Ғылым • 04 Шілде, 2024

ҚазҰУ Қытайдың политехникалық университетімен ғарышқа микроспутник ұшырады

72 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚазҰУ-да  Қытайдың  университетімен ғарышқа микроспутник ұшырып, суперкомпьютер орнату келісіміне қол қойылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҚазҰУ Қытайдың политехникалық университетімен ғарышқа микроспутник ұшырады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанға ресми сапармен келген ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс политехникалық университеті микроспутник арқылы ғылыми-зерттеулер жүргізіп, ұлттық университетте суперкомпьютер орнату туралы келісімге қол қойды.

Қазақстан ғалымдарына деректердің үлкен көлемімен жұмыс істеуге, мемлекеттік органдар жұмысын модельдеуге және еліміздің IT инфрақұрылымын дамытуда мол мүмкіндік туғызады деп болжанып отырған суперкомпьютер жасанды интеллект технологияларын, университет қызметінің негізгі бағыттары бойынша ғылымды қажетсінетін есептеулерді жасауды қамтамасыз етеді. Мұнымен қоса IoT-объектілерді басқару және ұйымдастыру, Smart-технологиялар объектілерін басқару жөніндегі бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу үшін пайдаланылады. Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютердің жоғары өнімділігі 1,94 PFLOPS.

Ұлттық университетпен микроспутник ұшыруды жоспарлап отырған Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университеті ғарыш наноспутниктері бойынша көшбасшы саналады.

а

Бірлескен жоба аясында жер қыртысы мен мантиядағы тығыздық гетерогенділігін анықтау үшін спутниктің арнайы жер станциясы мен таратқышты қамтитын гравиметриялық өлшеу жабдықтарын әзірлеуге бағытталып отыр. Бұл жұмыс үлкен тереңдіктегі геодинамикалық үрдістерді зерттеудің негізгі міндеттерін шешуді көздейді. Тараптардың пікірінше, бірлескен жоба ғарышты зерттеуге, білікті мамандарды даярлауға және ортақ спутниктерді әзірлеуге жол ашады. Сонымен қатар микроспутник арқылы жерді қашықтықтан зерттеу жұмыстарын жүргізуге мол мүмкіндік береді.

Екі ел университеттері ғалымдары бірлесіп жасаған микроспутникті ғарышқа ұшыру Шанхай ынтымақтастық ұйымы жариялаған Экология жылы аясында және қара шаңырақ ҚазҰУ-дың 90 жылдығы қарсаңында жоспарланып отыр.

Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғарышқа наноспутниктерді ұшыру бойынша тәжірибесі бар еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны. Бүгінге дейін оқу ордасы ғарыш айлағына «Al-Farabi-1» және «Al-Farabi-2» наноспутнигін ұшырған еді.

а