Талбесік • 19 Маусым, 2024

Шәулі қырандар қандай құс?

218 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ даласы – құсбегіліктің отаны. Егер де халқымыз әлем этнографиясына нендей үлес қосты дегенге тоқталсақ, ұлтымыздың бекзат өнері құсбегілікті айтар едік. Өйткені көк аспанда еркін самғап жүрген қыран құстарды жерге түсіріп, оны қолға үйретіп, аңшылық кәсіпке баулыған һәм оны классикалық түрде жетілдірген жұрттың бірі – біздің бабаларымыз.

Шәулі қырандар қандай құс?

Қазақ құсбегілері қыран құс­тарды дене бітімі һәм алғыр­лығы мен тұқым-түріне байланысты бірнеше түрге бөліп, жіктеген. Академик Әлкей Марғұлан қыран құстың аң ұстайтын қарымы мен ілу ерекшелігіне қарай екі топқа жіктейді. Бірінші топқа бүркіт тектес үлкен құстар қамтылса, екінші топқа ұсақ құстарды жатқызып, оларды «шәулі қырандар» деп атаса (Марғұлан Ә.Саят құстары. Астана, 2014 – 12-б.), бұл та­қырыпты жіті зерттеген этнограф Бабақұмар Қинаятұлы: «Шәулі деп ұсақ қырандарды айтады», депті. Ақан сері өзінің «Көкжендет» дейтін алғыр лашын құсына арнап шығарған әнінде: «Көкжендет, тұғырың алтын, маржан баулы, Тұрушы ең ағаш үйде асыраулы, Алпыс қаз, тоқсан үй­рек бір күнде алған, Құс қайда Көк­жен­деттей қыран шәулі» деп шәулі қыранды суреттейді.

Академик Әлкей Марғұлан болса, шәулі қырандарды: сұңқар және қаршыға тектес деп екіге бөлген екен. Сұңқар тектестерге:  сұңқар,  ақ сұңқар, лашын, жағалтай, тұрымтай, күйкентай,  бидайық, ителгі жатса, қар­шыға тектес­терге: қаршыға, ақ тұйғын, қырғи,  тұн­жырды жатқызыпты. Сондай-ақ филология ғылымдарының докторы, жазушы-аудармашы Сейділ Талжанов: «Жағалтай лашынның кішірек түрі, тұрымтай ителгінің ұяласы, қырғи қар­шы­ға тұқымдас, бидайық, тұйғын деген­дер бөлек құс емес. Бидайық деп лашын­ның қыранын айтады. Тұйғын дегеніміз – қаршығаның  еркегі» дейді. 

Шәулі қырандардың аң қағу тәсі­ліне тоқталсақ, қаршыға тектестер құйын тәрізді ұйытқып сыпылдай ұшса, сұң­қар тектестер сыпырта, ағы­зып ұшу мәнерін қолданады. Бұлар олжасын ұстағанда ату, сыпырту, түю тәсілдерін қолданады. Атам қазақтың «қыран құс қисық ұшып, түзу іледі» деген сөзі осы.

Қазақ құсбегілері шәулі  құстардың аң  ілуін екі түрге бөледі. Біріншісі – іліп түсетіндер. Ондай қырандардың тұяқтары салалы, ұзын әрі өткір қармақ тәрізді болады. Олар олжасын қуып жү­­ріп, іліп ұстайды. Ондай сипат тұй­ғын, қырғи тәрізді шәулі қырандарға тән. Екіншісі – теуіп түсіретіндер. Оған  ителгі, бидайық, лашын, жағалтай және сұңқар жатады. Қазақ құсбегілері шәулі қырандармен  аққу, қоңыр қаз, сарыала қаз, үйрек, ұлар, бұлдырақ, шіл, кекілік, ақ құр,  дуадақ, безгелдек, жорға  дуадақ, шыңырау, тарғақ, бөдене, бұлдырық сияқты дала құстарын аулайтын болған.