Руханият • 13 Маусым, 2024

Руханият ордасы

91 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Алматыдағы қазақ мәдениеті мен ғылымының қара шаңырағы Қазақстан Республикасының Ұлт­тық кітапханасы шежірелі көне тарихтың өзіндей емес пе? Аталған орданы тұңғыш бас­қар­ған мем­лекет қайраткері Ораз Жандосовтан бастап, бүгінгі басшылыққа дейінгі аралықта қаншама тұғыр­лы тұлғаларымыздың рухани ордасына айналған кітапхана бұл.

Руханият ордасы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Елімізге белгілі жазушылар мен ғалымдар жаңа кітабы шыға қалса, ең әуелі қара шаңыраққа әкеліп тапсыру тамаша үрдіске айналған. Өйткені, кітапхананың жүз мыңдаған оқырманы сүйікті авторларының кітабын асыға күтеді. Ал бүгінгі мақаламызда қара шаңырақтың Ғылыми-әдістемелік қызметіне қарасты Ұлттық кітапхана музейінің тарихымен, кітапхана тарихынан сыр шерткіміз келеді.

Патшалық билік тұсында, яғни 1910 жылдың 31 желтоқсанында Верный қалалық думасының шешімімен кітапхана-оқу залының ашылуы арқылы қазіргі Ұлттық кітапхананың негізі қаланған. Қазақ Автономиялық кеңестік социалистік республикасы, Орталық Атқару коми­теті президиумының 1931 жылғы 12 нау­рыздағы «ҚАКСР Мемлекеттік көп­шілік кітапханасын ашу» туралы қаулы­сына сәйкес кітапхана Қазақ КСР-нің Мемлекеттік көпшілік кітапханасы болып қайта құрылған еді. Шежірелі тарихы 115 жылға жақындап, кітап тарихы 900 жылдан асатын парасат ордасының құрылуындағы қысқаша әлқисса осы.

Қазақ КСР А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік кітапханасы 60 жылдан соң 1991 жылы 9 желтоқсан күні сол кездегі Қазақ КСР Министрлер кабинетінің №775 қаулысы негізінде «Қазақ КСР Ұлттық кітапханасы» болып бекітілді.

Ұлттық кітапханаға елеулі еңбек сіңір­ген кітапханашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Роза Аманғалиқызы Бердіғалиеваның ұйытқы болуымен жоғарыдағы бұйрық қабылданды.

Ұлттық кітапхананың жаңа ғимаратқа көшіп, ашылу салтанатына қазақ зиялы­ларының баршасы дерлік қуанып, қатыс­қан еді. Мысалы, сол кезде әйгілі жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Сәбит Мұқанов кітапхана туралы қысқа сұхбат берді: «Мен осы кітапхананың 30 жылдан бергі тұрақты оқушысымын. «Қазақ әдебиетінің тарихы» деген алғаш­қы күрделі еңбегімді, «Ботакөз» романын жазуға осы кітапхананың материал­дарын пайдаландым. Бұл үй әлі күнге дейін менің рухани азық алатын сүйікті орным болып келеді. Кітапхана ғылыми кеңесінің мүшесі ретінде мұндай кітап қоры бай білім ордасына бұрынғы үйінің тар екендігін республика басшыларының құлағына салып жүрдім. Міне, енді мұның бітіп, ашылуында отырмыз. Көптеген кітапханада жұмыс істедім. Менің пікірімше, бұл кітапхана тек Орталық Азия мен Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Азия, Африка елдеріндегі ең жақсы көрікті кітапхана», деп оқырман ретінде пікірін білдірген-ді.

Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев сынды өзге де қазақ әдебиетінің қара нарлары кітапхана оқырманы болған.

Қазіргі ғимараттың салынуына ұйыт­қы болған – ұлтымыздың дара пер­зенті Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев.

Тарихи тұлғалардың кітапхана музе­йінде сақтал­ғ­­ан фотоларын оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Кешегі классиктеріміз кітаптарды көз майын тауысып оқыған. Олардың да «Оқырман билеті» болған. Назар­ларыңызға солардың бірнешеуін ұсынсақ.

Даламызда ілгері кездерден бастап жазу ісі қалыптасып, тастарға қашалып басылса, одан кейінгі кезеңдерде сол балбалдар, ескерткіштер, өрнекті петроглифтер замана сынақтарынан өтіп, кейінгі кезеңдерде теріге, күйген қыштарға басылып, одан соң, бума қағаз, кітап түрлерінде түптеліп бүгінгі күнге жетті. Әдеби мұраларымыз ауыздан-ауызға жаттала жетіп, Абай кезеңінде жазба әдебиетіміз қалыптасып, кітаптар қатары молайды.

Еліміздегі білім мен ғылымның, әдебиет пен мәдениеттің қасиетті қара шаңырағына айналған Ұлттық кітапхана ғасырдан астам уақыт бойы еліміздің жадын жоғалтпай жалғап келеді. Әрине, елімізде қара шаңырақ көп. Мысалы, ең алғашқы ашылған театр, университет, мектептерді қара шаңырақ дейміз. Дегенмен мектепте тек тәлім мен білім үйретілсе, театрда өнер насихатталса, университетте ғаламды ғылыммен таныса, ал Ұлттық кітапханада осының бәрін қамтуға болады. Мұнда білімнің, ғылымның, өнердің, мәдениеттің барша түрімен шұғылдануға болады. Ол үшін оқырманнан соқыр тиын талап етпейді. Әлгі «Ақылына ақы сұрамайтын» деген тәмсіл дәл осыған саяды. Сондықтан да Ұлттық кітапхана еліміздегі ең таңдаулы қара шаңырақтың бірі емес пе?

Ғасырдан астам шежіресі бар Ұлттық кітапхананың 7 миллионнан асып жығы­латын қоры бар екенін бүгінде барша оқырман біледі. Жетпіс мың емес, жеті жүз мың емес, бақандай жеті миллион кітап. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1935 жыл­ғы 8 сәуір, №11-санының 4-бетін­де кітапхана қоры жарты миллионды құрай­тынын анықтамалық ақпарат ретінде жазған екен.

Тарихтан ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ ұлтына зауалды да нәубетті кезең болғаны белгілі. Зобалаңы мен сұрапылы басым кезеңде көп мұраның жойылмай сақталып қалуына себепкер болған осындай парасат ордасын қалайша қасиетті қара шаңырақ демейсіз? Ұлттық кітапхана Алматы шаһарына ғана қызмет етіп жатқан жоқ. Онлайн түрде де Жер шарының түкпір-түкпірінен келген түрлі анықтамаларға қызмет көрсетіп келеді.

Қазақтың бас ақыны Абай Құнан­бай­ұлы «Артық білім кітапта», деп әу бастан-ақ мұқым қазаққа кітаптың құндылығын нас­и­хаттап, қазақ баласының кітаппен дос болуын жазба әдебиеттің атасы осылай жазды. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсіре­пов «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақ­т­ың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлау­дан да тыйылар еді», деп кітаппен дос болуға үндейді. Ал классик жазушы Әбіш Кекілбайұлы «Адамды адам еткен кітап, адамзат еткен кітапхана», деп, кітап пен кітапхананың қоғам өміріндегі маңыз­ды­лығын екіауыз сөзбен ұқтыра білді.

Қазіргі заман екпіні, дәуір дидары қайтадан кітап оқу мәдениетін, кітапхана мәдениетін қайта жандандырып жатыр. Бүгінгі тілмен айтар болсақ кітап оқу трендте. Ал осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы қай кезеңде де оқырманына парасатпен жол бастап, жөн көрсетіп келеді.

Еңселі кітапханамыздағы кітаптар тарихына қарасақ, ХІІ ғасырда жазылған қолжазба кітаптар парасат ордасының беделін арттырып, ғасырлар құпиясын өн бойына сіңіреді. Бұл кітапханада кездесетін сирек кітаптар мен қолжаз­балардың кейбіреулері әлемде мүлде кездеспейді.

Кітапхана – шындығында адамға керекті барша рухани азықпен азықтандыратын, руханият асханасы іспетті. Адам баласы өзінің рухани өресі қай деңгейде екенін өлшейтін де басты құрал ол – кітапхана. Ілгеріде бір ғалымнан: «Менің болашағымды болжап беріңізші», дегенде, әлгі ғалым ойланбай: «Маған қазіргі таңда оқып жатқан және оқыған кітаптарыңды көрсет, сонда келешегіңді мүдірмей айтамын», депті.

Шындығында қазір әлемде де, отаны­мызда да кітапхана оқырман қатары көп. Кітапханада біздің баһадүр баба­ларымыздың асыл сөздері мен өсиетті мұралары мәңгілік орын тапқан. Руха­ният ордасында өресі биік, рухани дүниетанымы кең адамдар ғана қызмет атқарады және осы қасиеттерге ие адам ғана бас сұға алады.

Шынар ғұмыр, шежірелі тарихымызға зер салсақ, халқымыз қашанда жазу, сызудан мақұрым қалмапты. Бізді ұлт ретін­де мойындағысы келмейтін кейбір ұлт өкілдерінің өзінен, кезінде көш ілгері болғанымыз жалған емес. Зауалды заманалар кезінде де халқымыз, үй төріне қасиетті Құран Кәрім кітабын қойды. Халқымыздың дінді, тілді қастерлеуі сонша, жерде араб тілінде жазуы бар парақты көре қалса, оны түсінбесе де, жоғары қойып қойған. Кітапты көре қалса, көрегенділікпен көз жүгіртіп, ой сараптайтын қазақ ұлты өткенінен ұялатын ешбір оқиға жоқ.

Уақыт диірменін артқа шегіндіріп айтар болсақ, ортағасырлар дәуірінде даламызда дүниеге келіп, жер-жаһанға мәшһүр болған ғұламалар сабы да сирек емес. Осы кезеңдерде кітап, жазу, сызу істері Орталық Азия елдерінде көш ілгері болды. Орта ғасырлар кезеңінде гүлденген Отырар, Сығанақ, Исфиджаб, Ясы сынды 100-ден астам қалалар құрамында өз деңгейінде кітапханалар болды. Ол кітаптар біз ойлағандай қазіргі күнгі көркем, мұқабасы қалың тігілген кітаптар болмаса керек, ол кезеңдерде көбіне бума қағаз түрінде, күйдірілген қыштарға, бұзау терілеріне жазылған қолжазбалар болған. Тарих төрінде ақиқатынан аңызы басым, ғаламдық деңгейде мойындалған, Александрия кітапханасынан кейінгі екінші орынға табан тіреген Отырар кітапханасында еліміздің білім, ғылым, кітапхана саласындағы мақтанышымыз. Орта ғасырлық Отырар шаһарында орналасқан Отырар кітапханасы тек қана өз қаласын кітаппен қамтамасыз еткен емес, көрші Сығанақ, Ясы сияқты қала­ларды кітап, білім нәрімен қамтып отыр­ды деген мәліметтерде жалған бол­мас сірә. Ол кезеңдерде еліміздегі көп­те­ген қалада, кітап түптейтін орындарда болыпты. Яғни кітапхана саласында ғасыр­лар қойнауында бастаған бастамалар бар.

Бүгінде әлемнің 123 тілінде кітап сақтап, бүкіл республикаға қызмет етіп отырған Ұлттық кітапхананың ел мәде­ниетінде алар орны бөлек. Босаға­сынан қарапайым талапкер болып аттап, ғалам мойындар академик, классик қаламгер болып шығатын кітапхананың өзіндік рухы қашанда келген оқырманды құшақ жая қарсы алады.

 

Қанат АЛТЫНБЕК,

Ұлттық кітапхананың ғылыми-әдістемелік қызметінің маманы