Пікір • 29 Маусым, 2024

Балық та ауырады

280 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Балықтың инвазиялық аурулары – балық өнімділігін те­жейтін басты фактор. Сондықтан балық өсетін су қой­маларында ихтиопаразитологиялық жағдайды дер кезінде айқындап, табылған ауру түріне қарсы күрес жолдарын ұйымдастыру өте маңызды. Елімізде балық ресурстарына бай ірілі-ұсақты 48 262 көл мен 85 мың өзен бар. Олардың жалпы аумағы 7,5 млн гектар шамасында.

Балық та ауырады

Су айдындарының ең ірі­­лері – Каспий, Арал теңіздері, Бал­қаш, Алакөл, Зайсан көл­дері, Қап­­­шағай, Бөген, Бұқ­тыр­ма су қой­малары, Жайық, Ертіс, Есіл, Сырдария, То­был, Нұра өзен­дері. Каспий­де дү­ние­жүзін­­­дегі бекіре балық­та­ры­ның 80%-ы шо­ғырланған.

Ветеринариялық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз етудің қа­зір­гі жүйесі балықтар мен басқа да су жануарларының эпи­зоотиясының ерекшелікте­­рін, соның ішінде олардың ауруын­ диагностикалауды, алдын алуды және емдеуді то­­лық қамтымайтынын атап өткен жөн. Мысалы, биыл мамырда белгілі болғандай, Астана қаласында 100-ден аса өндіріс­тік орын санитарлық қадағалау­дан өтпеген өнімдерді саудаға салыпты. Кейбір зертхана­ларда зерттеу жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Сауда орын­дарына түскен балықтар аудандық зертханаларда тексе­рілмейді, себебі ауланған ба­лық ол жерге жетпейді, ал жете қалғанның өзінде тексеретін маман да жоқ.

Балықтарда балаңқұрт ке­зінде тіршілік ететін кей­бір паразиттер адам ағза­сына немесе етқоректі жа­нуар­ға түсіп, ауру тудыруы мүм­кін. Республикалық ветери­на­рлық зертхананың ихтио­паразитарлық және ғы­лы­ми экспедициялардың зерт­теуімен елімізде адам мен ет­қо­ректілерге қауіпті 13 инва­зиялық ауру анықталған. Олар – опис­торхоз, меторхоз, анизакидоз, контрацекоз, порроцекоз, эустронгилидоз, апофаллоз, гнатостомоз, эхинохазмоз, метагонимоз, диоктофимоз, дифиллоботриоз, псевдамфистомоз.

Каспий теңізінде және Жайық, Қиғаш өзендерінде паразиттің 28 түрімен залал­данған балықтар анық­тал­ды. Тексеру барысында балық­тардың ішінде адам мен ет­қоректілердің денсаулығына өте қауіпті анизакис, порроцекум, контрацекум, эустронгилидес және опистор­хис балаңқұрттарымен за­қымданған балықтар бары дәлелденді. Анизакидоздар (анизакис, порроцекум, контрацекум) қоздырғышының балаңқұрттары каспийлік, дол­гиндік пен үлкен көзді май­шабақ, беріш, көксерке, ақ­марқа, қылышта, жайында, те­ңіз көксеркесінде, парсы және орыс бекіресінде, шоқыр, табан, балпан, қаракөз, шабақ, тікенді балық, айнакөз, көктыран, кутум және алабұғада табылды. Анизакидоз Каспийде ғана табылып тұрған жоқ, шетелдерден келетін балықтарда да жиі кездесіп жатады.

Ғылыми экспедициялар­дың дерегінде эустронгилидоз қоздырғышы – Жайық, Қиғаш, Марқакөл, Балқашта, анизакидоз – Жайық, Қиғаш, Бұқтырма су қоймасында, контрацекоз – Арал, Сырдария, Бұқтырма су қоймасында, Іле, Шу, Талас, Балқаш, Алакөл, Билікөлде, порроцекоз – Жайық, Сырдарияда, гнатос­томоз – Аралда, диоктофимоз – Сырдария және Аралда, апофаллоз, метагонимоз, псевдамфистомоз, эхинохазмоз, дифил­лоботриоз қоздырғыштары Кас­пийде тір­келгені баяндалған.

Бізде описторхоздың бір­неше табиғи ошағы қалып­тасқан. Ертіс өзенінің алқа­бы гельминтоздың ірі ордасы екен. Табиғи ошақ санатына Қарағанды су қоймасынан бас­тап, Қорғалжын көлдеріне дейін созылып жатқан Нұра өзені, оған қосылатын Шолақ, Көктал, Шалқар, Есей, Жәнібек-Шалқар, Сұлтангелді, Біртабан сияқты көлдер жатады. Сон­дай-ақ Шідерті, Сілеті, Ырғыз, Торғай, Сарысу өзендері мен көктемде суы қосылатын көл­дерде, Құланөтпес, Есіл өзен­дерінде, Шығанақ-Шідерті ала­бындағы көлдерде, Торғай-Шал­қартеңіз алабындағы, Ырғыз, Ұлы-Жыланшық, Қабырға-Тор­ғай алабындағы өзендерінде, Сары-Қопа-Тобыл алабындағы көлінде, Қарасөл көлінде, Бай­қоңыр, Ойыл, Қамысақты өзен­дерінде описторхоздың табиғи ошақтары анықталған.

Осы аурулардың адамдар арасында таралуына себепші болып отырған төмендегі мәсе­лелерге тоқталайық. Бірін­ші­ден, арнаулы сату орындары­нан басқа жерлерде (базар­лардың және дүкендердің жанында, көшелерде) зертханадан өтпеген балықтар жиі сатылады. Екіншіден, саты­лымдағы балық қандай су қой­маларынан аулан­ғаны бел­гі­сіз, өйткені көбіне қол­да­рын­да ветеринарлық құ­­жат болмайды. Үшіншіден, базар­­дағы зертханалардың көп­­шілігі жекеменшік қолда, сон­­дықтан балықтарды зерттеу жұмыстарының сапасын қадағалау қиындық тудырады. Төртіншіден, балық өңдеумен айналысатын адамдар алдын алу шараларын сақтауға тиісті, оның ішінде шикі балықтың тартылған етінің және ба­лық­тың шикі өнімдерінің дәмін татуға болмайды, уақытында қалдықтарды залалсыздандыру керек. Бесіншіден, балық­тың қалдығын көлге және қоқыс төгетін жерге тастауға, шикі балық пен қалдықтарын үй жануарларына беруге болмайды.

Жалпы, қауіпсіздік және санитарлық нормалардың та­лаптарына сәйкес зертхана­ның зерттеу нәтижесінде адам ден­саулығына және етқо­рек­тілер­ге қауіпті тірі ба­лаң­құрт­тары (ме­тацерка­рий­лері) анық­тал­са, балық пен өңделген өнімде­­рін сатуға тыйым салынады. Мұн­дай өнімдер «шартты жарам­ды» немесе «жарамсыз» санатына ­ауыстырылады. «Шартты жарамды» балықты тұздау, тоңазыту, ыстау немесе консервілеу жолымен өңдеуден өткізгеннен кейін ғана қолдануға болады.

Тұздау кезінде балық етінде тұздың массалық бөлігін 14%-ға жеткізе отырып (яғни 1 кг ба­лық салмағына 140 грамм тұз, тұздаудың бірінші күнінен бас­тап +1, +2ºС температурада), тұздықтың тығыздығы 1,20 болуы керек. 10, 25 см-ге дейінгі ұсақ балықтарды – 21, ал 25 см-ден жоғары ірі балықтарды ­40 тәу­лік тұздықта ұстау қажет.

 

Сәдібек ТОҚПАН,

ветеринария ғылымдарының кандидаты