Ғылым • 04 Шілде, 2024

Инновациялық даму мүмкіндігі

33 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрлігі ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен «Ғылым және технологиялых саясат туралы» жаңа заңды әзірлеу және қабылдау бойынша шын мәнінде үлкен жұмыс атқарды.

Инновациялық даму мүмкіндігі

Фото: ult.kz

Заң ғылымды дамытуға және еліміздің ғылыми идея­лар мен ғылыми әзірлемелерге негізделген жоғары технологиялық, инновациялық даму жолына түсуіне зор мүмкіндік береді.

Заңның қабылдануы ел экономикасын дамытудың жоғары технологиялық жолына бірден әрі жылдам өтуіне кепілдік береді деген сөз емес. Ол үшін бұл бағытта ғылым мен бизнестің шынайы интеграциясы болуы қажет. Соның негізінде ғана инновациялық даму жолына түсеміз. Ол үшін қиындықтарды еңсере отырып, үздіксіз жұмыс істеуге тура келеді. Қазір біз дамудың тек алғашқы сатысында тұрмыз. Бизнес пен ғылым, атқарушы билік пен ғылым арасында сенімсіздік пен түсініспеушілік бар. Осы кедергіні жою үшін не істеу керек? Ең алдымен, дамыған елдердегідей олардың тәжірибесін мұқият зерттеп, университеттер, ғылыми зерттеу институттары, мүмкін әкімдіктер жанынан инновациялық орталықтар құру қажет. Ал бұл жерде стартапқа, ғылыми идеяны, ғылыми әзірлемелерді әкелу үдерісін сауатты, тиімді құруға баса назар аудару керек. Одан кейін ішкі және сыртқы нарыққа шыға отырып, инновациялық өнімдерді кең ауқымды, өнеркәсіптік түрінде өндірген абзал. Мұндай сауатты үрдіс болмаса, инновациялық орталықтарды құрумен ештеңеге қол жеткізе алмаймыз. Ал дамыған елдердің тәжірибесін зерделеу кезінде осы үдерістің құрылысын мұқият зерделеу керек.

Осындай инновациялық орталықтарды Алматы қаласынан құруды бастау қажет. Өйткені еліміздің ғылыми әлеуетінің 70 пайызы, бизнес пен әлеуетті инвесторлардың 30 пайызға жуығы осында орналасқан. Ғылым мен бизнестің мұндай орасан зор әлеуетін ғылымды коммерцияландыруға пайдаланып, осы тәжірибені әрі қарай елімізде кеңейткен жөн. Бұл бір айлық немесе бір жылдық жұмыс емес. Тәжірибелі, ғылыми идеяны, әзірлемені стартапқа дейін жеткізе алатын, ғалымдар мен кәсіпкерлер, инвесторлар арасында тиімді байланыс орнатуға қабілетті, коммерцияландыру мамандарының бірнеше жыл бойы тынымсыз жұмысын талап ететін үдеріс. Ең бастысы, «Ғылыми-техникалық саясат туралы» заң еліміздің жоғары технологиялық дамуы үшін мықты заңнамалық негіз береді. Осы заңды негізге ала отырып, ғылыми әлеуетімізді дамыта аламыз.

Жұмабай ДІЛМАНОВ,
Ғылымды коммерцияландыру
одағы төрағасының орынбасары