Талбесік • 14 Маусым, 2024

Қорғалжын қоқиқаздары

53 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Екі-үш күннен бері еліміздегі ақпарат көздері Қорғалжынға қоқиқаздар қонғанын жарыса жазып жатыр. Айдынға аққу-қаз қонғаны бір жаңалық болса, Астананың қапталындағы Қорғалжынға қоқиқаздың келгені одан кем түспейді. Біріншіден, қоқиқаз – өте сирек кездесетін өзгеше тұрпатты құс, әлем бойынша атаулы қанатты. Екіншіден, екі судың біріне қона бермейді. Үшіншіден, ерекше қорғауға алынған құстың қанатын талдырып, қазақ көлдерін сағалайтыны – айтарлықтай құбылыс, айрықша мәні бар оқиға.

Қорғалжын қоқиқаздары

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қоқиқаздардың айдын бетін жауып кеткені – өзгеше кө­рініс. Олар келіп қонғанда Арқадағы Теңіз бен Қорғалжынның беті алаулап құлпырып кетеді. Қоқиқаздар біздің даламызға бауыр басып қана қоймай, тұқым өрбітеді. Сол үшін сонау Африка, Түрікменстан, Ауғанстан елдерінен ұшып келеді. Сәуір, мамыр айларынан бастап күн суытқанша айдын бетінің ажарын кіргізіп, көз суарушы жұртқа тамаша көңіл күй сыйлайды. Жыл сайын Ақмола, Қостанай, Жамбыл, Маңғыстау облысының аумағына 100 мыңға жуық қоқиқаз ұшып келеді. Еліміздегі негізгі мекендерінің бірі елордаға жақын Қорғалжын қорығы болғанының өзі айрықша белгі.

Жапондар қанаттыдан тырнаны құрметтейді. Тырналардың тауларынан ұшып өткенін айтулы мерекеге айналдырған. Жалпы, жапон жұрты жерінде қандай нәрсе болса, соның қаді­ріне жетіп, ұлықтай білетінге ұқсайды. Олардың сакурасының гүлде­гені, тырналарының қанат қаққаны – айтып тауыса алмайтын әңгіме. Жапон аралдарына ұя салған тырналар әуеде сайысқанда бүркіттердің өзін алып түсетіні туралы Расул Ғамзатов жазады. Ал аварлықтар қанаттыда бүркітті қастерлейді. Тіпті арғы ата-бабалары тау бүркітінен жа­ралған деген аңыз да бар оларда. Авардың аяулы перзенті Расул бірде Жапонияда жүріп тырналар фестивалін тамашалағанын әсерленіп жазады. Мүмкін ол жақтың бүркіттері әлсіздеу шығар, тырналары мықты шығар, әлде басқалай себептер ме екен, әйтеуір сол фестивальда тырналар бүркіттерден басым түссе керек. Ғамзатов еліне келген соң, әлгі оқиғаны авардың үлкендеріне әңгімелесе, олар кәдімгідей тіксініп қалса керек. «Қой, Расул, олай болуы мүмкін емес. Біз білетін бүркіттер болса, тырналардан жеңілмеген шығар, олар қаза тапса керек», депті. Сол сияқты әркім өзінің барымен мақтанып, көзге ұрады. Қолдағысын қадірлеп, мәшһүр етеді. Қазіргідей туризм тусыраған уақытта екібастан сөйтсе керек. Сонау мұхиттар мен теңіздерді місе тұтпай, біздің көл­дерге қонатын қоқиқаздың жөні тіптен бөлек. Азияның, Африканың, Орталық және Оңтүстік Американың, Оңтүстік Еуропаның субтропиктік немесе тропикалық аймақтарындағы суларында мекендейтін бұлардың біздің жаққа келгіштейтіні – Қорғалжын та­биғи қорығындағы Теңіз көлінің тұз­дылығынан. Көлдің суы әлемдік теңіз суының тұздылығынан 5-6 есе ащы көрінеді. Сонымен қатар тұзды көлдерде ғана кездесетін артемия салин деп аталатын су шаяны қоқиқаздардың сүйікті қорегі деседі. Сондықтан да олар әр көктемде осы аймақты төңіректейді.

«Қызғылт қоқиқаз тұзды көлдердің 2-3 метрлік таяз жерінде ұзын аяқта­рымен адымдап жүріп, қорегін бал­шықтың арасынан тұмсығымен сүзіп алады. Тұмсығының жиектері ұсақ араның тісшелеріндей тілімденген. Сол арқылы су мен балшықтар сыртқа ағып кетеді де, қорегі аузында қалады. Олар су өсімдіктерінің тұқымымен, ұсақ жәндіктермен, ұлулармен қоректенеді. Бұл ұсақ су шаяны тұзды көлдерде көптеп кездеседі, сондықтан артемия салин шаянының уылдырығын жинауға тыйы­м салынған. Қызғылт қоқиқаздың саны күрт азайып бара жатқандықтан, еліміздің «Қызыл кітабына» және Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» да енген», дейді биолог ғалым Рысбай Сәтімбекұлы.