18 Маусым, 2010

ТАУ ТҰЛҒАЛЫ ҚАЙРАТКЕР

716 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Қалың көпшілік түгілі, білімді са­на­латын топтағылардың да көбісіне кәдімгі Күннің жаратылысы тылсым сыр секілді. Ол ол ма, қарапайым көзге тек қана қара тастардың жиынтығы секілді болып көрінетін таулардың өзі өсудің жемісі екенін көпшілік біле бермейді. Ал таулар бол­са, кәдімгі тіршілік иелері секілді өседі. Осы тұрғыдан алғанда жер бе­тіндегі бірқатар таулар “кәрі таулар”, ал Алатау “жас таулар” тобына жатады. Қы­зық, қызық болса да, ақиқат осы. Біздің Жер де ғаламдық кеңістіктегі өсу­лердің жемісі. Бірақ өсудің өз құпиясы бар. Кез келген қара тасты алып, бір жерге қоя салсаң, оның өсуі мүмкін емес. Демек табиғаттың өзінде өсу деген құбылыс уақыт кеңістігінде бір-біріне байла­ныс­тылықта даму дегенді білдіреді. Тү­сі­нік­тірек болу үшін гүлге немесе ағашқа су құю керек екенін айта кеткен жөн. Сон­дай-ақ егістік алқаптар топырағы тыңайтқыштармен байытыл­ғанда ғана өнімдірек болады. Мінеки, байқап отырсақ өсулерге де осындай шартты қажеттіліктер керек екен. Адамзатқа, оның ішінде жеке тұлғаға қатысты да осылай деуге болады. Уақыт кеңістігінде барлық қажеттіліктерді жинай алғандар ғана өсіп шығады. Ай­талық, АҚШ мемлекетінде толып жатқан президенттер қызмет атқарды. Бірақ со­лардың ішінде санаулылары ғана та­нымал және ел сыйлайтын тұл­ғаға ай­налды. Осындайда қиын кездерде осынау алып мемлекетті басқарып, ала­пат дағ­дарыстардан шығарып қана қой­май, со­нымен бірге бүкіл дүниежүзілік дең­гейде ерекше маңызды қызметтер атқарған Франклин Рузвельттің тағдыры мен қыз­меті менің есіме жиі оралады. Бір кездері біз­дегі ауылдық мәслихаттың депутаты іспетті қызметке сайланған 18 жасар Фран­клин анасына “Анашым, болашақ АҚШ президентін құттықта!” деп құшағын жая ұмтылған суреті бүкіл әлемнің газеттерінде басылған шығар. Естуімше, осы суретті сәті түсіп, өмірге әкелген суретші бір ғана осы туындысы арқылы жиналған гонорарларымен миллионер болып кетсе керек. Себебі, Франклин сатылап өсе береді, өсе береді. Ақыр аяғында, айтқаны келіп, АҚШ пре­зиденттігіне сайланады. Бұл ғана емес, Франклин Рузвельт АҚШ мем­ле­ке­тінде өткен ғасырдың алғашқы ши­ре­гінде орын алған алапат дағда­рысты ең­серуде үлкен шешімтал­дық танытып, оны­мен қоймай, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде болашақтың саяси құ­ры­лымын анықтаушы “Үлкен үштіктің” беделді біреуі болып шығады. Мен мұны бекерден-бекерге еске алып отырған жоқпын. Әлемде қанша мемлекет болса, сонша билеуші бар. Бірақ солардың арасынан бірнеше он­жыл­дықтар мен ғасырларда біреуі ғана суырылып алға озып, адамзатты таң­ғал­дыратын көшбасшыға айналады. Тіпті, кейбір көшбасшылар мемлекет тізгіні қолында болмаса да, ықпалды күшке айналып, ақыр аяғында өз мемлекетінің болашақ дамуын анықтауыш тұлға болып қалыптасады. Махатма Ганди, Кемал Ата-Түрік, Шарль де Голь осындай тұл­ғалар. Олар өзіне дейінгі өз елдеріндегі режімдерді төңкеріп тастап, жаңадан күні бүгінге дейін жасампаздық даму жолында келе жатқан мемле­кет­тердің саяси-экономикалық ұстанымын анық­тап бергендер. Халқы оларды сон­дықтан құрметтейді. Бір назар ауда­рар­лығы сол, бұлар да осындай орасан зор маңызды қызметтерін өмір ақиқатына айналдыр­ғанға дейін кемел­денудің толық “сап­а­ры­нан” өткендер. Кезінде қазақ зиялыларының ара­сын­дағы шоқ жұлдызының бірі болған Сұлтанмахмұт Торайғыров: “Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болам, қараңғылықтың кегіне Күн болмағанда кім болам?!” деген екен. Абай болса бұған дейін қазақтың жалпы адамзаттық қа­уымдастық көшінде лайықты орны бо­луы үшін білім, ғылымды меңгеріп, оның жемісін көруге тиіс деген жөн сіл­теуін жасап кеткен еді. Қазіргі кезге дейін осы екі алып тұлға жайлы ой толғаушылар “бұлар мықты ақын болған, мықты философ болған, мықты хакім болған” дегеннен арыла алмай келеді. Ал шын мәнінде, Абай бастап, Сұлтан­мах­мұт қостаған алыптар тобы болашақтағы ұлт­тық дамудың бағдарла­масын сызып көрсетіп, айқындап берген ақылмандар еді. Әттең, бұлардың қолы қысқа болды. Бірақ өсиеттері бүгінгі ұрпаққа жетті. Біз­дер, Ұлы Отан соғысы кезеңінің түлек­тері, жоғарыда есімдері аталған ұл­ты­мыздың екі данышпанының айт­қандарын жаттап өстік. Сондықтан да білім алуға суға шөліркегендей құмар­лық­пен кірістік. Бәріміздің балаң кезі­міз­дегі арманымыз Алпамыс пен Қо­бы­лан­дыдай ел қорғаған батыр болу болса, өсе келе, Абай мен Сұлтанмахмұтты оқи келе көксеген мұраттарымызға дейін өзгеріп кетті. Енді қара күшпен емес, біліммен, ғылыммен ғана небір қиын­шы­лықтарды жеңуге болатынын түсініп өстік. Сөйтіп, оқуға, білім алуға, ғалым бо­луға ерекше ынтамен кірістік. Өз ба­сым химия ғылымын қудым. Тал­пы­ны­сым мен еңбегім жеміссіз болған жоқ. 33 жасымда химия ғылымдарының докторы атандым, қазір өзім жетекшілік жасап отырған үлкен ғылыми-зерттеу инс­ти­тутында зертхана меңгерушісі болдым. Орайы келгенде айта кетейін, сол бір кездері Қазақстанның химия ғылымы Ресей мен Украинадан кейінгі құрметті үшінші орынды түпкілікті иеленген болатын. Бірнеше ғалымдары­мыз КСРО деп аталатын алып держа­ва­ның әскери және ғарыштық зерттеулер саласындағы мақсатты бағдарламасы бойынша жұмыс істедік. Мұндай жағ­дайда менің жастай биікке көте­рілдім, деп мақтануға толық құқым бар ғой. Жасыратын несі бар, көкейімде сондай пікір де болған. Бірақ сол райдан көп ұзамай қайтуға тура келді. Қызық... Бәрі былай болған еді. Өткен ғасыр­дың 70-ші жылдарының соңына қарай біздің институтқа ядролық физика сала­сындағы әлемдік ғылымда үлкен салмағы бар, сондай-ақ КСРО деп аталатын алып державадағы Ғылым академиясының президенті, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері А.П.Александров келді. Мұндай үлкен лауазым иесі кел­генде есеп беру, болашақ жоспарды баян­дау мақсатында алқалы жиын өте­тіні және белгілі. Бәрі солай болды да. Осы алқалы жиы­ны­мыз­ға А.П.Алек­сан­дровты ертіп келген Қазақстан Ком­партиясы Орталық комитетінің өнер­кә­сіп саласы бойынша хатшысы Н.Ә.На­зар­баев қатынасып отырды. Ал мен жиналыста ион алмастырғыш поли­мер­лер және мембрандық техно­логия саласы бойынша дүние жүзіне белгілі болған ғылыми жаңалық­тар жөнінде баяндама жасадым. Баяндама жасап болған соң тыңдаушыларға назар салуға көштім. Аңсарым Александров пен оның дәл жанында отырған Орталық комитет хатшысы Н.Ә.Назар­баев­тың көңіл күйлерін “аулауға” ауған секілді. Сондағы байқағаным, өзіміздің хатшы Александровпен аздап әңгімелесіп алады да, бірдеңелерді қойын дәптеріне жаза қояды. Онда не жазып жатқанын қайдан білейін, бірақ негізгі түйіндер қағазға түсіп жатыр ғой деп ойлаймын. Әрі-берідесін Орталық комитеттің хатшы­сы­на оның жастығына қарап та көңіл ауда­ра­тын секілдімін. Мен 27-імде институт зертханасының меңгерушісі болдым, деп масаттанып жүрсем, Нұрекең бүкіл Қазақстанның жоғары биліктегі он басшысының біреуі болып шыққан екен. Жалпы мұндайда он деген сөздің өзі нақтылықты білдірмейтін секілді. Себебі, ол кездегі қалыптасқан жүйе бойынша Жоғарғы Кеңес те, Үкімет те Ком­пар­тия­ның Орталық комитетіне есеп беріп, соның бақылауында жұмыс істейтін. Олай болса, 38 жастағы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстандағы ең жоғарғы би­ліктегі бес басшының бірі деу керек. Бізге Қазақстанды жастай басқарған­дар­дың есімдері белгілі. Ол Кеңес өкіметі құ­рамындағы Қа­зақ­станның білімді кадр­ға зәру кезінде болған жағдай ғой. Ал өткен ғасырдың жетпісінші жыл­да­рында мұндай зәрулік болды дей ал­маймыз. Қалай десек те, мұндай орынға үлкен іріктеуден сүрінбей өткен таң­дау­лылар ғана отыра алады. Бұл таңдауға Қа­зақстан ғана емес, Мәскеу Крем­лін­дегі ең жоғарғы би­лік өкілдері де қаты­сады. Қысқасы, сол кездегі тілмен айтар болсақ, рес­пуб­ликалық Орталық ко­митеттің хат­шылығы СОКП Орталық комитетінің номенклатурасы. Демек Қазақстан Компартиясы Орталық коми­тетінің хатшысы болған Н.Ә.Назарбаев Мәскеудің таңдауынан сүрінбей өткен тұлға болып тұр. Ал ондағы таңдау мен екшеу қандай жоғары талап деңгейінде болатыны баршаға белгілі. Олай болса кейіннен КСРО құрамында болған Қазақстанның Үкіметі басшылығына тағайындалғанда да, содан кейін респуб­лика Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшылығына сайланып, республиканың бірінші басшысы болып шыққанында да ол таңдаудан сүрінбей өткен, білім-білігі мен тәжірибесі және ұйымдастырушылық қабілеті, сондай-ақ бүгін мен болашақты ұштастыра баға­лау­шылығы жағынан жоғары талап деңгейінде болған тұлға дей аламыз. Орайы келгенде айта кетейік, КСРО-ның соңғы бірінші басшысы Михаил Горбачев кейіннен: “Мен Нұрсұлтан Назарбаевты КСРО Министрлер Кеңе­сінің төрағалығы қызметіне шақыр­дым, бірақ ол одан бас тартты. Егер Назарбаев КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы болғанда алып держава ыды­рамас па еді, қай­тер еді”, деп естелік айтқан. Демек, біздің Нұрекең КСРО секілді алып дер­жавадағы екінші тұлға болуға лайықты деген баға да алған екен-ау. Байқап отырсақ, біздің Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстан Республикасын құрудағы еңбегінің жемісті болуы оның білімі мен тәжірибесінің, іскерлік ауқы­мы­ның және ой өрісі мен дүние­та­ны­мының, саяси ұстанымының жоғары талап деңгейінде болуында жатқан секілді. Н.Ә.Назарбаев үшін қарапайым ме­тал­лургтың, яғни, пролетариат та­бының мұң-мұқтажы бес саусағындай аян. Өйткені, ол еңбек жолын домна пе­ші­нің металл балқыту цехындағы жұ­мыстан бастаған. Н.Ә.Назарбаев үшін ауыл­дағы малшылар мен диқан қауы­мы­ның да мұң-сыры, мақсат-мұ­раты жұм­бақ емес. Себебі, ол ауыл шаруа­сы­ның отбасында туып, өскен, орта білім алған азамат. Бүгінгі әлемге танымал Қазақстан мемлекетінің әлем мойындаған көш­бас­­шысы үшін елдегі жастардың да қажет­тілігі жұмбақ емес. Ол жас шағында жастар ұйымын басқарған. Сонан соң өндіріс орындарының басшылық қыз­метінде, қаланың, облыстың басшылық қыз­метінде болған, ақыр аяғында КСРО құрамындағы Қазақстанның, кейіннен Тәуелсіздік алған егеменді Қазақстан Республикасының бірінші басшысы болды. Осындай барлық сатыдан өткен бүгінгі Елбасымыз үшін Қазақстанның әрбір шегесі қай жерде жатқаны да белгілі еді десек, артық айтқандық емес. Ол Қазақстанның қай аймағына не қажет екенін, қай аймағында қандай мүмкіндік пайдаланылмай жатқанын баршамыздан жақсы біледі. Сондықтан да ол Тәуелсіздік алған мемлекетін мейлінше қысқа мерзім ішінде Кеңестер одағынан “мұраға қалған” гиперинфля­ция мен алапат рецессиядан даму жо­лына сала алған посткеңестік аймақтағы тұң­ғыш басшы болып саналады. Мұны мен емес, бүкіл посткеңестік аумақтағы мемлекеттердің басшыларының өздері айтқан. Мұны әлемдік деңгейдегі сарапшы институттардың лауазымды тұлғалары айтқан. Қысқасы, мемлекет құрып, оны тұрақты даму арнасына салу ісіне Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев үлкен дайындықпен келген тұлға еді. Сон­дықтан да оның еңбегі жемісті бо­лып шықты. Бұл – бір. Екіншіден, егер оның үлкен тә­жірибесі ғана Қазақстан Респуб­ли­касын құруда және даму арнасына салуда шешуші қызмет атқарды деумен шек­тел­сек, қателескен болар едік. Себебі, Қа­зақ­стан социалистік қоғамнан капи­та­листік қоғамға өтуі тиіс болды. Ал арғы-бергі тарихты қанша ақтарсақ та, ка­пи­талистік қоғамнан социалистік қоғамға өтудің ғылыми негіздемесін көрсек те, социалистік қоғамнан капиталистік қоғамға өтудің ғылыми жолы бол­ма­ған­дығы және белгілі. Демек Н.Ә.Назар­баев­қа данышпан Абай айт­қан­дай: “соқ­тықпалы, соқпақсыз” жолмен жүруге тура келді. Мұндайда бастаған көшін аман-есен даму арнасына сала алған адамды қазақ халқы көшбасшы деген. Н.Ә.Назарбаевтың көрегендігін дәлелдейтін нақты деректер мен дәйектер оның өз қызметінен-ақ көптеп табылады. Айталық, Семей ядролық сынақ алаңын жабу нағыз көрегендіктің, жауапкершілікті толығымен өз мойнына ала білушіліктің жарқын көрінісі. Жауапкершілікті өз мойнына алу дегенде мен Н.Ә.Назарбаев Семей ядролық сынақ алаңын жабу жөніндегі Жарлыққа қол қойған кезінде Қазақстан КСРО құрамында болғанын меңзеп тұрмын. Ал КСРО құрамында болған кезде мұндай бетбұрысты шешім түгіл, сәл қателікті жіберген тұлғалар да ату жазасына бұйырылғанын білеміз. Екіншіден, көрегендік дейтін себебім, Семей сынақ алаңының жабылуы басқа сынақ алаңдарының жабылуының бастауы болды. Кейіннен Франция өз сынақ алаңында бір жарылыс жасаған кезде ол дүние жүзі қауымдастығының қатаң сынына ұшырады. Сөйтіп, адамзат ядролық сынақ дейтіннен ада болды. Осындай игі іспен қызметін бастаған жас мемлекеттің құрушысы Н.Ә.Назар­баев көп ұзамай КСРО-дан мұраға қалған баллистикалық зымырандар мен олардың ядролық оқтұмсықтарынан өз еркімен бас тартып, оларды жою туралы ұстанымын заңдастырды. Мұның ал­дында осындай ниетті ұстанған қазақтың көшбасшысы ұлтының аман­дығын есінен бір сәт шығармай, алып ядролық державалардан қауіп­сіздігіне кепілдік алды. Келе-келе бұл үрдіс тұтастай Орталық Азияда ядролық қару­сыз аймақ құру туралы игі іске ұласты. Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қа­зақстан Президенті Вашингтондағы қа­уіпсіздік жөніндегі дүниежүзілік фо­рум­ға қатысып, сөз сөйледі. Онда ада­м­затқа “бөлшектенген атом өзімізді бөл­шектеп жүрмесін” деген тілегін ай­тты. Нұ­рекеңнің бұл сөзі саммиттің афо­ри­з­мі­не айналып, дүние жүзінің бұқаралық ақ­парат құралдары оны дәл сол қалпында жарыса жариялады. Осындай озық ойлы көшбасшымызға арнап, АҚШ Президенті Барак Обама “егер Назарбаев қатыспаса, бұл форум өтпес те еді” деген мойындау сөзін айтты. Бұл біздің елдің көшбасшысын әлемдік деңгейде мойындаудың нағыз мысалы емес пе?! Орайы келгенде бір естелікті айта кеткен жөн шығар. Жоғарыда әңгіме­леген Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтында болған жи­на­лыс кезінде болашақ елдің құру­шысы Н.Ә.Назарбаев өзінің алдағы қыз­мет­теріне қажетті “азық” жинап отырғанын кейін білдім. Көп ұзамай-ақ Нұрекең Үкімет басшылығына тағайын­далды. Сонан соң Қазақстан ғылымына, оның ғалымдары ашқан жаңалыққа сұраныс басталды. Иә, біздің ғалымдар бұрын да қамқорлықтан кенде болмаған. Соған сәйкес небір теңдессіз жаңа­лықтар өмір­ге келді. Біздің инсти­туттың ғалым­дары ашқан жаңалықтары Кеңес өкіметінің зауыт­­тары мен комбинат­тарында пайдаланылды. Міне, осы­лардың бәрі­нің игілігін Қазақстан көре алған жоқ. Барлық зауыттар мен фабрикалар Ре­сейде немесе басқа да одақтас респуб­ли­каларда жұмыс істеді. Осыны дер ке­зінде көре білген Н.Ә.На­зарбаев Үкімет басшысы қызметіне тағайындалған соң отандық ғалымдар ашқан жаңалықты Қазақ­стандағы конвейерлік өндірістен шығаруға қамқорлық жасап бақты. Бірақ Нұрекең мұндай игілікті істі аяғына дейін жеткізуге үлгере алмады. Себебі, көп ұзамай-ақ әбден әлсіреген КСРО дер­жав­асы келмеске кетіп, ыдырап тынды. Ға­лымдар жаңалығының игілігін Қазақстанның өзі көре алмауы еліміз егемендік алған кезде айқын байқалды. Халық тұтыну тауарларын өндіретін, бірде-бір толыққанды бәсекелестікке қабілетті өндіріс ошағының болмауы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Қазақстан экономикасының әбден әлсіреуін туындатты. Ал бір-бірінің ажырамастай бөлігі болған КСРО орта мәшине жасау министрлігіне қарасты Мәскеуге тікелей бағынатын әскери-ғарыштық өндіріс кәсіпорындары көп ұзамай тоқтады. Сондықтан қалаларда миллиондаған жұмыссыздар армиясы қалыптасты. Сондықтан елімізде егемен­діктің алғашқы кезінде қол жуатын сабын да, сіріңке де зәру затқа айналды. Бір назар аударатын тұс, Н.Ә.На­зарбаевтың жоғарыда айтқан ядролық қару-жарақтан біржақты бас тарту жарлығын шығару кезінде қазақ ғылымының мүмкіндігін алыптардың өздеріне іс жүзінде дәлелдеуге қатысты әрекет жасағандығы еді. Мәселен, жойылуға тиісті қару-жарақтарды зарар­сыз­дандыру ісіне әлемге аты мәшһүр “Brown&Root Cіvіl”, АВВ SUSA деп аталатын АҚШ мемлекетіндегі ком­паниямен бірге мен бастаған отандық химиктер тобы жұмыс істеу құқығын ұтып алды. Әрине, тендерде біздің мұндай мәртебеге ие болуымызға Президентіміздің өзі тікелей атсалысқан секілді. Әйтпесе, әлемдік деңгейде жұмыс істеп танылмаған, тіпті мем­ле­кет­тігін жаңа жариялап жатқан Қазақ­стан деп аталатын республикадағы химия институтының ғалымдарын осындай зор жауапты және терең білімді, мол тәжірибені қажет ететін іске қатыстыру шетелдіктердің ойына кіріп те шықпас еді. Не керек жұмыс істедік, жұмысымыздың ойдағыдай болғаны соншалық, оған Америка қорғаныс министрлігінің өзі таңғалып, бізге құны 264547 доллар тұратын далалық зерт­ха­на­ны сыйға тартты. Бұл жерде Елб­а­сы­мыз тағы да көрегендік танытқан се­кілді. Себебі, біздің жұмысымыздан кейін басқаны былай қойғанда, АҚШ қор­ға­ныс министрлігіндегі білікті ма­ман­дардың өзі Қазақстанның ғылымы уран­ды байыта да алатынын, зарар­сыз­дан­дыра да алатынын көзбен көрді ғой. Демек Назарбаев бұл жерде шетел­діктерге “біз ядролық қару-жарақтан оны пайдалану қолдан келмегендіктен бас тартып тұрған жоқпыз. Мәселеге адамзаттық парасат биігінен қарау арқылы осындай өміршең шешімге келдік. Қажет етсек, мұндай қарудың санын жасап алуға ғылымымыз қабі­летті” дегенді осынау әрекеті арқылы, былайша айтқанда ыммен түсіндіріп тұр. Бәлкім, ядролық державалардың кейін­нен бізбен толыққанды тең дәре­же­де аралас-құраластықты өрістетуінде Назарбаевтың сол кездегі осындай “сесі” жатқан шығар. Ескерте кетейін, 100 ядролық оқтұмсық жасауға жететін байытылған плутонийді де Қазақстан ғалымдарының өздері “жойды”. Мұны да әлемнің танымал ғалымдары мен мемлекеттердің лауазымды тұлғалары көздерімен көрді. Мұндай мүмкіндікті қорықпай, үрікпей, жасырмай, бар­шаның көзінше іс жүзінде дәлелдеп шығу Қазақстан ғылыми әлеуетінің қан­дай деңгейде екенін мойындату арқылы басқа жақтың жас мемлеке­тімізге қоқан-лоқы жасауына болмай­тынын іспен түсіндірудің айқын көрінісі болып шықты. Бұл көрегендік емей немене?! Жетпістің биігіне шыққан бүгінгі көзбен қарап, көкірекпен сараптасам, сонау жылдарда бар болғаны отыз сегіз жасында республика Компартиясының салалық хатшысы болып сайланған Н.Ә.Назарбаевтың үлкен өсуіне таңға­лысымыз бекершілік екен. Себебі, мұндай өсуге оны сол уақытқа дейін “жиған-терген” білімі, тәжірибесі, ой-өрісі, дүниетанымы, парасатты ойы бастаған екен. Кейінгі қызметтерінде өсудің сыры осындай екенін Н.Ә.На­зарбаев толық дәлелдеп шықты. Ол экономикасы мүлде күйреген КСРО тастандысындай елден дамудың даңғыл жолына түскен, әлем мойындаған Қазақстанды жасап шығарды. Және бұл күндері жастармен жиі кездесетін Нұр­сұлтан Әбішұлы ұдайы: “Мемлеке­тіміздің болашағы сендерсіңдер, ендігі даму сендердің білімдерің мен талант­тарыңа тікелей байланысты” деген ақылын жиі айтады. Бір риза боларлығы сол, Елбасымыз мұндай ойын сөзбен айтып қана қоймай, ісімен де бекіте білді. Еліміз үшін аса қиын болған кезеңдердің өзінде ол “Болашақ” атты бағ­дарлама жасап, сол арқылы ең та­лант­ты жастарды алыс-жақын ше­тел­дердің халықаралық деңгейде мо­йын­далған білім ордаларында оқытуды дәстүрге айналдырды. Ал 2008 жылы осы бағдарлама бойынша шетелден маман­дық алған және сол кездері оқып жатқан жастардың басын қосып, өзінің түпкілікті мақсатын жариялады: “Мақсат – интеллектуалды ұрпақ тәр­бие­леп, интеллектуалды ұлт қалып­тас­тыру”, деді ол. Мемлекеттің, ұлттың қай бағытта бара жатқанын осыдан-ақ ұғуға болады. Н.Ә.Назарбаев Абай өсиетін толық­қанды ұлт игілігіне айналдыру жолында күш жұмсап жүрген көшбасшы. Қазақтың кемеңгер ұлы кезінде былай деген екен: “Қалың елім қазағым, қайран жұртым, ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың”. Жоғарыда біз Кеңестер одағы кезінде ғылымды жақсы мең­гер­ге­німізді және оның игілігін Қазақ­стан­ның өзі көре алмағанын айтып өттік. Мәселен, әлемдік ғылымда небір керемет теңдессіз жаңалықтар ашсақ та, егемендік алған кездегі Қазақстан Республикасында Абай армандаған “ұстараны” шығаратын да кәсіпорын болмаған екен. Қандай өкі­нішті! Бодан елдің көретін күні осы. Осы­ны жан жүрегімен сезінген Н.Ә.Назарбаев 2010 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында енді “Қазақстан-2030” Стратегиялық даму бағдар­лама­сының екінші кезеңі басталатынын және 2010 жылдан бастап одан кейінгі он жыл ішінде елде тек қана инно­ва­циялық индустрия құру жоспары бойынша ауқымды және серпінді жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді. Менің жеке пайымдауымша, көшбасшымыз өзінің түпкілікті мұратына жету жолындағы жойқын шабуылды енді бастаған секілді. Саяси ұстанымында “әуелі – экономика, сонан соң – саясат” деген қа­ғи­даны басшылыққа алатын Н.Ә.На­зарбаев бағдарламасы 2010 жылға дейін отандық шикізат секторын қарқынды дамыту арқылы халықты тыңайту, әлеуметтік жағдайды жақсарту бол­ған­дай. Бұл орайдан алғанда, алынған шеп көңіл толтырады. Өткен жиырма жылға жуық жолымыз жемісті болды. Ұлттық банкінде бір цент валюта, бір унция бағалы металл болмаған Қазақстан дү­ниежүзілік қаржы дағдарысын баршамен бірдей бастан өткізсе де, Ұлттық қорына 50 миллиард доллардан астам алтын-валюта жинап алған ел болып тұр. Дүние жүзінің көптеген алыс-жақын шетел­дерімен жақсы байланыс орнат­тық. ЕҚЫҰ секілді ең беделді халық­ара­лық ұйымға төрағалық жасаудамыз. Осының бәрі меніңше, Н.Ә.Назар­баев­тың негізгі мұратқа жету жолындағы алған шептері. Ал ол мұрат Қазақстанды инновациялық индустриясы бар елге айналдыру. Демек 2010-2020 жылдарға арналған индус­трия­лық-инновациялық даму бағдарламасы тұтастай алғанда ұлттық сапаны, ұлттық менталитетті жоғары деңгейге көтеру деген сөз. 2010 жылдан бастап ұлт жастары компью­термен басқарылатын озық техноло­гиялы өндірісте жұмыс істейтін болады. Мінеки, осындай өн­дірісті құру арқылы 2020 жылы Қазақстанның жылдық ішкі жалпы өнімін шамамен 170 пайызға өсіруді жоспарлаған Елбасымыздың бұл бағдарламасына дендеп назар аударған адам ұлттық сапа мен менталитеттің де сондай деңгейге көтерілуін көздеп отыр­ғанын түсінсе керек. Өйткені, мұндай өсімді қамтамасыз ететін өндіріс орын­дарында жұмыс істейтіндер негізінен ұлттық кадрлар болып шықпай ма?! Сондықтан да болса керек, бұл күндері Білім және ғылым министрлігі мен Еңбек және әлеуметтік қорғау ми­нис­тр­лігі бірлесіп, өскелең талап сұранысына сай жаңа мамандықтар бойынша кадрлар даярлаумен айналысу бағдар­ламасын жасауда. Мінеки, бұл ұлттық даму емей немене! Н.Ә.Назарбаев өзінің “Еуропаға жол” атты еңбегінде Қазақстанның көксегені еуропалықтарша өмір сүру деңгейі екенін тайға таңба басқандай анық жазған. Ал қазіргі дүниеде Еуропа ең дамыған аймақ саналады. Олай болса, Елбасымыз өзі құрған Қазақстанды дамығандардың қатарында көруді жоспарлаған және сол жоспарын жүзеге асырып жатыр дегенді батыл айтуға болады. Н.Ә.Назарбаевтың басқару стилінде “қанағаттану, тоқмейілсу” байқалмайды. Ол бір биікті алған соң екінші биікке бастайды елін. Осы мақаланың бас жағында таулардың өсетіні жөніндегі пікірді жайдан-жай айтқан жоқпын. Мұның сырын зерделі оқырман ұққан да шығар. Бүгінгі ұлтымыздың көшбас­шы­сы Н.Ә.Назарбаев та, оның төл пер­зен­тіндей Қазақстан Республикасы да ұдайы өсудің жемісі. Кәдімгі табиғаттағы таулар секіл­ді. Өсу үшін қажетті жағдай жеткі­лікті. Ол көшбасшымыздың білім-білігі, мол тәжірибесі, парасатты ұстанымы. Иә, біздің көшбасшымыздың ерекше қасиеттерінің бірі осы – парасаттылық. Ол кез келген мәселеге биік парасат тұрғысынан қарайды. Биікке ұмтылғанда біреуден үстем болсам дегенді ойла­май­ды. Керісінше, кейінгілерге жәрдем­десіп, адамзаттың баршасы бірдей өмір сүрсе екен, дейді. Сондықтан да болар, ол жер беті тарихында тұңғыш рет әлем­дік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бастарын бір мәміле дастарханы басына жинап, “Жаратушымыз бір, сондықтан да бірлесіп өмір сүрейік” дегенді осы уақытқа дейін бір-бірімен діни негізде қырқысып келгендердің баршасына айтқызған Мемлекет басшысы болып тұр. Мұндай парасаттылық ниет оның әрбір қадамына жәрдемдесуші қуатты күш болғандай. Алла парасатты бас­шы­мыздың әрбір қадамын оң қылғай! Еділ ЕРҒОЖИН, химия ғылымдарының докторы, профессор, “Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты” АҚ президенті. Суретте: Алыста қалған жылдардан бір ескерткіш, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы Н.Ә.Назарбаев, КСРО Ғылым академиясының президенті, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері А.П.Александров, Б.А.Жұбанов Е.Е.Ерғожиннің баяндамасын тыңдау кезінде.