Зерде • 15 Маусым, 2024

Алтын Орда тарихының соңғы кезеңі

159 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Ұлттық сананы нығайту мен бірегейлікті қалыптастыруда тарихтың атқарар рөлі мен маңызына қазақ елінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ ерекше мән беріле бастады. 90-жылдардың соңында бір жыл ұлттық тарихқа арналса, 2000-жылдардың басында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ұлттық тарихтың шетелдегі деректері әкелінді. Одан кейін мемлекеттік тарихымыздың биік көрінісі – Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесі 2015 жылы тойланды. Ал биыл елімізде Жошы Ұлысының 800 жылдығы кеңінен аталып жатыр.

Алтын Орда тарихының соңғы кезеңі

Қарап отырсақ, соңғы 5-6 жыл ішінде отандық тарихшылар үшін ең өзекті мәселенің бірі Алтын Орда мен Жошы Ұлысы тарихына қатысты тақырыптар болып отыр. Бұл тақырыптар бұрыннан ғылыми тұрғыдан маңызды болып келсе, аталған екі мемлекеттік құрылымдардың 750 және 800 жылдық мерекелері жөнінде Ресей мен Қазақстан басшыларының ресми түрдегі сөздерінде арнайы атап өтуі бұл тақырыптарға саяси сипат берді, тақырыптың өзектілігін одан әрі аспандатып жіберді. Сол кезден бері Ресейде де, Қазақстанда да Алтын Орда мен Жошы Ұлысы тарихына арналған көптеген шаралар, әсіресе зерттеуші­лер мен мамандардың қатысуымен бірнеше ірі халықаралық ғылыми жиын өткізілді. Ол жиындарда көпте­ген толғақты мәселелер көтерілді, жаңа бағыттар айқындалды, бұрынғылар­ға жаңаша көзқарас тұрғысынан қарау қолға алынды, тың ойлар айтылды.

Осы жерде қалың көпшілік толық түсіне бермейтін мынадай мәселені айта кетсек дейміз. Алтын Орда мен Жошы Ұлысын бір атау, ортақ ұғым, бір мемлекет деп ойлайтын, қабылдайтын адамдар баршылық. Олар неге Алтын Ордаға 750 жыл, Жошы Ұлысына 800 жыл толып отыр деген сауалға қиналыңқырап қалады. Соған­ байланысты оған түсіндірме бере
кеткен жөн.

Шыңғыс хан 1219-1221 жылдар ара­лығында Дешті Қыпшақ аумағы мен Хорезм шахтары мемлекетін толығы­мен жаулап алғаннан кейін және 1223 жыл­ғы барлау мақсатындағы солтүстік Иран, орыс княздары мен Еділ өзенінің арғы жағындағы Қыпшақ хандарына қарсы ұйымдастырылған жеңісті жорықтан соң (Қалқа өзені бойындағы шайқас) бәйбішесінен туған төрт ұлына барлық жерлерді басқаруға бөліп береді. Үлкен ұлы Жошыға – Ертіс өзенінен Еділ өзеніне дейінгі Дешті Қыпшақ аумағы, Оңтүстік Қазақстан жерлері беріледі. Ал екінші ұл Шағатайға – Мауереннахр мен Шығыс Түркістан (Маңлай Сүме) аумақтары беріледі. Осы аумақтар көп ұзамай жазба деректерде алғашқы басқарушылар­дың есімдерімен – Жошы Ұлысы, Шаға­тай Ұлысы деп аталып кетті. Жошыға қарағанда Шағатай есіміне қатысты көп атаулар пайда болды. Олар – Шаға­тай Ұлысы, Шағатай ұрпақтарының мемлекеті, шағатайлықтар, шағатай тілі, шағатай жазуы деген атаулар. Ал Жошы есіміне қатысты – Жошы Ұлысы, Жошы ұрпақтары және Орталық Қазақ­стандағы Жошы хан кесенесі атауы ғана.

1224 жылы Шыңғыс хан ұлдарына жер бөліп берген соң кері оралады. Осы датаға биыл 800 жыл толып отыр. Сол себепті де елімізде Жошы Ұлысының құрылғанына, пайда болғанына сегіз ғасыр толғандығы аталып жатыр.

Жошы Ұлысының екінші билеушісі әрі Жошының мұрагері Батый хан­­ның Батыс елдеріне қарсы жеті жылдық (1236-1242) жорығы нәтижесінде, Моң­ғол империясының аумағына Сібір, башқұрт, булгар, солтүстік Кавказ жер­­лері, Шығыс Еуропаға дейінгі өңір­лер ба­ғындырылады. Жаңадан бағын­ды­рылған жерлердің бәрі Жошы Ұлысы құрамына қосылады. Ал Жошы Ұлысы болса, Моңғол империясының бір ұлы­сы ғана болды, империя орталығы Қара­қорымға бағынды.

1241 жылы Үгедей қаған қайтыс бол­ғаннан кейін жаңа қаған сайлауда ал­ғаш рет Шыңғыс ханның немерелері ара­сында ауызбіршілік болмады. Батый хан бастаған Жошы ұрпақтары Үге­дей­дің жесірінің таққа отыруына қар­сылық білдіріп, Қарақорымға бармады. Одан кейін бұл оқиға 1246 жылы Үге­дейдің ұлы Гүйік таққа отырғанда да қай­таланады. Ал 1249 жылы Жошы ұлдары Қарақорымда Төленің ұлы Мөңкенің билікке келуіне көмектеседі. Осылайша, Еділдің төменгі ағысы бойындағы Сарай қаласы мен Моңғолия аумағындағы Қара­қорым арасында бірде салқын, бірде жылы қатынас орнығады.

1259 жылы Мөңке қаған қайтыс бо­лып, өсиеті бойынша кіші інісі – Арық­бұға таққа отырады. Оны Мөңке қағанның Қытайды бағындырған Құбылай атты тағы бір інісі мойын­дамайды. Сөйтіп, бір мезгілде бір импе­рияда екі қаған пайда болады да, олар өзара күрес жүргізеді. Күрес 1260 жыл­­­­дардың соңына дейін жалғасады. Кү­ресуші жақтар өздеріне Шыңғыс ханның Жошыдан, Шағатайдан, Үге­дей­ден тараған ұрпақтарын тартады. Соның арқасында Үгедейдің немересі Хайду күшейіп шыға келеді. Хайдуды Сарайдағы Жошы ұрпақтары қолдайды. Ақыры, 1269 жылы күресуші жақтар Талас өзені бойында Құрылтай шақы­рып, соғыстарды тоқтату жөнінде ше­шім қабылдайды. Талас Құрылтайында­ғы саяси шешім бойынша Моңғол импе­риясының ыдырағандығы және оның орнында бір-біріне бағынбайтын бес мемлекеттің – Құбылайдың, Хұлағу­дың, Хайдудың, Шағатай ұрпақтары­ның мемлекеттері мен Жошы Ұлысы­ның негізінде Жошы ұрпақтарының мем­­лекеті құрылғандығын әйгілейді. Жошы ұрпақ­тарының мемлекеті ғылы­ми әдебиеттерде әртүрлі аталады, бірақ та Алтын Орда деген атау кең та­­рал­ған. Осылайша, Алтын Орданың құ­­ры­луын тарихшылар 1269 жылғы Талас Құрылтайынан бастайды. Ал оған де­йін­гі 45 жылдық кезең Жошы Ұлы­сының та­рихына енеді.

Кейбір тарихшылар Алтын Орданың құрылған жылы деп 1242 жылды айтады. Оған негіз болған оқиға – Батый ханның жеті жылдық жорықтан соң Қарақорымға бармай, Еділдің төменгі ағысы бойында Сарайды салдырып, қыстап қалуы.

Екі жарым ғасырлық тарихы бар Алтын Орданың саяси тарихын шартты түрде құрылу мен қалыптасу, күшею мен нығаю және ыдыраушылық пен күйреу кезеңдері деп үшке бөлуге болады. Жошы Ұлысының құрылуы мен қалыптасуы – 1224-1312 жылдары, күшеюі кезеңі 1312-1359 жылдар аралығында болса, ал ондағы ыды­рау­шылық үдерістер мен күйреуі 1360-1502 жылдары өтеді. Ыдыраудың тереңдеу барысында бұл мемлекет Үлкен Орда атауына ие болады.

XV ғасырдың ортасында Алтын Орда­ның оң жағындағы аумақта бір­неше ­дербес хандық құрылады. Олар Қырым, Қазан, Сібір, кейіннен Қажытархан хандықтары мен Ноғай Орда­сы болатын. Ал орталық бөліктегі жұрт атауы Үлкен Орда деп аталады.

Үлкен Ордада Кіші Мұхамед хан 1437-1459 жылдары билік құрды. Бұл жылдары Еділдің арғы жағында пайда болған хандықтар халықаралық қаты­настарда мойындалып, өз мүдде­леріне сай сыртқы саясат жүргізе бастайды. Қырым хандығы түрік сұлтанымен, Мәс­кеу княздығымен жақсы саяси қа­ты­настар орнатса, Үлкен Орда Литва княз­дығымен одақтасады.

1459 жылы Кіші Мұхамед хан қайтыс болып, артында Махмұт және Ахмет атты ұлдары қалады. Алғашында үлкен ұл Махмұт хан тағын иеленсе, 1465 жылы одан Ахмет хан билікті тартып алады. Ал Махмұт болса, өз жақ­тас­та­ры­мен қашып, Қажытарханды басып алады да, жеке Қажытархан (Астра­хан) хандығының негізін қалайды. Осы­лайша, Үлкен Орданың оңтүстік бөлігі одан бөлініп кетеді.

Үлкен Орданың билеушісі Ахмет хан – зерттеушілердің пікірінше, Мәскеу княздары саяси жағынан тәуелді болған Үлкен Орданың соңғы билеушісі. Оның билігі тұсында Үлкен Орда біршама нығаяды. Маңғыт биі, Үлкен Ордада ­беклербек лауазымын атқарған Темір би арқылы ол Ноғай Ордасымен жақ­сы қатынас орнатып, Оқас бидің бір қызы­на үйленеді. 1470-1471 жылдары Ахмет ханның Шығыс Дешті Қыпшақтағы саясаты нәтижелі болып, Хорезм аймағына оның үстемдігі орнатылады. Астрахан билеушісі Махмұт ханның ұлы Қасым хан оған бағыныштылығын білдіреді. Сөйтіп, Ахмет ханның Алтын Орданы қалпына келтіру жолындағы алғашқы саясаты сәтті жүзеге аса бастайды.

Бірақ оның осы бағыттағы мақсатына жетуіне Қырым хандығы кедергі жасады. Сол себепті де ол 1470 жылдардың ортасынан бастап Қырым ісімен айналысады. Алғашында Қырым мен Үлкен Орда арасындағы қарым-қатынастар бақта­ластық сипатта жүрсе, кейіннен ол ашық жаулық сипатқа ие болады. Алғашында Ахмет ханның саясаты же­місті басталады. 1475 жылы Қырым ханы Меңлі Герей ханға туған бауырлары қарсы бас көтеріп, тақтан қуады да, оның орнына ағасы Нұрдәулет отырады. Көп ұзамай олардың арасында да жанжал басталып, күресуші жақтың бірі Ахмет ханды көмекке шақырады. Сөйтіп, 1477 жылы Үлкен Орданың көмегімен қажытархандық Махмұт ханның ұлы Жәнібек хан Қырым тағын иеленеді. Еділдің арғы жағындағы ірі саяси күш – Қырымда өз адамын отырғызу арқы­лы Ахмет хан негізгі мақсаты – Алтын Орданы қалпына келтіргендей болады. Бірақ оқиғалар барысы тез өрбіп, түрік сұлтанының көмегімен Меңлі Герей хан 1478 жылы Жәнібек ханды қуып, тақты қайтарып алады. Мұндай оқиғалардан кейін Қырым ханы Меңлі Герей хан Ахмет ханды өзінің негізгі жауы ретінде санайды.

1470 жылдардың ортасында күшейе бастаған Үлкен Ордаға қарсы Мәскеу мен Қырым арасында одақтастық қа­лып­тасады. Ол екі жаққа да тиімді болады. Нәтижесінде, Қырым да, Мәскеу де осы одақтастықтың арқасында анағұр­лым өз мәртебелерін сақтап қоймай, одан әрі нығайтады. Тіпті Қырым ханы Мәскеу князын бұрынғыдай, тәуелді «құлым» деп санамай, жазған хатта­рын­да оны туыс «бауырым» деп атай бастайды. Мәскеу князы үшін бұл өте психологиялық және идеологиялық же­ңіс болды.

Ахмет ханның батыстағы келесі бір саясаты – Мәскеу княздығының Үлкен Ордаға тәуелділігін қалпына кел­тіру еді. Ол 1472 жылы Мәскеуге сәт­­сіз жо­рық ұйымдастырған болатын. Ахмет ханның Қырымды алғаннан ке­йінгі Мәскеуге жіберген елшісіне III Иван та­рапынан құрмет көрсетілсе, Қы­рымнан айырылғаннан кейінгі хан жар­лығы елші көзінше жыртылады. Бұл Мәскеудің бұдан былай Үлкен Орда­ға салық төлемейтіндігін, тәуелді бол­май­тын­дығын білдіретін еді. Оның ақыры, 1480 жылы Ахмет ханның Орыс жеріне жорық жасауына алып келеді. Угра өзені бойындағы үш айлық текетірес Ахмет ханға ешқандай пайда әкелмеді, керісінше, қорғаныста болған Мәскеу ешбір ұрыссыз жеңімпаз болды. 1480 жылғы жорық қорытындысының Мәскеу үшін маңызы қандай зор болса, Үлкен Орда үшін зияны дәл сондай болды. 1481 жылы қаңтарда Ахмет хан қарсыласы, Сібір билеушісі Ибақ ханның қолынан қаза табады.

Ахмет ханның көп ұлдарының ішін­де Мұртаза, Сейіт Ахмет және Шейх Ахмет атты ұлдары әкелерінің жолын жалғастырды. 1481 жылы Шейх Ахметті жергілікті тайпа бектері хан сайласа, 1485 жылы Сейіт Ахмет, ал 1486 жылы Мұртаза өздерін хан етіп жариялайды. Сөйтіп, Үлкен Орда аумағында бір-біріне бағынбайтын үш хандық қа­лыптасады. Үш хан кейде бірлесіп, кейде араздасып жүреді. Дегенмен негізгі хан болып Шейх Ахмет хан саналды және ол тарихта Үлкен Орданың соңғы билеушісі болып есептеледі.

Үлкен Орда тарихындағы соңғы он­жылдық кезең Қырым хандығымен жүр­гізген саясатпен байланысты. 1490 жылдары үш ханның әрқайсысы кейде жеке, кейде бірігіп, бірнеше рет Қырымға жорықтар ұйымдастырады. Олардың жорықтары біршама сәтті болғаны­мен, толық мақсатына жетпейді. Ахмет хан ұлдарының Қырымға жасаған 1486 жылғы, 1490-1491 жылдарғы жорықтары осыны көрсетеді.

1490 жылдардың ортасында аға­йынды хандар арасында алауыздық бо­лып, Шейх Ахмет хан тақтан айыры­лады. Бірақ көп ұзамай таққа қайта ора­лады. Бұл жағдай оның беделін одан әрі төмендетіп жібереді. Ол енді түп­кі мақсатына жету үшін дипло­ма­тия­лық жолды таң­дап, 1497-1498 жыл­дары бірнеше рет Литва княздығына елшіліктер аттандырады. Алғаш­қы ел­шіліктер сәтсіз аяқталса, соң­ғы елшілік­ті Литва князы тіпті қабыл­дамайды да. Осылайша, Шейх Ахмет хан­ның жағ­дайы толық күйреудің қарса­ңында мүл­де нашарлап кетеді.

1500 жыл Үлкен Орда халқы үшін өте қиын жыл болды. Көшпелі ру-тай­палар үшін ең маңызды шұрайлы жа­йылымдық жерлердің аздығы жаңа жерлерге көшуге итермелейді. Шейх Ахмет ханға бағынышты жекелеген рулар бір­тіндеп, оны қалдырып, кете бастайды. Көшкендердің көпшілігі Қырымды па­налайды. Көшкендер ішінде Үлкен Орда­ның белгілі танымал тұл­ғалары да бол­ды. Ал Қырым ханы болса, оларды қуа­на қарсы алып отырды.

1500-1501 жылдың қысында Шейх Ахмет хан Қырымға шабуыл жасауды ойластырады. Мақсаты Днепрдің тө­менгі бойы мен Днестр аралығындағы жайылымды жерлерді иелену болатын. Оның үндеуіне тек бауыры Сейіт Ахмет хан ғана қосылады, ал қалған бауырлары мен өзге жақтастары бас тартады. Қырым ханы болса одан хабардар болып, әскер жиып қарсы тұрады. Екі жақ әскері Дон өзені бойында кездеседі. Осы кезде үлкенордалықтар жағында болмашы жағдайға байланысты екі хан арасында кикілжің болып, Сейіт Ахмет хан өз ұлысымен кейін көшіп кетеді. Ал Қырым ханына Мәскеуден уәде етілген он мыңдық әскер келмейді. Сан жағынан Үлкен Орда әскері көп болатын. Меңлі Герей хан болса, әскердің азық-түлігінің таусылғанын желеу етіп, кейін шегіне­ді. Бұл текетірестің нәтижесінде, Шейх Ахмет хан өз дегеніне жетеді.

Үлкен Орданың Қырымға жақын келіп қыстауы ол үшін өте қауіпті еді. Сол себепті де Қырым ханы өзіне төніп тұрған қатерден құтылу үшін келесі жыл­ғы шешуші шайқасқа мықтап да­йындалады. Шайқас қарсаңында Қырым жағында Осман империясы, Қа­зан хандығы, Мәскеу княздығы және Мол­дова болса, Үлкен Орданың бұрынғы одақ­тастары – Литва княздығы, Ноғай Ордасы және Қажытархан хандығы бұл жолы бейтараптық танытады. Басқаша айт­қанда, өз заманында атағымен бүкіл әлемді тітіренткен Алтын Орданың тіке­лей мұрагері – Үлкен Орда өз тарихы­ның соңғы айлары мен күндерінде еш­кімге керексіз боп, жалғыз қалады.

Шейх Ахмет хан Сула өзенінің Днепрге құятын жерінде бекініс салды­рып, ордасын сонда орнатады да, Қырым әскерін сонда күтеді. Екі хан да қар­сыластар жағында не болып жат­қаны­нан жасырын түрде хабардар болып тұр­ды. Әсіресе Меңлі Герей хан қарсыласы­ның әр демін біліп тұрды деуге бола­ды. Өйткені қыстың қатты суығына тоңып, ашыға бастаған Үлкен Орданың көп­те­ген рулары толығы­мен Қырымға ағы­лып жатқан еді. Осы жылы қыста Шейх Ахмет ханның көп әйелдерінің бірі өз жақтастарымен Қы­рымға қоныс аударады. Бұл жағдай Шейх Ахмет ханды қалай әлсіретсе, Мең­­лі Герей ханды дәл солай күшейтеді.

Екі жақ арасындағы шешуші оқиға 1502 жылдың маусым айында өтеді. Оқиға барысы былайша өрбиді. 1502 жылдың 14 сәуірінде Меңлікерей хан Кефеде түрік сұлтанының ұлы Мех­медпен кездесіп, Қырық Ерге қайтып оралады. Ол 27 сәуір күні, яғни оразадан он өткеннен кейін жорыққа ата­нуды жоспарлайды. Бірақ Мәскеу ел­ші­лігінің келуіне байланысты кеші­гіп, 3 мамырда ғана атқа отырады. Қы­рым­ды артқа қалдырып, Самара өзені бо­йында (қазіргі Днипро, бұрынғы Днеп­ропетровск қаласы маңы) бірнеше ­күн аялдайды. Үлкен Ордадан Қырымға қа­­рай қоныс аударғандардың айтуынша,­ Шейх Ахмет ханның Ордасынан Пере­копке дейін 9-15 күндік жол екенін ес­тиді. Самара бойынан Қырым ханы Мәс­кеу князы III Иванға елшілік арқы­лы хат жазып, онда өзіне көмекке 20-25 мау­сымға дейін қарулы атқыштар жа­са­­ғын жіберуді сұрайды.

1502 жылдың маусым айының ал­ғаш­қы жартысында екі жақ тарапынан қан­дай оқиғалардың болғаны жөнін­де еш­қандай дерек жоқ. Меңлі Герей хан­ға мәскеулік әскери күштің көмегі қажет болмай қалады. 15 маусымда Мең­лі Герей хан одақтасы Мәскеу кня­зіне қарсыласы Шейх Ахмет ханды жең­гені жөніндегі қуанышты хаба­рын баян­дайды. Онда ол былай деп жаза­ды: «...Менің бауырым Ұлы князь Иван­ға. Құдай­дың қолдауымен ортақ жауымыз Шейх Ахметті жеңіп, оның Орда­сы мен бүкіл Ұлысы менің қолыма тиді» (Памят­ники дипломатических сношений Московского государства с Крым­скою и Ногайскою Ордами и с Тур­цией. Том 1. С 1474 по 1505 год, эпоха свер­жения монгольского ига в России. СПб, 1884, 420). Осы жеңілістен кейін тағынан айырылған Шейх Ахмет хан аз ғана жақтастарымен Киевке, одан соң Литваға кетеді. Ол сонда тұтқын-қонақ ретінде ширек ғасырдай уақыт болады.

Сөйтіп, Алтын Орда тарихында бұл күн, яғни 1502 жылдың 15 маусымы – нақты айтқанда, Үлкен Орданың, ал жалпы алғанда, Алтын Орданың күйреген қасіретті күні.

Осы тұрғыда 15 маусым – біз үшін тарихтан сабақ алар күн. Алтын Орда секілді алып еуразиялық мемлекеттің ыдырауы мен күйреуінің басты себебі – ондағы басқарушы әулет арасында саяси бірлік пен ынтымақтың болмауы, соның нәти­жесінде қанды қырғын мен соғыс­тың тұтануы еді. Қай кезде де, қай жерде де саяси тұрақтылық да­мудың берік кепілі екенін Алтын Орда тағылымы бізге нақты көрсетіп отыр. Осы күні тарихымызға терең үңілсек, тәуелсіздігіміз бен елдігімізді көздің қа­ра­шығындай сақтай білуге тиістіміз.

 

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы