Мирас • 03 Шілде, 2024

Айдос шеберден қалған мұра

288 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінде қолөнерші, шебер Айдос Мұратұлының қолынан шыққан асадал, киіз үйдің сықырлауық есігі, әртүрлі пішіндегі сандықтар мен қобдишалар, сүйекпен көмкерілген аттың ері тұр. Ол –ағаш, тері, сүйектен тамаша дүниелер жасаған қазақ қолөнершілер мектебінің ХХ ғасырдағы соңғы тұяқтарының бірі. 1933 жылы Қазақстанның Оқу ағарту комиссары болып тағайындалған Темірбек Жүргенов Айдос шеберді Алматыға Қазақ ұлттық опера және балет театрын безендіруге, сахналық қойылымдарға ұлттық бұйымдар жасауға шақыртады. Ұлттық театр алғаш шымылдығын 1934 жылдың қаңтарында М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» операсымен түргенін білеміз. Сахналық қойылымдардағы әртістердің киімінде, ғимараттың қабырғасындағы ою-өрнектерде 54 жастағы Айдос шебердің де қолтаңбасы қалды. Осы еңбегі үшін Айдос Мұратов 1945 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

Айдос шеберден қалған мұра

Ол 1880 жылы Шалқар ауда­ны қазіргі Айшуақ ауылдық округіндегі шағын ауылда дү­ниеге келген. Кеңес өкіметі жылда­рында осы ауыл №13 Елтай ауылдық кеңесі деп атал­ған. Шалқар аудандық тарихи-өлке­тану музейінің директоры Нағима Тілембаеваның айтуын­ша, жас­тайынан қолына біз алып, киіз үйдің көлеңкесінде ауыл адам­дарының ескі етіктерін жамап отырған жасөспірімнің әре­ке­тін бастапқыда әкесі Мұрат Сы­дық­ұлы жақтыртпайды. Бұл 1895 жыл­дардың шамасы. Бұйрат-бұй­рат құмдардың ортасында, Арал теңізіне жақын Құланды мүйісінің маңын мекендеп отырған ауыл. Шөбі сирек, жері ыстық, құмды. Теңіз бойымен Үстірттің шығыс кемері созылып жатыр. Оның арғы басы –Хиуа. Хиуа мен Хорезм медреселерінен оқыған ишандар Аралдың Құландысында мешіт-медресе ашып, бала оқытты. Үстірт бойындағы қазақ ауылдары Сам асып, Хиуамен сауда жасады. Айдос шебердің қолөнершілігінің артын­да осындай үлкен мектеп тұр. Әкесі ұнатпаса да, Айдос етік тігуді тастамайды. Ер адамдардың саптама етігі, кебіс, ұзатылатын қыздардың түрлі таспен әсемделген өкшелі аяқкиімі ең өтімді тауарға айналды. Теріні өзі өңдеп, қажетті құралдарды Хиуадан алдыртады. Нағима Тілембаеваның айтуынша, біраз уақыт Айдос етік тігуді қойып, ауыл мешітінде бала оқытады. Кейін молдалықты тас­тап, қайтадан сүйек, тас, ағаштан тұрмыстық бұйым жасауға көше­ді. Ол Құландыдан құм ара­сындағы ­ау­лына тақта тастар әке­ліп, қайтыс болған жандардың бейітіне құлпытастар жасаумен де айналысады. Ертеде қазақ ауылында араб графикасымен өрнектеген құлпытас жасайтын тасшылар да ерекше құрметке ие болған.

Кеңес өкіметі жылдары Үл­кен Бор­сық, Кіші Бор­сық­ құм­дарында, Үстірт бойын­ ме­­кен­­деген ауылдарда ағаш кереует, тамақ сақтайтын асадал, сандық, қобдилар жасаған. Ше­бердің қолынан шыққан дүниелер 70-жылдарға дейін Шалқар ауданындағы көп үйдің төрінде тұрған. Мал сүйектерінен ша­ғын қобдилар жасап, сандық, асадалдың бетін өрнектеуге қол­дан­ған. Аудандық музейдегі Айдос шебердің бұйымдарының ағашы тозса да, өрнектері мен бояу­­­ы өңін бермей тұр. Кебе­же, қобдиша, асадал бетінде өсім­дік тектес өрнектер басым. Көбі­­не қызғалдақ кескінделген. Гүлі, сабақтары, жапырақтары аса дәл­дік­пен өрнектелген. Ше­бер қызыл, жасыл бояуды көп пайдаланған. Ол аттың ер-тұр­ма­нын да жасаған. Музейде тұр­ған тағы бір дүние –1951 жылы Айдос ақсақалдың баласы Ілияс­қа арнап сүйектен көмкеріп жаса­ған ері.

Шебер қартайғанда ба­­ла-ша­ға­сымен Шалқар қала­сын­дағы Үр­ге­­нішбаев көшесінде тұрған. Қазір ол үйде мемо­риал­­­дық тақ­та орнатылған және Айшуақ аулында да шебер атын­дағы көше бар. Айта кету керек, Айдос шебердің дү­ниелерін 1965 жылдан бас­тап ел ішінен ең бірінші болып жи­на­ған Ақтөбе облыстық тарихи-өл­ке­тану музе­йін көп жыл бойы бас­қарған, марқұм Рысжан Ілия­со­­ва еді.

Ақтөбе облысы