Мәдениет • 04 Шілде, 2024

«Жас жүрек жайып саусағын...»

124 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Павлодар қаласындағы С.Торайғыров университеті театр актерлерінің ұстаханасына айналатын уақыт алыс емес. Осыдан бірер жыл бұрын жергілікті оқу орнында актерлік өнер мамандығы ашылған еді. Биыл алғашқы үш түлегін ұшырып, болашақ актерлер мемлекеттік емтиханға дайындаған Чеховтың «Шағала» спектаклін сахнаға сәтті алып шықты.

«Жас жүрек жайып саусағын...»

Торайғыров университетіндегі орын­­даушылық өнер кафедра­сының негі­зінде 2021 жылы ашылған актерлік ма­ман­дықтың қазақша бөлімінде бүгінде 25 жас білім алып жатыр. Бұл маман­дық­тың ашылып, аяғына тұрып кетуіне Ж.Аймауытов атындағы қазақ театрының аға буын актерлері Жұмахан Доспаев пен Гүл­­жанат Омарова көп тер төкті. Ерлі-за­йыпты қос актер театрдағы қызмет­те­рінен қол­дары қалт етіп босай қалса, уни­вер­си­тетке жүгіреді. Ала таңнан қара кешке дейін жастарға өнер нәрін сіңі­ріп, шар қай­раққа салып жанығандай жігер­лен­діріп келеді. Жергілікті жастарды актер­лікке баулысақ деген мақсаттарының алғаш­қы жемісін үлкен сахнадан көріп, көңіл­дері марқайған қос майталман еңбек­те­рінің ақтала бастағанына көздері жеткен­дей.

«Ағаң кезінде сахна саңлақтары Ыды­рыс Ноғайбаев пен Фарида Шәріпованың, өзім Хадиша Бөкеева мен Тұңғышбай Жаман­құловтың сыныбын бітірдік. Осы екі мықты мектептің өкілдері бірлесіп, Кереку жерінде актерлік мамандықтың негі­зін қалауға талпынып жатқан жайы­­мыз бар. Бүгінде мұнда өзіміздің облыс­тың Баянауыл, Ақсу, Успен, Ақтоғай аудан­дарынан және Астана қаласы мен Моңғолиядан жастар келіп білім алып жатыр. Өңіріміздегі қазақ өнері­нің қара шаңырағы – Ж.Аймауытов атындағы Қазақ музыка-драма театрында талантты әрі дарынды актерлер көп. Олардың басым бөлігі – Алматы мен Астана қалаларындағы белгілі оқу орындарын бітіріп келгендер. Өкініш­ке қарай, жас актерлер екі-үш жыл еңбек етіп, тәжірибе жиған соң, республика орта­лықтарына, туған өңірлеріне тартып тұрады. Себебі оларды мұнда тұрақты баспа­­намен қамту қиын, жатақханада тұра­ды, еңбекақылары да мәз емес. Осы­ның кесі­рінен жастар тұрақтамайды. Театрда үнемі актерлер толқыны ауысып жататыны содан. Бұл кемшілікті ағаң екеуіміз бұ­рын­нан айта-айта келіп, ақыры университет басшылығымен келісе отырып, осы бір мамандықты ашқан едік. Оқу орны­ның басшылығы, орындаушылық өнер кафедрасының меңгерушісі Михаил Попон­до­пуло, өзге де өнер азаматтары үнемі қол­даумен келеді», дейді Гүлжанат Омарова.

Жұмахан ағаның айтуынша, студент­тер мұнда 4 жыл оқып, бакалавр мамандығын алып шығады. Өкініштісі, бүгінде актерлік өнер мамандығының толық жүйесі құрылып болмаған. Ең әуелі база жоқ, практикалық сахна да жоқ. Екіншіден, декорация жасап, костюм тігетін арнайы цех та жоқ. Студенттер сахна құдіретін сезінуі үшін базалық тұрғыдағы мұндай материалдық қажеттіліктер аса маңызды.

«Алдыңғы жылы актерлік мамандық бойынша республикада 33 грант бөлінсе, соның 3 грантын біздің студенттеріміз ұтып алды. Ал үшінші курсқа көшкен жастардың төртеуі грантпен білім алып жатыр. Актерлік шеберлік, сахна тілі, сахна­дағы қозғалыс, сахналық жекпе-жек, т.б. актерге ең қажет сабақтарды өзіміз үйре­теміз. Әріптесіміз Дәурен Әділ актер психо­логиясынан дәріс оқиды. Мұның сыртында би өнеріне, пластикалық қозға­лысқа баулитын ұстаздары бар. Арнайы сабақ­тарға уақыт аз бөлінетініне байланысты студенттердің сабағы аяқ­талған соң, түстен кейін жоспардан тыс келіп, қосымша үйре­теміз. Поэзия тіліне үйрету, тілдің мүкіс­тігін жою, түрлі актер­лік жаттығулар жасату, тағысын тағы толып жатқан істерді күнде­лікті ыждағаттылықпен жүргіземіз. Бір бала­мыз «ң» әрпін айта алмай келіп еді, көз ұза­май түзетіп алдық», деп қосты Жұмахан Рыс­құлұлы.

Жуықта актерлік мамандықты тәмам­даған үш түлек – Ақмаржан Абраева, Зау­ра Кенжебаева, Сайлау Төлепберген Ж.Айма­уытов атындағы облыстық музыка-драма театрының кіші залында Чехов­тың «Шағала» спектаклін өзге курстың студент­терімен, ұстаздарымен бірге сахналап, мем­лекеттік емтиханнан сүрінбей өтті. Кейіп­керлер сезімдерінің шиеленіскен көрі­ністерін бейнелейтін төрт перделі тра­ги­комедия сонау 90-жылдардың соңында керекулік театрдың негізгі сахнасында қойылған екен. Классикалық шығарманы араға 26 жыл салып болашақ актер­лер сахнаға қайта шығарып, театр майтал­ман­дарының үлкен бағасын алды. Универ­ситет ұжымы костюм, безендіру, рекви­зит пен гримдеу көп қаражатты талап ететін­дік­тен, театр басшылығына өтініш білдір­ген екен. Театр басшысы Арман Темір­бек қол­дан келген бар көмегін жасап, емти­хан­­ның өз деңгейінде өтуіне себепші болыпты.

«Шағаладағы» Аркадинаның рөлін ойнаған Заура Кенжебаева дипломдық жұмысқа бір жылдай дайындалғанда­рын жеткізді. Заураның арманы – үлкен сахнаға шығып, актриса болу. Алғашқы алған жоғары білімі ағылшын тілінің маманы болғанымен, балалық шақтағы арманы ақыры оны актерлік мамандыққа жетелеп әкелген. «Бала кезімде аудан орталығына театр келсе, анамнан билет сатып алуға ақша сұрап, көруге баратынмын. Сахнадағы актерлердің қимыл-қозғалысын кірпік қақпай бақылап, мен де сондай болсам деген арман-қиялым шарықтап кететін. Мектеп бітірген соң, үлкен қалалардың біріне барып, өнер саласына құжат тапсырғым келгенімен ата-анам рұқсат бермеді. Енді, міне, араға жылдар салып өзіміздің облыс орталығында ашылған актерлік мамандықты тәмам­дап отырмын. Өзімді бақытты сезінемін. Қазіргі уақытта Аймауытов театрына жұ­­мысқа тұруға үміткер ретінде құжат­та­рымды тапсырып қойдым», деп өзінің жоспарымен бөлісті жас маман.

«Жас сананы сахнаға баулуда қандай әдіс-тәсілдерге жүгінесіздер?» деген сауалға Жұмахан аға: «Актерлік өнер – тума таланттардың ісі. Ал оны әрі қарай жетілдіру талант­ты көре білген ұстаздың міндеті болмақ. Жас­тар­ды үлкен сахнаға баулуда классикалық шығармалардың маңызы зор. Себебі актер адам жан-жақты, сырт елдердің мәдениеті мен салт-санасынан, тұрмысы мен дәстүрінен хабардар, поэзиясын, сөз өнерін білетін жан болуы керек. Өзге халықтың менталитетін, мінез-құлқын, сөйлеу мәнерін меңгермей тұрып, класси­ка­лық дүниелерді сахнаға алып шығу мүм­кін емес. Осы себепті біз қазіргі уақытта жас­тарға шығармаларды көбірек оқытуға тырысып жүрміз. Жалпы, актердің көру, есту, иіс сезу қабілеттерінің өзі жұрттан ерекше болуы керек. Музыка өнерін жақсы біліп, әлем елдерінің тарихынан мағлұматы болуын да ескереміз. Осы қасиет­­терді тәулік бойы бойларына сіңіре бер­се, ондай адамнан шебер актер шығады», деп жауап берді.

Бұған дейін актерлік өнер маман­дығының студенттері М.Шахановтың «Танагөзін», М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» қойылымдарын көрсеткен. Ендігі ретте бұл қоржынға А.Чеховтың «Шағаласы» қосылды. Болашақта актерлік өнер бөлімінің репертуары тамаша туындылармен толығып, мазмұнды бола түседі деген сенім зор.

Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының көркемдік жетек­шісі, режиссер Әділет Ақановтың пікірін­ше, жергілікті жоғары оқу орнында мұн­дай мамандықтың ашылуы әбден құптарлық.

«Түлектер тапсырған «Шағала» қойы­лы­мында қазылық етіп, өнерлеріне баға бердік. Соның ішінде Заура деген бола­шақ маманның актерлік қырын ерек­ше атап өтуге болады. Келешекте бұл қыз­ды өзіміздің актерлік құрамнан көріп қала­мыз деген ойдамын. Ал жалпы актерлік бөлімнің жұмысы жолға қо­йылғанын байқадық. Жұмахан аға мен Гүл­жанат апамыз өз ісінің мамандары, олардың шәкірт баулудағы қадамы құп­тарлық. Дей тұр­ғанмен, жыл сайын шәкірт жинау қиынға түседі әрі оқу орнын бітірген жастарға жұмыс орнын табу машақат болады деп ойлаймын. Сон­дықтан бөлімге әр төрт жылда бір рет та­лап­керлерді қабыл­даса дұрыс болар. Бұл әрі кадрларды сапа­лы даярлауға да мүм­кіндік береді. Ауыл­дарда қаншама жас таланттың бары анық. Солар біле­тін­дей етіп, аудан-қала­лар­да жарнама­сын жа­саса да дұрыс болар еді», деген ұсы­ны­сын жеткізді Ә.Ақанов.
Театр майталмандарының айтуынша, актердің жұмыс құралы – өзі, әсем жү­рісі, ширақ қимылы, мың түрлі мими­ка­сы, әуезді үні, дауысы және өзіне тән ха­ризмасы. Актер адам қашанда өзін тоқ­таусыз дамытып, қимыл ептілігін, дауыс мүмкіндігін үнемі жетілдірумен қа­тар, іштей түрленуге тырысады. Осы­­ның барлығын бір арнада игеріп тоғыс­ты­ра білсе, өз орнын кез келген ортада ай­шық­тай­тыны айқын.

Осылайша, Кереку жерінде қазақ ­театр өнерінің жас актерлерін даярлайтын жаңа бір ұстахана пайда болып келе жатыр. Келешек жас дарындар Жұмахан Доспаев, Гүлжанат Омарова мектептерінің өкілдеріміз деп мақтанышпен айтып жүрер болса, бар ынта-жігерін бұл іске арнап келе жатқан қос сахна майталманының еңбегінің ақталғаны болар еді.

Павлодар облысы