Заң • 12 Маусым, 2024

Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасына өзгерістер енгізілді

95 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасы екінші оқылымда қабылданды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заң жобасына өзгерістер енгізілді

Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Ұлықбек Тұмашинов тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар туралы заң жобасы аясында жасаған баяндамасында тұрғын үйді жекешелендіру және әртүрлі санаттағы адамдарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Аталған заң жобасы өткен жылғы қарашада бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасында мына мәселелер қарастырылған: 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Отбасы банкін «толыққанды даму институты» етіп, азаматтарды есепке қою мен тұрғын үйлерді бөлуді орталықтандыруға бағытталған нормалар  көзделген.

Жергілікті атқарушы органдардан тұрғын үйді тіркеу, есепке алу және бөлуді Отбасы банкінің құзыретіне беру ұсынылады.

Заң жобасында әскери қызметті атқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасын бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша норма енгізілген.

Заң жобасын 2-ші оқылымға дайындау барысында:

Бірінші. Отбасы банкі екінші деңгейдегі банктер жүйесінде және депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінде сақталып қалды. Сондай-ақ Отбасы банкінің қызметін лицензиялау да сақталатын болады.

Екінші. Заң жобасына «сатып алу құқығынсыз» азаматтарға жалға берілген тұрғын үйлерді – енді «жекешелендіру құқығын беру» туралы ұсыныс енгізілді. 

Бүгінгі таңда сатып алу құқығынсыз берілетін  тұрғын үйлер – халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана берілетіні белгілі. Бұл азаматтарға жалға берілетін баспананы жеке меншік ретінде қалдық құнымен  алуға мүмкіндік береді.

Мұндай жаңа жекешелендіру құқығын – барлық өңірлерде 51 мың халықтың әлеуметтік осал топтарының азаматтары пайдалана алады.

2017 жылдан бері қайтарымсыз негізде жалға берілетін тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен 418 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді және өңірлерде 51 мың пәтер салынып, берілді («Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында).

Үшінші. Жалғыз баспанасы «апатты тұрғын үй» деп танылған үйдің орнына берілген тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беру енгізіліп отыр. Ол қолдау тапты. Бұл ұсыныс 1600-ден астам азаматтың мәселесін шешуге бағытталған.

Төртінші. «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 13-бабының 8-тармағына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрып жатқан үйлерді 11 санатқа (соғыс ардагерлері; 1 және 2 топтағы мүгедектер; қызмет барысында қаза тапқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелері; ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтар және т.б.) «меншігіне өтеусіз алуға» қолданыстағы құқық сақталды. 

Бесінші. Асыраушысынан айырылған адамдардың мүдделерін қорғау мақсатында «жесірлер» санаты – жеке дербес санатқа бөлінді. Ол, халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміне жаңа санат ретінде қосылды.

«Жесірлер – асырауында кәмелетке толмаған балалары бар және күндізгі бөлімде оқитын балалары бар, бірақ олар жиырма үш жасқа толғанға дейін».

Сондай-ақ жекелеген нормаларды нақтылайтын және заң жобасының мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізілді.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті