Аймақтар • 13 Маусым, 2024

Жезқазған – Қызылорда: Жол құрылысы жанданады

89 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жезқазған – Қызылорда аралығында автокөлік жолының сын көтер­мейтін жағдайы жөнінде қаншама жылдан бері айтылып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы Екібастұз қаласында өткен моноқалаларды дамытуға байланысты жиында «Бұл Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының сауда-көлік байланысын күшейтуге, сонымен қатар жүк транзитін арттыруға мүмкіндік береді» деп, бұл жолдың тек аумақтық қана емес, халықаралық деңгейдегі маңыздылығына да назар аударды. Сөйтіп, көпшіліктің көңіліндегі үміт оты қайта жанып еді.

Жезқазған – Қызылорда: Жол құрылысы жанданады

Фото: orda.kz

Сол жылдың күзінде «Еуропа қайта құру және даму банкі» Қызыл­орда облысының аумағындағы ұзын­дығы 219 шақырым болатын автожолды реконструкциядан өткізуге қажетті қаражатты бөлуге келісімін бергені жөнінде ақпарат тарады. Жалпы сметалық құны 106,6 млрд теңгені құрайтын жобаның құрылыс-монтаж жұмыстары 2022 жылы бас­талды. Мұны көрген халықтың риза­шылығында шек болмады. Бірақ...

Жұмыстың Қызылорда жағында қыз-қыз қайнап жатқанын көріп жүрген жезқазғандықтарды «Біздің жақтағы жөндеу жұмыстары қашан басталады екен?» деген сұрақ мазалай бастады. Алаңдаушылықты «тендер өтпей қалыпты, жоғары жақта бұл жолдың жөнделуіне қарсы күштер бар көрінеді» деген алыпқашпа сөз­ одан әрі үдете түсті. Ел арасы­на тараған «Қызылорда жағын «Еуропа даму банкі» қаржыландырып жатыр, ал Ұлытау жағын «Азия даму банкі» қаржыландырудан бас тартыпты» деген суық сөз елді әрі-сәрі күйге түсірді. Сөйтіп жүргенде, 2023 жылдың жаз мезгілінде аталған банк өкілдері Жезқазғанға келіп, құны 90 млрд теңге тұратын тендерге, баға өсімін ескергендіктен, ешқандай мердігердің қатыспағаны себепті, қайта тендер өткізу керектігін мәлімдеп кетті. Сол жылы күзде Ұлытау облысына келген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі М.Қарабаев 2023 жылдың қазан айында тендер өтіп, жолды жөндеуге даярлық жұмыстары қараша-желтоқсан айларында басталатынын жеткізді. Ұлытаулықтар бұл жауапқа «тендер емес, жол салынып біткендей» қуанып қалды. Өкінішке қарай, көп кешікпей тендердің өтпегені туралы хабар келіп жетті.

Қарапайым халық кейінгі кезде «Қызылорда жағындағы жұмыс екі облыстың шекарасына дейін жетті. Ал біздің жақ неге үнсіз?» деген сұрақты бұрынғыдан да жиі көтере бастады. Ұнжырғасы түсіп кеткен елдің көктен іздегені өткен аптада жерден табылды. Астана жақтан «Жолдың «жыры» бітті, енді жөндеу басталады» деген жақсы жаңалық жетті. Ұлытау облысы әкімдігіндегі алқалы жиында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Жезқазған – Қызылорда автожолының Ұлытау облысы аумағына қарасты бөлігіне қатысты тендердің сәтті өткенін жариялады.

«Шынында да, бұрын жария­ланған тендерлерге мердігерлер қатыс­пады, өйткені ұсынылған баға еш­кімнің көңілінен шықпады. Бұл жолы біздің тарапымыздан құры­лыс қажеттілігіне 156 млрд теңге ұсыныл­ды. Сегіз лот бойынша жария­ланған тендерге 11 компания қатысты, олардың екеуі – өзіміздің компания­. Нәтижесінде, жалпы сомасы 108 млрд теңге ұсынған қытайлық 4 ком­пания «жеңімпаз» деп танылды. Олардың төртеуі де жол құрылысында зор тәжірибе жинақтаған компаниялар», деді Дархан Серікұлы.

Д.Иманашевтың айтуынша, отан­дық компаниялар құрылыс жұмысына қосалқы мердігер ретінде тартылады. Сондай-ақ құрылысқа толықтай отандық материал пайдаланылады.

«Мәселені тікелей назарында ұстап, қайта-қайта нақтылап отырған ел Президентіне ұлытаулықтар атынан шынайы алғысымды жеткізгім келеді. Жол пайдалануға берілген кездегі пайдалы жағын айтпағанның өзінде, құрылыс жұмыстарын жүргізудің өзі облысымыздың экономикалық дамуы­на өзінің зор игі әсерін тигізеді», деді облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы.

Өйткені құрылысқа қатысты мердігердің бәрі Ұлытау облысында тіркелетін болады, яғни облыс бюджетіне қосымша қаражат түседі. Жергілікті мамандар, қарапайым жұмыскерлер тартылады. Жолға қажетті қиыршық тас Жезқазғанның іргесінен тасылады. Қаншама техника жұмылдырылады, соларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету  қажет. Әртүрлі қызмет көрсету ком­па­ния­ларының қажеттілігі туын­дай­тын­дықтан кәсіпкерлік те дами түседі.

Сонымен, бір түйін тарқатылды. Жоспар бойынша құрылыс жұмыс­тары 2026 жылы аяқталуға тиіс.

 

Ұлытау облысы