Өнім • 08 Маусым, 2024

Көкөніс сақтаудың тиімді жолы

39 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Павлодарда жыл сайын аста-төк жиналатын картопты өңдеу мәселесі кенже қалғаны газет бетінде аз жазылып жүрген жоқ. Облыс фермерлері жергілікті нарықтағы сұраныстан 10-12 есе көп түйнек өсіреді. Осы түйткілді ескерген шаруашылықтардың бірі келер жылы 20 мың тонна картоп қытырлағын шығаратын зауыт ашуды ойға алып отыр.

Көкөніс сақтаудың тиімді жолы

Фото: okg.kz

Мемлекет басшысы ел айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар екенін, онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы болып тұрғанын айтқан еді. Бұл орайда Президент алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу міндетін жүктеді. Керекулік фермерлер аталған мақсат үдесінен шығу үшін картоп өңдеу ісіне басымдық беріп отыр. Бұл үшін ең әуелі өңірде картоп қытырлағын шығаратын зауыт тұрғызу жоспарланды. Бас­та­маны жергілікті компаниялардың бірі қолға алмақшы. Кәсіпорын іске қосылса, жылына 20 мың тон­наға дейін картоп қытырлағын шығаруға болады.

«Зауыт 2025 жылы Ақсу қала­сын­да ашылуы керек. Жобаны «Chips Asia» ЖШС жүзеге асырады. Қазір жер телімі ресімделген, техни­калық шарттарды алу бо­йынша жұмыстар жүріп жатыр. Ірі картоп өсірушілердің бірі «Ақтоғай-Агро» ЖШС былтыр эксперимент ретінде қытырлақ өндіруге арналған картоптың «Фонтане» сортын 500 гектарға егіп, 9 мың тоннадай өнім жинады. «Ақтоғай- Агро» – «Chips Asia» компания­сы құрылтайшыларының бірі. Сондықтан бұл жоба уақытында жүзеге асады деген ойдамыз», дейді өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Шүкірова.

Атап өтейік, былтыр күзде кереку­лік картоп өсірушілер тығы­рыққа тірелді. Фермерлер 806,4 мың тонна «екінші нан» жинап алдыңғы жылғы рекордты бірден 133 мың тоннаға жаңартқан еді. Алайда ала жаздай баптап өсірген жер ырысын жылдағыдай көршілес елдерге тонналап сатып алмай қалды. Ресейде килограмы 25 теңгеден сатылса, ішкі нарықтағы көтерме баға килограмына 58-65 теңгеден болғаны мәлім. Мұндай тиімсіз баға көптеген шаруашылықтың  шығынын жабуға мүмкіндік бермей, салдарынан кей фермерлер зор шығынға ұшырады. Аймақта картоп өсірумен 142 шаруашылық шұғылданса, оның 96-сы – ірі фермерлік шаруашылықтар. Облыста жалпы сыйымдылығы 495 мың тоннаны құрайтын 149 көкөніс сақтайтын қойма болса, оның ішінде 455 мың тонна өнімді заманауи жабдықталған қоймаларда сақтаудың мүмкіндігі бар.  Черноярка алқабында 1-2 гектардан картоп салатындар да бар. Мұндай ұсақ шаруа қожалықтары үшін өз өнімдерін сатуда биыл да қиындықтар туындауы мүмкін деп болжап отыр мамандар.

Ауыл шаруашылығы басқар­масы қайта өңдеуді және коопе­рация­ны дамыту бөлімінің бас ма­маны Татьяна Нагула облыс тұрғын­дары жылына небәрі 75,5 мың тонна картоп тұтынатынын айтады. Ал былтыр жиналған картоп бұл сұраныстан 12 есе асып түскен. Биыл Ертіс-Баян өңірінде жалпы құны 50 млрд теңгеден асатын 35 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Жыл соңына дейін 90 мың тонна өнім сыятын 10 көкөніс сақтау қоймасы ашылады деп жоспарланған.

 

Павлодар облысы