Экономика • 13 Маусым, 2024

М.Әшімбаев: Жекешелендіру, инвестиция тарту және жеке бастамалар – ІЖӨ өсуіне қажетті шарттар

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нарық үстемдік етуге тиіс салаларда мемлекеттің шамадан тыс араласуы – ішкі жалпы өнімді екі есеге ұлғайту жөніндегі міндетті орындауға кедергі болатын негізгі проблемалардың бірі. Бүгін Палата отырысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді, деп хабарлайды Egemen.kz.

М.Әшімбаев: Жекешелендіру, инвестиция тарту және жеке бастамалар – ІЖӨ өсуіне қажетті шарттар

Фото: liter.kz

Палата Төрағасы атап өткендей, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді екі есеге ұлғайту – аса маңызды міндет. Іс жүзінде – бұл Қазақстанның экономикасын екі есеге арттырады. Алайда, қазіргі қалыптасқан жағдайда оның жүзеге асуы қиын. Сенат Спикері бұл ретте, ең алдымен, квазимемлекеттік сектордың, оның ішінде экономикадағы орасан зор секторды басып алған мыңдаған тиімсіз компаниялардың үлесін қысқарту қажет екенін айтты.

«Парадигманы өзгерту үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығы аясында белсенді әрі мақсатқа сай әрекет ету маңызды. Яғни, экономикамызды ырықтандыру қажет. Егер қазір бүкіл квазимемлекеттік сектордың үлесін күрт қысқартпасақ, мемлекет оларды тиімді басқара алмайды. Олар – «Самұрық-Қазына» мен «Бәйтерек» холдингінің көп бөлігі. Бұдан басқа, әкімдіктер мен мемлекеттік органдарда шаруашылық жүргізетін тағы 6 мың мемлекеттік компания бар. Көптеген сектор бойынша жекешелендіру процесі белсенді жүргізілмесе, жалпы ішкі өнімді екі еселей алмаймыз. Екі экономика болуы керек. Бізде біреуі бар. Екіншісін құру үшін жаңа парадигмалық тәсілдер қажет. Бұл тек жекешелендіру, жеке бастамалар, жаңа инвесторлар тарту арқылы жүзеге асуы мүмкін. Осы бағытта депутаттар мен Үкімет белсенді әрекет етіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын жедел орындайды деп үміттенеміз», деді Сенат Төрағасы.

Айта кетейік, бүгін Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады.