Технология • 28 Маусым, 2024

Жасанды зерденің жемісі

79 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір елімізде цифрландыру саласы дамудың негізгі факторына айналып отыр. Әсіресе экономиканың түрлі саласына жасанды интеллектіні енгізу белсенді қолға алынды. Осы бағыттағы озық технологияларды дамытуда стартап жобаларының рөлі жоғары. Бұл тарапта еліміздегі әр сала бойынша жоспарланған стартап жобаларына, резидент компанияларға, білім беру саласына, бизнес-бағдарламаларға қатысушыларға, ақпараттық қолдауды қажет ететін перспективалы жобалардың ілгерілеуіне көмектесіп жүрген елордадағы Astana Hub технопаркінің атқарып отырған қызметі зор.

Жасанды зерденің жемісі

Фото: inbusiness.kz

Мәселен, аталған технопарктің қызметкері Азамат Күленбаев стартап жобалардың елімізде жылдам дамуына нарық қана емес, адамдар да дайын болуы керектігін айтады.

«Шынымен де оны қоғам мен нарыққа енгізу дайындығы маңызды. Алдымен интернет жүйесіне әр сала бойынша ақпарат енгізу, ізденушінің жұмысын жеңілдету үшін мәліметтерді көбейту керек. Қазір технология дәуірі десек те, бәрі де адам қолымен, ойымен жасалады. Сондықтан да интернет жүйесін байытуымыз керек», деді ол. Ал стартап жобаларының менеджері Руфина ханым қазір елімізде жасанды интеллект әртүрлі стартаптарға енгізіле бастағанын жеткізді.

«Мысалы нарықтың даму заманында, инвесторлардың жұмысын жеңілдету үшін де «AI» көмекші бола алады. Белгілі бір мәтінді өңдеуде де, оқуда да жасанды интеллектіні пайдаланса жұмыс жеңілдейді. Айталық, оқушылардың, студенттердің білім алу қабілетін арттыру үшін, педагогтер, ғалымдар арнайы оқу бағдарламасын құрастырып енгізсе, дәрігерлер науқаспен көзбе-көз кездеспей, белгілі бір бағдарламалар арқылы жасанды интеллект негізінде алғашқы медициналық нұсқау бере алады. Жасанды интеллекті бағдарламасы бізде жоқ деп айта алмаймыз. Себебі біз карантин кезінде жаппай онлайнға көшіп, оның алғашқы жолын үйрендік. Қазір оны тек дамыту қажет», деді білікті менеджер.

Қысқасы, стартаптар мен инновациялық жобаларды жетілдіру арқылы еліміз жасанды интеллектіні пайдалану мен дамытуда көшбасшы бола алары анық. Бастысы, оны қолдасақ, экономикамыз одан әрі дамып, азаматтардың өмір сүру сапасы жақсара түседі деп ойлаймын.

 

Дулати Еңсенов,

Astana IT университеті журналистика факультетінің 3-курс студенті