Футбол • 04 Шілде, 2024

Түркияны төрге оздырған Демирал

74 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Еуропа чемпионатында тың статистика тіркелді. Түркия құрамасы Аустрия футболшыларын 1:2 есебімен жеңіп, ширек финалға шықса, Нидерланд құрамасы Румыния футболшыларын теңбіл доп тойынан ерте қайтарды.

Түркияны төрге оздырған Демирал

Румыния құрамасы Еу-Румыния құрамасы Еу- ропа чемпионатына алғаш 1984 жылы қосылып, содан бері ара-тұра құр­лық аламанынан бой көр­сетіп жүр. Олардың Еуропа чем­пионатындағы ең жоғары жетістігі – 2000 жылғы ширек финалға шығуы. Сол биігіне шығуға қарға адым қал­ғанда сүрінген румындар да футбол тойынан ерте қайтуға мәжбүр болды. Дегенмен де Ру­мы­ния құрамасы биылғы Еу­ропа чемпионатының топтық кезеңінде Бельгия, Сло­вакия, Украина құрамаларына қарсы ойнап, Е тобынан көш бастап шығуы – өзі зор нәтиже. 

Құраманың капитаны Ни­колае Станчу бұл матч­та же­ңіске жетеміз деп сенімді шық­­қанын, жігіттердің барын сал­ғанын айтты. Топтық кезеңде көш бастап шығуы құрама ойыншыларының орасан еңбегі екенін мақтанышпен жеткізді.

 «Румын футболының да күні туатын шақ жақын қалғанын дәлелдедік. Еуропа чемпионатын топтық кезеңнен асып аяқтадық. Бұл да біз үшін зор нәтиже саналады, жігіттердің барлығына да алғыс айтамын», деді Румыния құрамасының бас бапкері Эдвард Йорденеску. Румындар 1-таймда 20 минут бойы басымдықты тізгіндеп, қарсыластарын кәдім­гідей тықсырған. Бірақ жара­қат­танып 38-минутта алаңнан кеткен қорғаушы Могостың жоқтығы Румыния құрамасына қатты батты. 

Нидерланд футболшылары Румыния құрамасының қақ­пасына 3 гол тоғытты. Коди Гакпо 20-минутта есеп ашып берген, Дониэлл Мален 83-минутта нә­тижені еселеп қана қоймай, 90+3-минутта үшінші голды соқты. Осылайша, биылғы Еуропа чемпионатында дубль жасаған алғашқы ойыншы атанды. 

1976 жылы Еуропа чемпионатында 3-орын олжалаған Ни­дерланд құрамасына 40 жылдан бері құрлық аламанының жүлдесі бұйырмай келеді. 

Елуді еңсерген Винченцо  Монтелладан тәлім ала­тын Түр­кия футболшылары Аус­трия құ­рамасын 1:2 есебімен ұтып, ширек финалға жетті. Бұл ойында да тарихи статистика тіркелді. Бұрыштамадан аспандап жеткен допты қақпада тулатқан Мерих Демирал 1-минутта-ақ есеп ашты. Еуропа чемпионатының тарихына бұл көрініс плей-офф кезеңіндегі ең жылдам соғылған гол есебінде тіркелді. 59-минутта стандартты шабуылдан Демирал екінші голын еншісіне жазды. Аустрия құрамасының қа­рымта шабуылының бірі 66-минутта бұрыштама арқылы өрбіп, Михаэль Грегорич есеп айырмасын қысқартқанымен, еш қайран болмады. Бұл матчтағы 3 гол да стандартты шабуыл – бұ­рыш­тамадан соғылды. 1980 жылдан бері Еуропа чем­пионатының финалдық кезеңінде мұндай дерек тіркелген емес. 

Демиралдың соққан 2 го­лының арқасында Түркия құ­рамасы ширек финалға 2008 жылдан бері алғаш рет шығып отыр. Матчтың мер­гені атанған Мерих Демирал екі голдың соғылуына бас бапкер-дің кө­мек­шісі Селшүк Шахиннің де еңбегі ерен екенін жеткізді. «Бас бапкердің ассистенті Селшүк Аустрия құрамасының стан­дартты шабуылды тойтаруда қау­қарлы емес екенін айтты. Арда Гүлердің бұрыштамадан ас­пандата жеткізген добын голға ұлас­тырдым. Арда – өте талантты ойыншы, жастығына қарамай өте аңғарымпаз, Түркия футболының жарық жұлдызы атанатын шағы алда», деді Демирал. Түркия ойыншыларының ширек финалға шығуына қақпашы Мерт Гүнөктің де қосқан үлесі зор. Ол Аустрия құрамасының бірнеше шабуылын тойтарды. 

Түркия құрамасы ширек финалда Нидерланд футболшыларына қарсы ойнайды.

Ширек финал. 5 шілде

Испания – Германия

Португалия – Франция

6 шілде

Англия – Швейцария

Нидерланд – Түркия