«Таза Қазақстан» • 18 Маусым, 2024

Экомәдениетті қалыптастыру тетігі

77 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына­ бел­сенді қатысып жатыр. Барлық қала мен ауданда тек сенбілік қана емес, эко­логиялық мәдениетті қалыптастыратын түрлі іс-шаралар әлі де ұйым­дас­тырылып жатыр. Мәселен, жақында Бұқар жырау ауданының Ботақара кен­тін­де жас­тардың қатысуымен экологиялық квест өтті.

Экомәдениетті қалыптастыру тетігі

Орталық саябақты тазалауға Доскей және Петровка елді мекендерінің жас­та­ры да келді. Квест қатысушыларына түр­лі жарыс ұйымдастырылды. Олар қо­қыс қалдықтарын сұрыптап жарыс­ты. Белсенді қатысқандарға сыйлықтар үлес­тірілді.

– «Таза Қазақстан» акциясын жер-жердегі ел-жұрт кеңінен қолдады. Біз бірінші кезекте жерімізге, өз үйімізге ұқыпты қарауымыз керек. Бұл акция соны үйретеді. Квестке қатысушылар ойын арқылы экологияға деген қамқорлықты, табиғатқа деген жанашырлықты ояту керектігін түсінді. Қоршаған ортаға ұқыпты қарау әрқайсымыздың жүрегімізде болуы керек. Біздің басты міндетіміз – осы үрдісті әрмен қарай жас ұрпаққа жеткізу, – дейді жас­тар көшбасшысы Жанболат Жаңбырбаев.

Бұқар Жырау ауданында «Таза Қазақ­стан» ак­циясына 230 ұжым – бес мыңға жуық адам қа­тысты. 130 арнайы техника жұ­мыл­дырылды, 10,5 мың тонна қалдық шы­ға­рылды, 44 рұқсат етіл­меген қоқыс по­ли­гон тазартылды. «Мөлдір бұлақ» апта­лы­­ғында 30-дан астам бұлақ тазартылды.

Өскелең ұрпақтың табиғатқа деген қам­қор­­лығын арттыру үшін мұғалімдер, оқу­шы­лар мен ата-аналар құстардың ұясын жа­са­ды.

Мұнымен қоса елді мекендерді көгал­дандыру бағытында да жұмыстар жанданып, жалғасын тауып жатыр. Осы көктемде 5 300-ден астам ағаш егілді. Мысалы, Қарақұдық ауы­лын­да жергілікті кәсіпкерлер туған өлкесінің таби­ғатын жақсарту үшін акция аясында пира­ми­далы және күміс терек, қызыл шетен ағаш­та­рының 400 көшетін екті. Міне, туған жерге, табиғатқа деген тағзымның үлкен бір көрінісі.

 

Қарағанды облысы,

Бұқар жырау ауданы