Егемен Қазақстан • 27 Маусым, 2024

Журналистика – өмір бойы үйренетін мамандық

71 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінің редакция ұжымы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің студенттері мен жас журналис­терге арнап семинар-кездесу өткізді.

Журналистика – өмір бойы үйренетін мамандық

Бұл студенттердің көп­шілігі өндірістік тәжі­рибені «Egemen Qa­zaqstan» газетінің редак­циясында өткен болатын. «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет жуырда қа­был­данған «Масс-медиа туралы» заңның артықшылығы мен медиа өрістегі жаңашылдық туралы сөз қозғады. «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп қазақ журналистикасының қара шаңырағы саналатын ұжымда жас журналистер тәжірибеден өткенде шыңдалып қана қой­май, өзіндік жазу машығын қалыптастырып танылуына да мүмкіндік зор екенін айтты. «Журналистика өрісінде өзіндік дәстүрі, соны соқпағы бар стихия­сы өзгеше ұжымнан жастардың үйренері мол. Жазу өнері бойы­на дарыған жас журналисті те­леарнаға, журналистиканың қай саласына салсаң да, кібір­тіктемейді, ал телеарнадағы қыз­меткердің кейбірі газетке ма­қала жазуда ойы шашырап, шатқаяқтап қалатыны белгілі. Газет ұстаханасының ұстыны қаншалықты салмақты екенін осыдан да аңғаруға болады», деді Ғ.Мүсіреп.

Бас  редактордың орынбасары Талғат Батырхан: «Журналистика – қызық мамандық. Үнемі із­деністе жүресің, айналаңнан, ортаңнан үйренесің. Тек өзің қызмет істейтін редакциядағы қызметкерлердің жазу машығын ғана емес, өзге ұжымдағы әріп­тестеріңнің де тақырыпты қалай толғап жазғанын, мәліметті қалай мәйекті жеткізгенін оқып та білігіңді шыңдайсың. Бір шараны жазуға бірнеше журналист барады, солардың әрқайсы ақпаратты, болған іс-шараны өз деңгейіне сай жазады. Бірі естімей қалған мәліметті, деректі екінші журналист зердесіне түйіп ап ақпаратына қосуы мүмкін. Көп оқу да керек, бірақ сол оқығаныңды тоқып қана қоймай қағазға түсіре білу де сөз өнері саналады», деді.

Жас журналистер газет редакциясында өткізген өндірістік тәжірибе барысында көп жайтты көкейге түйгенін айтты.