Мереке • 18 Маусым, 2024

Әкелер күніндегі қуаныш

62 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Есте болса, былтыр елімізде «Әкелер күні» белгіленіп, алғаш рет ресми аталып өткен еді. Маусымның үшінші жексенбісі деп бекітілген күнді елордалықтар биыл да өз деңгейінде мерекеледі.

Әкелер күніндегі қуаныш

Бұл күні қала жұртшылығы «Байқоңыр» ауданының «Ата­түрік» саябағында «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» деген атаумен өткен көңілді доданы тамашалады. Әкелер мен балалар төбе көрсеткен сайыста 10 топ, яғни 10 отбасы бақ сынасты. Қазақтың төл ойындарын танытумен шектелмей, отбасы инс­титутын нығайту мақсатында ұйымдастырылған сайыстың жөні бөлек. Өйткені мұнда әке рөлінің маңыздылығын көрсету, отбасы құндылықтарын дәріптеу, әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту секілді ең негізі мақсат-мұрат бар.

Сайыста әкелер мен балалар «Арқан тарту», «Бес тас», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ», «Ләңгі тебу» секілді ойындарда сынға түсіп, кім мықтыны анықтады. Ала­ман­ның басты жүлдесі көптің ішінен дараланған Айдар Шонаев пен бала­сы Таңатқан Нұрислам жұбына бұйырды.

«Біз Байқоңыр ауданындағы №4 мектеп гимназиясынан келдік. Өзім сол мектепте дене шынық­тыру пәнінің мұға­лімі­мін. Ал ұлым Таңатқан осы білім ордасының оқушысы. Бү­гін екеуміз мектебіміздің намысын сәтті қорғадық. Басқа қатысушылар да ақтық сәтке дейін лайықты бәсекелесті. Бірі ләңгі тебуден үздік болса, екіншісі арқан тартуға келгенде алдына қара салдырмады. Бастысы, жарыс өте тартысты өтті. Ұлым екеуміз дән ризамыз. Әрине, осындай ұлттық спортты дамытуға, насихаттауға бағыт­талған сайыстардың көбі­рек ұйым­дастырылғанын қол­дай­мын», дейді Айдар Шонаев.

Әкелер күні қарсаңында елі­міз­дің бірнеше өңірінде дәс­түр­лі отбасылық құнды­лықтарды әспеттеп, «үлгілі отбасы» идея­сын насихаттау мақсатында түрлі іс-шара ұйымдастырылды. «Отан – отбасынан басталады». Ал отба­сында ананың орны қан­дай болса, әкенің де орны содан кем емес. Қара шаңырақтың иесі – әкелер. Аналар күнімен қа­тар әкелер күнін де атап өтудің артықшылығы осында.