Ұстаз • 13 Маусым, 2024

Майдангер ұстаз

57 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соғыс және еңбек ардагері, қан майданда Отаны үшін қан төгіп, бейбіт өмірдегі бүкіл саналы ғұмырын оқу-ағарту ісіне арнаған білім қайраткері, ІІІ дәрежелі «Даңқ», І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің, көптеген медальдың иегері, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі Мәткәрім Досжановтың өмір жолы қай қиырынан алып қарасақ та, үлгі-өнегеге толы.

Майдангер ұстаз

Бозбала жігіт майданға 1942 жыл­дың маусым айында кі­реді. Аумалы-төкпелі кезеңде тоғыз бірдей перзентін жер қойнына беріп, қайғы-қасірет шегіп жүрген ата-анасының тілеуіне туған жалғыз ұл еді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажал­ды өледі» деген, әлде әке-ше­ше­сінің Алладан сұрауы себеп болды ма, Мәт­кә­рім соғыстан аман-есен елге оралады. Сол сұрапыл соғыс жылдары туралы ардагердің өзі: «Әкемнің туған інісі Нұрымбетұлы Қайбулла екеумізбен қоштасып, батасын беріп тұрып айтқан мына бір сөзі әр уақытта есімнен шықпай жүрді. Ол кісі: «Жас бұтақтай майысқан екі алтыным, бүлінген елден бүлдіргі алма деген, ешнәрсе алмаңдар, екеуің де аман-есен елге ораласыңдар», деген еді. Ағамның берген осы батасы мен анамның тілеуі болар, мен 1945 жылдың жазында Жеңіспен елге оралдым. Қайбулла інім де аман-есен ортамызға келіп қосылды», деп толқыныспен еске алып отыратын.

М.Досжанов бейбіт өмірдегі алғашқы ұстаздық жолын жаңа оқу жылында Қы­зылорда облысындағы Жаңақорған ауданд­ық Жайылма жеті жылдық мекте­бінде әскери жетекші және соғыс ісі пә­нінің мұғалімдігінен бастады. Кейін ба­лалар үйі жанындағы жетіжылдық мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, Бөртескен (№24 теміржол бекеті) елді ме­кеніндегі №165 Тақыркөл жетіжылдық мектебінің директоры қызметтерін абы­роймен атқарды. Ал осы мектеп Төмен­арық стансасына көшіріліп, №223 сегізжылдық мектеп болып қайта құрылғанда мектептің негізін қалап, мектеп директоры болып тағайындалады.

М.Досжановтың бойындағы білім мен біліктілік, жауапкершілік пен тия­­нақтылық, іскерлік пен ұйымдас­тырушылық қабілеті бағаланып, 1975 жылдың желтоқсанында Жаңақорған ауданы Келінтөбе аулындағы №192 орта мектептің директоры қызметіне жоға­рылатылады. Ол кезде мектеп ауыл сыртындағы қырманның қасын­дағы бірқабатты жатақханалық үйде орналасқан болатын. Іскер басшы ауыл тұрғындарының жаңа мектеп ғима­ратын салу жөніндегі сұранысын сол кездегі кеңшар және аудан басшыларына тұжырымды түрде жеткізе біліп, нәтижесінде ауыл орталығынан екіқабатты жаңа мектеп бой көтереді, 1983 жылы мектеп жаңа жобамен са­лынған ғимаратқа көшеді. Атпал азамат жоғарыда аталған қызметтерде жүріп өзіне лайықты ізбасарлар дайындап, олар аудан, облыс және республика көле­мінде жақсы қырымен танылды.

Мәткәрім ұстаз зейнеткерлікке шық­қан соң да, бос отырмай қоғамның талабын, мемлекеттің саясатын жүзеге асыруға белсене араласты. Ауыл, аудан өмірі мен тұрмыс-тіршілігіндегі өзекті мәселелерді шешуге бір кісідей атсалыс­ты. Осы кезеңде Келінтөбе аулына алғаш типтік үлгідегі мектеп пен балабақшаның салынуына қол жеткізді. Сонымен қатар ұлағатты ұстаздың №192 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнін үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде қатысқан жоғары сынып оқушысына әр тоқсан сайын өз қалтасынан шәкіртақы тағайындаған бірден-бір білім басшысы екенін де айта кеткен орынды.

Соғыстан аман-есен оралып, елді өркендетуге зор үлес қосқан қайраткер атамызды тағылымды тұлға деп танып, құрмет көрсету – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Сол тұрғыда бір топ зиялы, есті-басты адамдардың қалауы, қол­дауымен Қызылорда облыстық қо­ғам­­дық даму басқармасы Мәткәрім Дос­­­жа­новтың есімін Тарихи тұлғалар тізіміне енгізу үшін Мәдениет және ақпа­рат министрлігіне ұсыныс жол­дады. Ендігі кезекте біздер бұл ұсыныс­қа министрліктегілер сергек қарап, қол­дайды деп сенеміз. Өйткені ол – бәрі­міздің алдыңғы буын ағалар алдындағы адалдығымыз, парызымыз және борышымыз.

М.Досжановтың облыстық, аудандық газет беттеріне жарияланған «Күні ертең көшіп кететіндей», «Ойланайық», «Ақ босаға берік болсын», «Ашығын айтсақ», «Өткенге көз салсақ», «Майдангерлерге деген қамқорлық бәсеңдемесін», «Болсын деп кейінгіге үлгі-өнеге», «Отан үшін от кешкен қаһармандар» атты мақалалары,  «Он жасар қыз» қиссасы да – еліне, жеріне, Отанға, жастар тәрбиесіне қосқан елеулі еңбегі.

М.Досжанов туралы облыстық, аудан­дық газеттерде жарық көрген «Жыр­­ға жанашыр болған майдангер», «Мек­тепке Мәткәрім аты берілсе екен», «Май­дангер ата», «Майдангер мұға­лім еді» атты мақалалар да айдынды ар­дагердің тари­хи тұлға деген атқа лайық, биік пайым-парасат иесі, аймақ-атырап­қа қадірі артқан білікті басшы, іскер ұйым­дасты­рушы болғанын танытады.

 

Арыстан АХМЕТОВ,

Ауған соғысының ардагері, екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері,

Оспан ДОСЖАНОВ,

техника ғылымдарының кандидаты, доцент