Медицина • 12 Маусым, 2024

«Аңсаған сәби» – шарапаты мол бағдарлама

84 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы енгізіліп, экстракорпоралды ұрықтандыруға (ЭКҰ) бөлінетін квота 7 есе көбейгені мәлім. Осы арқылы мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие болды. Жақында аталған бағдарлама арқылы баласын бауырына басқан отбасылар «Экомед Астана» орталығында бас қосты.

«Аңсаған сәби» –  шарапаты мол бағдарлама

Ғылымға, дамыған медицинаға жүгінген жөн

Осы кездесуде жасанды ұрықтан­дырудың көмегімен екі қызын дүниеге әкелген Əсел есімді ананың батылдығына, қайсарлығына тәнті болып, іштей «Ана кесімі айнымайды» деп сүйсінген едік. Бала сүюді аңсаған аналарға жәрдемдесіп жүрген Әсел Жұбаева – «Перзентті болу» қорының құрылтайшысы. Жолдасы Ербол Жұбаевпен 2008 жылы отбасын құрып, 2010 жылы тұңғышын дүниеге әкелген. Перзентін қолына алып, ана бақытын сезінген әйел де екінші сәбиін босану қиынға соғады деген қылдай да күмән болмаған. Алайда Әсел 2016 жылы операциядан кейін балалы болудың жалғыз жолы ЭКҰ екенін түсінеді.

«Сол жылдары халық ЭКҰ-ға үрке қарайтын. Жолдасым да келіспеді. Үзілді-кесілді қарсы болды. Қысқасы, қорық­тық. Қазір ел-жұрт ЭКҰ-ның бала күтіп жүрген отбасыларға үлкен мүмкін­дік екенін түсіне бастады. Негізі дәрігер­лер маған диагнозды 2014 жылы қойды. Сол жылдары бірнеше тексеруден өт­тік. Қол-қу­сырып қалмадық. Кейінірек сұрас­тыр­сам, біз өткен сүрлеуден бала сүйе ал­маған аналардың барлығы өтіпті. Аналар­дың бармаған жері, баспаған тауы жоқ шығар. Медициналық тексеруден өтіп, тауы шағылған аналар бақсы-балгер ж­ағалайды. Барлығымыз бұдан өттік. Со­ңында бәріміздің басымыз ЭКҰ орталық­тарында тоғысты. Бала сүюді көздегендер ештеңеден тайынбайды ғой. Біз де сондай отбасылардың қатарында болдық. Қазір өткенді еске түсірсек, күлкіміз келеді. Қазір ғылымға, дамыған медицинаға жүгінген дұрыс деп санаймын. Өйткені өзіміз балгерге барамыз деп, жағдайы нашарлап, зардап шеккендерді көп көрдік»  дейді Әсел.

р

 

ЭКҰ-ға ақылы негізде жүгінген

Әсел Жұбаева 2020 жылы ЭКҰ туралы ақпараттардың анық-қанығына үңіле келе, осы әдіске жүгінуді жөн көреді. Ма­мыр­да «Экомед Астана» орталығына ба­рып, дәрігер Алмаз Құрманәліұлымен жүз­де­седі. Ол кез тату отбасында есейіп келе жатқан үлкен ұл 10 жасқа толған. Ізінен ерген іні-қарындасы жоқ. Мемлекет ұсын­ған квотаға екінің бірі іліге алмайтын еді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы араға жыл салып қана іске аса бастаған тұс. Алайда Әсел­дің диагнозымен ол бағ­дар­ламаға қаты­су да мүмкін емес көрінеді. Содан Әсел мамыр айынан қазан­ға дейін ЭКҰ-ға бір­неше рет жүгініп, бесін­ші мүмкіндігінде бала көтереді. Осы ара­лық­­та өзіне сенімді, жана­шыр ана жеке Instagram-да парақша ашып, өзі туралы дерек­­тер­ді оқырманмен бөлісе бастайды. Өйткені...

«Мамырда ЭКҰ-ға жүгіне бастаған уақытта Instagram әлеуметтік желісінен жеке парақша ашып, оны «Ана болуға бастар жол» деп атадым. Өйткені біз ЭКҰ-ға барарда толымды ақпаратқа қаныға алмадық. «ЭКҰ деген не? Бұл әдіс қалай жүргізіледі, қауіпсіз бе?» деген сұрақтар алаңдатты. Осыны медицина терминдерімен емес, қарапайым ауызекі тілде түсіндіріп беретін жан табылмады. Әрине, медицина мамандарына сұрақ жоқ, олар ЭКҰ туралы бастан-аяқ түсіндіріп берді. Бірақ біз осы әдіспен босанған басқа аналардың тәжірибесін көріп-білгіміз келді. Ресейдің ақпарат көздерінде ЭКҰ туралы мәлімет көп-ақ екен. Дегенмен өзге елдің емдеу тәсілдері, бағдарламалары, протоколдары бөлек болады ғой. Содан өзім әлі бала көтермей жатып, жеке парақшамда ЭКҰ-ға қатысты өз басымнан өткерген жайттар туралы жаза бастадым. Өзге аналарға көмегім тисе екен дедім. Өзім туралы, диагнозды, қалай қаралғанымды, сараптамаларды, қанша қаржы жұмсалғанын бәрін-бәрін түсіндіруге тырыстым. Расымен, көпшілікке тақырып қызық болды. Бір өкінішім, өзімнің әлі бала көтермегенім еді. Мен бірінші мәрте ЭКҰ-ға барғанымда қазір бағдарламадан өтемін, бірден бала көтеремін, бітті деп ойлаппын. Әсте олай емес екен. Әйтеуір, қуанышымызға қарай бесінші мүмкіндікте қызымды көтердім», дейді ана өзінің оқиғасын әңгімелеп.

 

Үміт алдамапты  

Бірден бірнеше батыл қадамға бар­­ған Әсел Жұбаева ЭКҰ тәсілі туралы мәліметке терең бойлап, тіпті орталыққа қатынауы тұрақты дағдыға айнала бас­тапты. Әр мүмкіндіктегі сәтсіздік жанға батады. Отбасында «балаларың бар, бәлкім бұл әдіске жүгінбей-ақ қоярсыңдар, болмайтын тәрізді» деген сарында кеңес айтқандар да болған. Бірақ бала сүюді аңсаған ана өзінің дұрыс қадам жасағанына іштей сенген. Расында, сол селкеу түспеген сенім ананы алдамапты. Instagram-дағы парақшасын үзбей жүргізіп, WhatsApp-тан бірнеше топ ұйымдастырып, аналардың басын қосқан отбасы кеңесе келе қайырымдылық қорын ашуды ойластырып жүрген еді. Бұл идеяны Әселдің жолдасы Ербол ұсыныпты. Содан әне-міне деп жүргенде тату отбасының «Перзентті болу» деп аталатын қоры тіркеліп, 7 қазанда ресми жұмыс істеп бастаса, араға бес күн салып Әсел үлкен қызын көтерген.

«Экомед Астана» клиникасына барып жүргенде небір тағдырлы адамдарды көрдік. Айтпақшы, бірер айдың ішінде Instagram арқылы жекеме жазатындар көбейген еді. Тіпті келген хаттардың барлығына жауап қайтаруға мүмкіндік болмай қалды. Сосын, маусымда WhatsApp-тан ортақ топ аштым. Өзім әлі бұл әдіспен бала көтермесем де барынша өзім секілді аналарға көмектескім келді. WhatsApp тобым да күн санап толыға берді. Дәл қазір «Перзентті болу» деп аталатын топта 3000 адам тіркелген. Негізі, WhatsApp-та ЭКҰ-ға қатысты бір емес, ондаған тобымыз бар. Сол топтардың барлығын бақы­лап, қолдан келгенше аналарға көмек көрсетіп жүрген жайымыз бар. Осы топ­тарға еліміздің барлық өңірімен қоса, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан азамат­тары да қосылып жатыр. Кешегі Бала­лар­ды қорғаудың халықаралық күні қарса­ңында клиникаға жиылған аналар да осы топтың мүшелері», дейді Әсел сөзін жалғап.

2021 жылы тату отбасында үлкен ұлдың артынан ілескен қыз дүниеге келіп, отбасының қуанышы еселенеді. Баласын бауырына басқан анаға дәрігер Алмаз Құрманәліұлы тағы бір перзент сүю үшін мейлінше ерте қамдану керегін ескерткен. Содан қызы бір жасқа толғанда Әсел ЭКҰ-ға тағы жүгініп, былтыр екінші қызын дүниеге әкелді.

 

Тегін емшараға екінің бірі іліге алмайды

Әсел Жұбаеваға диагнозы бойынша ЭКҰ-дан ақылы негізде өтуге тура келген. Демек тегін квота кез келген отбасына бе­рі­ле бермейді. Квота бөлудің тәртібі солай. Диагнозға қарайды. Әсел мен Ербол аш­қан «Перзентті болу» қорының артық­шы­­­лығы да сол, мұнда квотаға ілікпеген ана­­лар келеді. Қор басшылығы осыған дейін ЭКҰ-ға бірнеше анаға жолдама берсе, соның ішінде қор есебінен 3 ана боса­­нып, баласын бауырына басқан. Қор да жа­­санды ұрықтандыруға жолдаманы кон­­курс арқылы тағайындайды. Алайда қор­­­дың басым бағыты бұл емес. Әсел Жұ­бае­ва аналарға көбіне-көп, психо­ло­гия­­лық, моральдық жағынан көмек қолын со­зу­­ға тырысады. ЭКҰ-ға жүгінуді ойлап, жүрексініп жүргендерге бағыт-бағ­дар сілтеп, жігерлендіруге күш салады. Әри­не, қайырымды жандар қорға қара­жат кө­­бі­рек аударса, ЭКҰ-ға қор арқылы қа­­ты­­с­а ала­тын аналардың да мүмкіндігі мо­­лаяр еді.

«Кейбір қалталы азаматтардан «бала жоқ па, асырап ал деген» сарында пікір естиміз. Мұндай жағдайды кім-кім де болсын өз басынан өткізбеген соң, айту оңай шығар. Бізге қаржы аударғанша, науқас балаларға немесе көпбалалы мұқтаж отбасыларға көмек көрсеткеніміз дұрыс дейтіндер де кезігеді. Бастысы, бізді «Экомед Астана» клиникасы қолдап отыр. Бірлесіп, біршама игі жұмысты іске асыруға ниеттіміз. Иә, «Аңсаған сәби» бағдарламасы үшін Мемлекет басшысына алғыс айтамыз. Асыл аналарымыз бұрынғыдай ЭКҰ-ға кезекті 7-10 жылдап күтпейді. Ауылдық жерлерде жұмыссыз азаматтар бар. Олар ЭКҰ-дан ақылы өте алмайды ғой. Баласыз 15, тіпті 20 жыл бірге өмір сүрген ерлі-зайып­тылар бар. Олардың ЭКҰ-ға жүгініп, бала көтере алмай жүргенін көрген­де жаныңа батады. Қысқасы, жасанды ұрықтандыруға жүгінгендердің өз тағдыры бар. Бірінің тағдыры бірінен оңай немесе қиын деп бөлуге болмайды. Біз әрине квотаның 7 есе көбейгеніне қуаныштымыз. Бірақ маған салса, квота берердегі бірлі-екілі кемшілікті реттеу­ге тырысар едім. Біз Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназаровамен жүздескенде, бағдарламаға қатысты туындаған мәселелерді айтқанбыз. Ол біз ескерткен ұсыныстардан хабардар екенін айтып қуантты. Демек алда әлі ЭКҰ-ға квота арқылы қатысатын аналардың тізімі кеңейеді деген үміттеміз», деді Әсел әңгімесін қорытындылап.

«Аңсаған сәби» бағдарламасының шарапатын көрген аналар Президент тапсырмасымен елімізде осындай мүм­кіндік жасалғанына дән риза. Тек кейбір жағдайларда диагнозға байланыс­ты квотаға іліге алмайтын отбасылар үшін бағдарламаның кей тұсын жетілдіре түссе деген тілек бар.