Аймақтар • 09 Шілде, 2024

Мәжілісмендер «Ертіс орманы» қызметкерлерімен бірқатар мәселені талқылады

63 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Нұржан Әшімбетов, Вера Ким және Жарқынбек Амантайұлы Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орманына барды, деп хабарлайды Egemen.kz Мәжілістің баспасөз  қызметіне сілтеме жасап.

Мәжілісмендер «Ертіс орманы» қызметкерлерімен бірқатар мәселені талқылады

Фото: ҚР Мәжілісінің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаттары орманшылармен кездесіп, қорықтың алдағы өрт қаупі кезеңіне дайындығын тексерді.

1

«Ертіс орманы» бас директорының міндетін атқарушы Қазбек Аметовтың айтуынша, техника паркін жаңарту жұмысы жалғасып жатыр. Атап айтқанда, 8 трактор сатып алынған.

– Біз Бурабай паркінен кейін екінші болып, ерте анықтау жүйесін орнаттық. Биыл сәуір айынан бастап 23 бейнебақылау мұнарасы іске қосылды.  Оның кейбірі ақпаратты интернет арқылы емес, телефон желісі арқылы жібереді. Мәселен, 70 өрт ошағының 50-і осы камералар арқылы анықталды. Қызметкерлерді жаңа техникамен қамтамасыз ету жұмысын жалғастыру – аса маңызды, – деді ол.

2

Өз кезегінде, «Ертіс Орманы» орман шаруашылығын қорғау қызметінің бөлім басшысы Қобыланды Атығаев былтыр орманшылардың жалақысы өскенімен, осы салада жұмыс істейтін жүргізушілер мен өрт сөндірушілердің еңбекақысы жоғарыламағанын айта кетті.

– Сала ардагерлері біртіндеп зейнетке шығып жатыр. Ал жастар қауымы бізге жұмыс істеуге келмейді. Жүргізушілер, тракторшылар, тазалаушылар және өзге де жұмысшылар азаматтық қызметкерлер санатына жатпайды. Бұған қоса, олар ауылдық жерде жұмыс істегені үшін 25 пайыз үстемеақы да ала алмайды. Олардың медициналық жәрдемақысы жоқ. Жалақысы төмен жұмыс орындарында адамдар ұзақ уақыт еңбек етпейді, – деді ол.

Бұл ретте Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылғы 1 шілдеден бастап тек өрт сөндірушілердің жалақысы көтерілгенін түсіндірді. Болашақта техникалық персоналдың жалақысын 2 есе өсіру қажеттігін айтты.

– Біздің мақсат-міндетіміз – қайғылы оқиғалардан сабақ алып, жағдайдың қайталануына мүлдем жол бермеу. Тиісті жұмыс жүйелі жүргізілуде. Жабдықтарды жаңарту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Орман шаруашылығы мекемелерін толғандырған бұл мәселе өнеркәсіпті дамыту қоры ұсынатын 3 пайыздық лизинг арқылы шешіледі, – деді депутат.

Ал депутат Вера Кимнің айтуынша, орман шаруашылығы саласына кадр тарту үшін «Дипломмен ауылға» сынды түрлі мемлекеттік бағдарламалар ұсынатын мүмкіндіктерді пайдалану қажет.

3

– Орман шаруашылығы бейініне сәйкес келетін жоғары оқу орындарын тәмамдаған жас мамандар шалғайдағы орман шаруашылықтарына жұмысқа орналасуға асықпайды. Себебі оларға баспана мен жайлы өмір сүру жағдайын ұсынатын мүмкіндік жоқ. Кадрларды ұстап қалу үшін салада жұмыс істеп жатқан жергілікті жас мамандарға және жалпы жастарға аудан әкімдіктерінен ауданда сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім беру гранттарын ұсыну, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, көтерме жәрдемақы төлеу, тұрғын үй, жұмыс орнын ұсыну тәжірибесін кеңейту қажет, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін депутаттар Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барып, жылу желілерін қайта құру және ЖЭО жөндеу жұмысының барысымен танысты. Сонымен қатар мәжілісмендер Баянауыл, Успен, Тереңкөл және өзге де аудандардың тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.