайым дәне­кер­леуші» айтқанға ғана жеңіл, ал Жұма­бек – шын мәнінде, айту­лы шебер. Әлдекімдердің қақпа­сын, жаңадан кіргелі жатқан үй­дің есік-терезесін, тіпті ауыл сыр­тын­дағы бейіттің қоршауын сан түрлі темірмен әшекейлеп, дәнекер­леп беру деген оған түкке тұрмай­ды. Темірден түйін түйетін хас шебер Жұмабек. Жанқияр­лық еңбегінің өтеуін сұрап, алдын ала «келісімшартқа» отыратын Жұмабек қайда? Жұрттың азды-көпті бергеніне мәз, үс­теме­ақы дәметпейді. Ал сол топы­рақтың әтібірлі азаматы ре­тінде тартылған теңіз тағдыры Жұма­бектің де жүрегін ауыртады, түн ұйқысын төрт бөледі. Не істеу керек? Елдің назарын аударатындай, Кіші теңізге жанашыр болатындай қолынан не келеді?

Жұмабек ары ойланып, бері ойланып, ақыры мынадай бе­рік шешімге тоқталады. Қа­ңыл­тыр­дан аспан тірейтін ескерт­кішті портты қаланың кеме қаты­найтын қақпасына орнатпақ­шы. Ескерткіштің силуэті – ешкімге ұқса­майтын тың. Аспанға айбат шеккен жұ­ды­рық. Яғни туған табиғатқа жан­дары ашымайтын қаскөй пенделер­ге тү­­йілген жұдырық, соларға айтылған лағы­нет! Бомба! Ауылдағы қарапа­йым ­шебер Жұмабектің жобасын дүниежүзіне әйгілі мүсінші Зураб Церетели атын­дағы ха­лық­аралық қор қолдап, оң сапар ті­лейді. Ойға алған шаруасы орын­дал­ған­ша тыным тап­паған дәнекерлеуші ақыры ес­керткішті тұғырына қон­дыра­ды. Жақұттай жалтыраған алып ескерт­кіш маңайдағыларға «ту­ған табиғатқа жауыздық жаса­ғандарыңды доғарыңдар!» дегендей, күндіз-түні сес көрсетіп тұр. Бұл кезде Жұмабектің көзі әбден нашарлаған еді. Міне, осы сәтті пайдаланып, аудан әкі­мі Айтуғанов қайдан шықса, одан шықсын деп, ескерткішті жасағандардың тобына еркетотай ұлын қосып кеп жібереді. Ескерткіштің аяқ жағындағы алтындаған тақтайшаға Жұма­бек Исағалиевпен бірге әкімнің ұлының аты-жөні де жазылады. Көзіне ота жасатып, ескерткіштің ашылу салтана­тына қатысқан Жұмабек мұн­дай сорақылықты көргенде дү­ниеден баз кешіп, айдалаға қаң­ғып кеткісі келеді... Арғы жағы түсінікті, шығарма аса тартымды жазылған.

Екінші хикаят – «У мен уыл­дырық». Тағы теңіз төңірегіндегі тірліктер дөңгеленіп көз алдыңа келеді. Күндердің күнінде тірі жанның қаперіне келмеген айтулы оқиға – Есберген Жұма­сұлтанов жағалаудағы жатаған Көнебөген аулынан шаң береді. Көнебөген – Қуаныштың кін­дік кескен туған ауылы. Есбер­ген анау-мынау адам емес, есімі сол төңірекке белгілі, өте ділгір, қызметтің де тұтқасын ұстаған. Тұрмыстық жағдайы да «хан­ға сәлем бермейді». Онысынан бұрын ол – жастау кезінде теңіз астына сүңгіп, дем алмастан ұзақ уақыт шыдамдылықпен жүзе алатын атақты «чемпион». Осы «чемпиондығы» атақ-абы­ройын аспанмен тілдестіреді. Теңіз астында ұзақ уақыт дем алмастан және скафандрсыз жүзе алатындықтан, оған құда түсушілер шаштың түгінен көп. Әсіресе сан түрлі себеппен суға батқан кемелердің түре­ніндегі бағалы заттарды су бетіне шығару үшін Есберген секілді жүрек жұтқандар керек-ақ. Әрі ондайларға төленер гонорардың мөлшері түске кіреді. Ана бір жылдары аттай қалап, Петербордағы мұхит пен теңіз тіршілігін зерттеу орта­лығы Жұмасұлтановты арнайы шақыртып алған. Атақты «водолаз» Ес-ағаң Баренц теңізіндегі суға батқан кеменің алтындарын су бетіне шығаруда да ел есінен кетпестей ерлік көрсеткен. Норвегиядағы дүниежүзілік аквариум бірлестігіндегілер де Есбергенмен жиі-жиі хабарласып тұрады.

Туған жерге деген перзент­­тік борышты бар болмысымен сезі­не білетін және оның өмір бойы бойтұмардай ұмы­тылмайты­нын білетін көп­ті көрген Есбер­ген­нің жан дүниесі мұндайда қай­тіп байыз тапсын. Кіші теңіздің ­дене тітіркентерлік қазіргі аяныш­ты жағдайы дүңкіл-дүңкіл есті­ліп жатады. Жағалауға жауын­нан соңғы саңырауқұлақтай қапта­ған балық зауыттары қоныста­нып алған. Оларға күні-түні жұ­мыс істеу керек, сапалы балық керек, балық өнімдерін шетелге тонналап жөнелту керек. Бірақ мұндай «ауырлықты» Кіші теңіз көтере ала ма, белі шойыры­лып, күндердің күнінде болмашы байлығы ит тартқан қара терідей тоналып, ақыры құм суырған қу тақырға айналмасына кім кепіл? Бұрын балық уылдырық шашатын көктем айларында тірі жан кәсіп іздеп, айдынға қайық салып, тәуекел жасамайтын. Балық уылдырық шашатын мезгілде шыбын жанын шүберекке түйіп, айдынға аттанғандар айлап, жылдап айып төлейтін. Жағадағы шүпірлеген балық зауыттары мұндай «запретке» құлақ аса ма? Балық, балық...

Есберген өз күшіне сеніп, осы келеңсіздікпен күресуге қаладағы тұр­мыс-жайымен уақытша қош­тасып, бір кездегі балалық шағы өткен Көнебөгенге көшіп келеді. Келе сала іске кіріседі, теңіз астына сүңгіп, уылдырық шашар мез­гілде оңай олжаға кезікпек бол­ғандардың торларын аяусыз кес­кілейді. Қолдан келгенше ба­лық­тың өсіп-өнуіне жағдай жа­сайды. Теңіздің болмашы бай­лы­ғына бірден қарқ болғысы келе­тіндер балықты умен аулайтын да жаңаша «әдіс» тауып алған. Есберген туған жерге осы үшін келдім ғой деп, тыным көрмейді, талай-талай асыра сілтеушіліктің «ауыздарына құм құяды».

Хикаят бұрын әдебиетімізде көп кездесе бермейтін тосын эпизодтарға толы. Жалық­тыр­майды, жылдам оқылады. Бұл да – Қуанышқа ежелден таныс тақы­рыптың бір қыры.

«Қашқын». Жазушы Қуаныш Жиенбайдың шығармашылық әлеуетінен Арал төңірегін бы­лай қойғанда, теңізге тиіп тұрған Төретам, Байқоңыр космодромы, Қорқыт кесенесіне қатысты оқиғалар жиынтығы көптеп ұшы­расады. Бұлар бұрын-соң­ды қағазға түспеген, бұрын-соңды ешкім жазбағандай тың толғаныстармен жеріне жеткі­зе суреттеледі. Оған автордың мүм­кіндігі молынан жетіп тұр. Түптеп келгенде, осының бәрі экология мәселелерін толыққан­ды, жан-жақты қамтуға тырысады. «Қашқындағы» Бөрібай – әпенділігімен алдына жан сал­майтын, аузынан шыққан әрбір сөзі бірден ауылға қарай тартып тұратын атажұрттың исі бұрқыраған нағыз қазағы. Төретамнан үлкен қалаға көшіп келіп, жүзіктің көзінен өтетін пысық әйелінің арқасында таксист болып орналасады. Әйелі Гүлжәмила – көпті көргендігі­мен де, кісімен тіл табысқыш пысықтығымен де, өмірге бейім алғырлығымен де Бөрібайды он орап алатын күрделі бейне. Бір кездері Төретам космодромында аспазшы болып қызмет істегені бар. «Төретамнан көшейік, қа­лаға ­барып жұрт секілді біреу­ден ілгері, біреуден кейін тір­лік жасар­мыз, балаларымыз­дың келе­шегін ойлайық» деп Бөрі­байдың құлағын сарсытқалы қаш-шан. Бірақ туған ауылын қимайтын Бөрібай оған көнбей жүрген. Құланның қасуына – мылтықтың басуы, Гүлжәмила армандаған жағдай ойламаған жерден туа қалады.

Тәуелсіздігіміздің елең-алаң шағында күнкөрістің қамымен әркім нәпақа табу үшін тұс-тұс­қа тентіреп кетті ғой. Соның бірі Бөрібай еді. Бөрібайлар Бет­бақдаланы кезгілеп, сирек кез­десетін құнды металл ра­ке­та­лардың сынықтарын жи­­най­тын. Ауылда оларды қабыл­даушылар тағатсыздана тосып отыратын. Одан түсетін та­быс та қомақты еді. Сол жолы Бөрі­байдың сирек металл жинап жүрген бір «командаласы» кез­дейсоқ иіске у­ланып, айдалада жан тапсырады. Мүрдені ауылға әке­ліп жер­­лейді. Мәселе мұны­мен біт­пейді, құқық қорғаушы­лар кел­гіштеп, ажалдың себебін, мар­­құмның жанында кімдердің бол­­ғанын, оған дер кезінде не­ге көмек көрсетілмеген­ін, тағы тағы­ларды індетіп сұрай­ды. Қыс­қасы, Бөрібайларды да кінәлі деп жауапқа тартпақшы. Сөйт­кен Бөрібай енді Гүлжәмила­­­ның дегеніне көнбеске амалы құ­­­рып, бір түнде анау-мынаула­рын ­жинап, астынан су шыққан­дай, қайда баратындарын да ешкім­ге айтпастан, ауылдан көшіп кетеді. Бөрібайлардың қала­дағы қым-қиғаш тірлігіне кейде күлесің, кейде қынжыласың. Гүлжәмила Бөрібайды қанша жерден «жұмақтың төрінен шы­ғардым» десе де, оның ауылға деген сағынышы бір басылмайды... Жинаққа енген әңгімелердің де айтары мол, шымыр жазылған дүниелер.

Сол экологиялық ауыртпа­лық­­тың нақ нүктесінде өмір сүр­­ген, теңіз экваторындағы ірілі-ұсақты оқиғаларды бала күні­нен бастан кешкен, куәгер бол­ған, сол өңірдің адамдарымен ты­ғыз қарым-қатынастағы жазушы Қуаныш Жиенбайдың бұл тақы­рыпқа батыл әрі тиянақты қа­лам сілтеуі – заңдылық. Бы­лай қа­рағанда, оның бар шығар­масы қи­налыстан, қимастықтан туып, те­ңізге тамған көз жасына ұқсайды.

Биыл Халықаралық Аралды қорғау қорына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық ете­ді. Мемлекетаралық түйінді мәсе­ле­лердің біразы енді оң ше­ші­мін таппақ. Арал – әлем назарында, таяуда Еуропа­лық одақ­қа мүше 19 мемлекеттің елші­лері Аралда болды, шетел­дік қалам­герлер де тартылған те­ңіз тағ­дыры туралы кітап жазамыз деп ерекше құлшыныс таны­тып отыр. Олардың бір­сыпы­расы қазірдің өзінде жа­ға-­
лауда жүр.

Қорытындылай келгенде, жазушы Қуаныш Жиенбайдың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық­қа ұсынылған «У мен уылдырық» атты прозалық кітабы осы сыйлыққа әбден лайық.

Молдахмет ҚАНАЗ,
жазушы