Фотогалерея • 18 Маусым, 2024

Орнитологтерге арналған айрықша еңбек

277 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ орнитология ғылымы аса құнды еңбекпен толықты. «Қазақстан құстары. Далалық анықтағыш» деп аталатын бұл кітапта ел аумағында кездесетін 500-ден астам құстың толық сипаттамасы жүйелі берілген. Барлық құстың қазақша атауы түгенделіп, биотобы, таралу аймағы және басқа да көптеген мәлімет қамтылған.

Орнитологтерге арналған айрықша еңбек

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Бұл құнды еңбектің түпнұсқасы (орыс тілінде) В.К.Рябицев, А.Ф.Ковшарь, В.А.Ковшарь, Н.Н.Берёзовиков сынды ғалымдардың құрастыруымен алғаш 2014 жылы жарық көрген еді. Енді, міне, Қазақстандағы биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы «Шеврон» компаниясымен серіктестікте жүзеге асыратын «Students for Nature» жобасы аясында қазақ тіліне аударылып, бұрын кеткен кем-кетіктерін түзетіп, қайта шығарып отыр. Анықтағышты қазақ тіліне кәсіпқой зоологтер, қазақ тіліндегі зоология оқулықтарының авторлары Бірлікбай Есжанов пен Қылышбек Мұсабеков аударды.

л

Кітаптың тұсаукесер кешінде Қазақ­стандағы Ұлыбританияның елшісі Кэти Лич, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитетінің төрағасының орынбасары Андрей Ким, Қазақстандағы био­алуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСҚ) ғылыми директоры Сергей Скляренко, Шеврон компаниясының әлеуметтік инвестиция жөніндегі кеңесшісі Лейла Айтмұханова және кітаптың құрастырушысы, орнитолог Виктория Ковшарьлар қатысты.

Жиында сөз алған Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич ханым: «Кітап қазақ тілінде болғандықтан, сөзімді түгел қазақша айтайын» дей келе, еңбекті жоғары бағалады.

«Қазақстан құстарын зерттеп, үлкен жұмыс атқарған кітап авторлары мен аудармашыларын құттықтаймын. Тұ­саукесерге келуімнің екі себебі бар: біріншіден, ҚБСҚ – біз үшін ерекше серіктес, өйткені бұл ұйым RSPB-мен бірге көп жыл бойы ақбөкенді зерттеу саласында жұмыс істеп келеді. Айтпақшы, мен де RSPB-да жұмыс істегенмін. Сол себепті ҚБСҚ-тың жұмысын жо­ғары бағалаймын және оларға қолдау көрсеткім келеді. Екіншіден, табиғатқа көңіл бөліп, экожүйеге, жануарлар мен өсімдіктерге қамқорлық жасау – қазіргі кезде өте маңызды. Жас­тарға табиғатты қорғауды үйрету қажет. Био­әралуандықты сақтауға тал­пын­ған жұмыстарыңыз берекелі болсын. Болашақ ұрпақтың сіздердің бұл істеріңізге риза болатынына сенімдімін», деді елші ханым.

Кітап орнитология мен құстарға қызығатын адамдарға арналған. Әрбір құстың бірнеше суреті, таралуының сызба картасы мен сипаттамасы берілген. Бұл еңбек университеттерге, мектептер мен кітапханаларға тегін таратылмақ.

дд

«Мұндай құнды кітаптың шығуына мұрындық болу – біз үшін үлкен мәртебе. Орысша шыққан нұсқасына 10 жыл болды. Енді бұл кітаптың құны арта түсті. Орнитолог ретінде айтсам, расында еліміздегі құстар әлемі әлі күнге дейін толық зерттелмеген еді. Өйткені кәсіби тұрғыда орнитологиямен айналысатын мамандар саусақпен санарлық. Ел аумағы өте үлкен. Қазақстан құстарының тізімі жылдан-жылға артып келеді. Жыл сайын қоныс аудару кезінде бұрын елімізде тіркелмеген құстардың түрлері ұшып өтеді. Соның бәрі осы еңбекте қам­тылды. Сондықтан бұл еңбектің маңызы зор», дейді ҚБСҚ ғылыми директоры, биология ғылымының кандидаты, орнитолог Сергей Скляренко.

Іс-шарада кітап авторлары орнитолог ғалымдар және басқа да ресми өкілдер өз лебіздерін білдірді. Сондай-ақ тұсаукесер кешінде «National Geographic Qazaqstan» журналы ұйым­дастырған «Қазақстан құстары» фотокөрмесі ашылды. Көр­меде еліміздің орнитофаунасының әралуандығын суретке түсірген кәсіби фотографтардың жұмысы қойылды.