«Таза Қазақстан» • 13 Маусым, 2024

Саф ауа, саламатты ұлт

59 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы экология мәселесіне ерекше басымдық беріліп келеді. Бұл – бірреттік науқан емес, жалпыұлттық деңгейде тазалық сақтау, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кешенді шара екені белгілі. Сондықтан акция тек сенбілікке шығумен шектелмейтіні түсінікті. Осы орайда таяуда Теміртауда «Саф ауа» атты экологиялық форум өтті.

Саф ауа, саламатты ұлт

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Мұндай маңызды жиынның Метал­лургтер қаласында өтуі де те­гін емес. Форумда ірі өнді­ріс оша­ғы бар өңірлердің эколо­гиялық мәселелері ашық қозғалып, оларды шешудің жолдары қарастырылды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі және жергі­лік­ті атқарушы органдардың қолдауымен «ECOLFR» қауым­дастығы ұйымдастырған форум­ға жоғарыда атап өткен ми­нистрліктің, Еуропалық одақ­тың Қазақстандағы өкілдігі қызмет­керлері, Парламент депутаттары, жергілікті билік өкілдері, халық­аралық ұйымдар мен ғылыми қоғамдастықтар, сондай-ақ экобелсенділер қатысты.

«Таза ауа, кіршіксіз табиғат – жас ұрпақтың болашағы, елі­міз­дің әл-ауқатының негізі. Сон­дықтан «Саф ауа» форумын эко­логия мәселелері ерекше назар аудартатын және кешенді ше­шім­дерді талап ететін Теміртау қаласында өткізуіміз бекер емес. Мемлекеттің, бизнестің және жұртшылықтың бірлескен күш-жігері, озық технологияларды тарту және өнеркәсіпті дамытуға жауапты көзқарас – жағдайды оңал­та алады деп сенеміз. Өңір­лер­дің экономикалық табыстары ғана емес, таза ортасы да бү­кіл Қазақстан үшін үлгі болсын. Біз соған ұмтыламыз», деді «ECOLFR» қауымдастық кеңесінің төра­ғасы Ләззат Рамазанова форумды салтанатты түрде ашып.

Президент кеңесшісі, Халық­аралық экологиялық ынтымақ­тас­тық жөніндегі арнайы өкіл Зүлфия Сүлейменова өзінің баян­­дамасында бірнеше мәселе көтер­ді.

«Климаттық қаржылан­ды­ру­ды жетілдіру маңызды. Мы­салы, электр қуаты желілері жақсы жұмыс істеуі үшін ЖЭК (жа­ңар­тылатын энергия көздері) ин­тег­рациясы бөлігін жаңғырту көзделіп отыр. Бұл – жылумен жабдықтау жүйесін жақсарту, энергия тиімділігін арттыру, өндірісті көгалдандыру, «жасыл» болат өндірісі Қазақстанда пай­даланылуға тиіс өте маңызды жаһандық құралдар», деді З.Сүлей­менова. Мұнымен қоса, жа­сыл таксономия, климаттық қаржыландыру, еліміздің әлемдік бағдарламаларға қатысуы, сон­дай-ақ жасыл экономикаға түбе­гейлі көшу мәселелеріне толы­ғырақ тоқталды.

Қарағанды өңірінде өндіріс ошағы көп. Сол себепті де, об­лыстың даму бағдарламасына эко­логиялық қауіпсіздікке бағыт­тал­ған бірнеше жоба енген. Яғни баламалы энергия көздерін салу, қоқысты бөлек салатын контей­нер­лерді орнату, жыл сайын 1 миллион көшет отырғызу арқы­лы жасыл аймақтарды құру секілді. Ең бастысы, облыстың өнер­кәсіп кәсіпорындарын газбен жұмыс істеуге ауыстыру.

«Біздің облыстағы экология – аса маңызды мәселелердің бірі. Себебі біз өнеркәсіпті өңірміз. Бұл Қарағанды, Теміртау мен Балқаш қалаларына қатысты. Сол үшін қабылданған бесжылдық бағдарламамыз бар және біз оны орындаймыз. Біздің бюджетке түсетін экологиялық төлемдер экобағдарламаларды орындауға жұмсалады. Биылдың өзінде біз осы мақсаттарға 40 млрд тең­ге бөлдік», деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Теміртаудағы «Qarmet» АҚ алпауыт өндіріс ошағы өздерінің зиянды қалдықтарын азайту мақсатында 2024–2028 жылдарға арналған даму стратегиясын құр­ған. Мұның ішінде болат ди­ви­зионын біртіндеп газдандырып, көгалдандыруға көп кө­ңіл бөлу үшін биыл 29,7 млрд теңге бөлген. Мұны компания бас директорының орынбасары Евгений Зицко өзінің баяндамасында жеткізді.

«Энергетика мен қоршаған орта арасындағы байланыс айқын. Планетамыздың тұрақтылығы көбінесе бұл қатынастың қанша­лық­ты үйлесімді болатынына байланысты. Экономикалық өсім­ді жоғары көміртегі ізі бар ре­сурс­тарды тұтынудан бөлу Еуро­палық одақ үшін де, Қазақстан үшін де стратегиялық маңызды басымдық. Осыған байланысты көміртегі шығарындыларына баға белгілеудің әділ жүйесін құру Қазақстанға парниктік газдар шығарындыларын тиімдірек қысқартуға мүмкіндік береді. Еуропалық одақ Қазақстанның шығарындыларға квоталар сау­­да­­сының еуропалық және отан­дық жүйелерін жанас­тыру жө­нін­дегі мақсаттарын толық қол­дайды. Біз ЕО транс­ше­каралық көміртекті реттеу тетігі (CBAM) туралы жағдайды тұрақты талдау жөніндегі Эко­логия және табиғи ресурстар министрлігінің күш-жігерін жоғары бағалаймыз және өз тарапымыздан барлық қажетті ақпаратты беруге дайынбыз», деді Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасындағы Өкілдігінің бағдарлама менеджері Роберт Брудзински.

Қазақстанда қалдықтарды қай­та өңдеу мәселесін кешенді шешу қажеттілігі туындағаны турасында да ашық пікірталас өрбіді. Мәселен, 1000-нан аса кәсіпорын сапалы шикізат тап­шы­лығын көріп отырғаны айтылды. Мұндай олқылықтың орнын толтыру үшін қалдықтарды басқару саласында жалпы сомасы 230 млрд теңгеден асатын 94 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр екен. Оның ішінде 49 қоқыс сұрыптау кешені салынады, қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 45 кәсіпорынның жұмысы жаңғыртылады. Соның арқасында 800-ден аса жаңа жұмыс орны құрылады.

Сонымен қатар форумда сөз алған спикерлер өнеркәсіптегі энергетикалық трансформация, ондағы энергия тиімділігін арттыру бағыттары мен құрылыстағы жасыл технологиялар жөнінде ой алмасты.

Қоршаған ортаны бақылаудың автоматтандырылған жүйесі ен­гі­зілген өңірлерде соңғы бес жыл ішінде ауа ластануының деңгейі 15-20 пайызға кеміген. Тіпті экологиялық түрлі апаттарды, төтенше жағдайларды жедел анықтап, салдарын жою­дың арқасында 10-12 пайызға төмендегені және айтылып, автоматтандырылған жүйені басқа аймақтарға да енгізу жө­ніндегі мәселелер көтерілді. Қыс­қасы, табиғат тазалығының егжей-тегжейі талқыланған форумда көтерілген ұсыныстар арнайы хат ретінде мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдарға жолданады.

Форум соңында экология тақырыбында салған сурет­те­рімен жүлделі орын алған оқушылар мен мұғалімдер дип­ломдар, эко­белсенділер Құр­мет грамотасы, Алғысхаттармен, салалық медаль­дармен марапатталды.

 

Қарағанды облысы,

Теміртау қаласы