Саясат • Бүгін, 08:00

Машина жасау саласының қуаты

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан машина жасаушыларының XIII форумының пленарлық отырысына қатысып, «Kazakhstan Machinery Fair 2026» халықаралық мамандандырылған көрмесіндегі отандық өндірушілердің жобаларымен танысты.

Машина жасау саласының қуаты

Машина жасаушылар форумы 1300-ден аса елегаттың басын қосты, оның ішінде Аустрия, Германия, Италия, ҚХР және басқа да 20-дан аса елден келген жетекші өндірушілер, мамандар мен бизнес өкілдері бар.

Премьер-министр Олжас Бектенов форумға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде еліміз­де салаларды жаңғырту мен эко­­номиканың тұрақты өсуінің инс­ти­туционалдық негізіне айнал­ған жаңа Конституцияның қабыл­данғанын атап өтті.

«Біз бәріміз ел тағдырын ай­қын­дайтын елеулі кезеңнің куәсі бол­дық. Қоғамның белсенді қолдауымен референдумда жаңа Конститу­ция қабылданды. Әрқайсымызға мәлім, экономиканың және қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғыртуға мүмкіндік беретін еліміздің негізгі заңының авторы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Аса ма­ңыз­ды құжат ұлтымыздың ұзақ­мерзімді даму бағдарын ай­қын­дап, Қазақстанның кез келген сын-қатерлерге төтеп беруін қам­тамасыз етеді. Осылайша, «Әділетті Қазақстанды» құру үшін берік құқықтық негіз қаланды. Бұл экономикаға, соның ішінде өнеркәсіп саласына да ерекше жауапкершілік жүктейді әрі еліміздің мол шикізаттық әлеуетін халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағыттай алатын қуатты өңдеуші секторды дамытуды талап етеді», деді О.Бектенов.

Премьер-министр Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес, елімізде машина жасау саласын дамыту үшін болжамды әрі тұрақты орта қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Мем­лекет пен бизнестің ортақ міндеті – әділ әрі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, әлеуметтік әріп­тестік жүйесін дамыту.

Былтыр машина жасау өндірісі 5,7 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 13%-ға өсті. Отандық өндірушілер сыртқы нарықтарға анағұрлым батыл шығып жатыр. Кейінгі 5 жылда экспорт көлемі екі еседен асып, 1,3 млрд доллардан 3,1 млрд долларға дейін жетті. Рес­публика бойынша 4 мыңға жуық зауыт жұмыс істейді, онда 130 мыңнан аса білікті маман еңбек етеді.

Негізгі капиталға тартылатын инвестицияның үштен бірге өсуі – 376 млрд теңгеге жетуі саланы әрі қарай жаңғыртуға негіз болады. Барлық негізгі бағытта, оның ішінде, автомобиль, ауыл шаруашылығы, теміржол мен электротехникалық машина жасау салаларында оң серпін байқалады.

Жергіліктендіру деңгейін арттыру және қосылған құны жоғары өнім шығару мемлекеттің басым бағыты болып қала бермек. Бұл ретте қазір  құрастырудан өзіндік инженерлік шешімдерді әзірлеуге әрі ел ішінде жоғары технологиялық активтер құруға көшу үдерісін жеделдету маңызды.

«Өнімнің технологиялық деңгейі жаһандық бәсекелестік жағдайында негізгі факторлардың біріне айналуда. Шын мәнінде, бұл – цифрландыру, роботтандыру және жасанды интеллектіні енгізу деген сөз. Аталған үдерістер Президент қойған ауқымды міндеттер аясында ерекше маңызға ие болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан өңірдегі жетекші цифрлық хабтардың біріне айналуға тиіс. Бұл жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы машина жасау саласын да технологиялық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге тың серпін береді», деді Премьер-министр.

Зауыттарда жаңа технология­ларды қолдану ауқымды транс­формацияның негізгі эле­ментіне айналады. Әлемдік тәжі­рибеге сәйкес, өндірісте жасанды интеллектіні (ЖИ) қол­дану жабдықтардың техника­лық шығындарын 40%-ға дейін азай­тады. Елімізде де мұндай табыс­ты мысалдар жеткілікті. «СарыарқаАвтоПром» кәсіпор­нын­­да ЖИ ақауларды алдын ала бол­­жап, конвейердің тоқтауын бол­­дыр­­майды, ал ERG цифрлық шешім­дер арқылы былтыр шамамен 55 млрд теңге үнемдеді. Осылайша, «ақылды» технологиялар нақты экономикалық пайда әкеліп жатыр.

ЖИ өнімді жобалау мен сапаны басқаруда қолданылып, ішінара автоматтандырудан «ақылды зауыттарға» өтуді жеделдетіп жатыр. Ұзақмерзімді перспективада бұл өндірушілерге шетелдік компаниялармен бәсекелесіп, жаһандық нарықта жаңа сапа стандарттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жаңа буын инженерлерін даяр­лауға, адам капиталын дамы­туға баса назар аударылып жатыр. Білім гранттарының 60%-дан аст­амы инженерлік және IT-маман­дықтарға бағытталған. Озық тәжір­ибе­лер отандық университеттерде де, шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында да енгізіліп жатыр.

Пленарлық отырыс барысында Премьер-министр «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ Басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, өткізу нарықтарын кеңейту, өндірістерді жаңғырту және жаңа технология-ларды енгізу мақсатында Үкімет қабылдап жатқан шараларға қатысты сұрағына жауап берді.

«Өнеркәсіптің өңдеуші секторын дамыту – Үкімет жұмысының басты басымдығы. Қазақстанның даму болашағы осы міндетті қаншалықты табысты шеше алатынымызға байланысты болмақ. Біз қосылған құны жоғары терең өңделген өнімдерді өндіретін озық технологиялық ел боламыз ба әлде негізінен шикізаттық бағыттағы экономикамен даму жолымызды жалғастыра береміз бе? Міне, сондықтан мемлекет те, бизнес те өндірістік тізбектерді барынша құруға, қосылған құнды ел ішінде қалдыруға барлық күш-жігерін жұмсауға тиіс», деді О.Бектенов.

Былтыр сектордағы өндіріс көлемі 30,6 трлн теңгені құрап, үшінші жыл қатарынан өндіруші саланың көрсеткіштерінен асып түсіп отыр. Президент тапсырмасы бойынша Үкімет өндіріс орындарын ашатын компанияларды жергіліктендіру мен қолдауға басымдық беріп, салмақты өнер­кәсіптік саясат құрып жатыр.

Жаңа Салық кодексінде бизнес­тің ғылыми зерттеу, тәжірибе­лік-конструкторлық жұмыстарға жұмсайтын шығыстарынан 300%-ға дейін «супер шегерімдер» жасауға болатын норма бекітілген. Мұндай ынталандыру шаралары ғылыми жетістіктерді біріктіріп, өндірістік үдеріске енгізеді.

Сонымен қатар экспорт­тық қолдауды қолжетімді ету өндіру­шілерді кеңінен қамти­тынына да назар аударылды. Мұн­дағы ма­ңызды қадам – ЖИ-ді енгізіп, үдерістерді автоматтандыратын кәсіп­­о­рындарға жеңілдіктер беру. Жасанды интеллект және цифр­­лық даму бірінші вице-ми­нистрі Ростислав Коняшкин өнеркәсіптік роботтехниканы дамыту жөніндегі мемлекетаралық бағдарламаны әзірлеуге еліміз де белсенді қатысып жатқанын хабарлады. Бұл ұлттық шараларды өзекті интеграциялық талаптармен үндестіріп, кооперация, жергіліктендіру және технологиялар трансферінің мүмкіндігін кеңейтеді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет технологиялық құзыреттер мен инженерлік базаны дамытуға баса назар аудара отырып, жаңа өнеркәсіптік модель құру жұмысын жүргізіп жатқанын атап өтті. Экожүйені қалыптастыру институционалдық тетіктер арқылы да жүргізіледі.

Премьер-министр өз сөзінде барлық ірі жобаларға барынша отандық өндірушілерді тартуды тапсырды. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев шағын бизнес пен ірі ком­паниялар арасындағы келі­сім­шартты кеңейтуде цифрл­ық құралдарды енгізудің маңызды­лығын атап өтті.

Сонымен қатар Олжас Бектенов Kazakhstan Machinery Fair 2026 көрмесінде отандық кәсіпорындардың жаңа өндіріс ашу, жергіліктендіруді арттыру және техника түрлерін кеңейту ж­оспарларымен танысты.

Көрмеде Германия, Италия, Аустрия, Түркия, Қытайды қоса алғанда 24 елдің өнімдері ұсы­нылды. Жыл сайын өтетін көрме іскерлік байланыстарды нығайтуға, инвестициялар тартуға, тәжірибе алмасуға, елдің өнеркәсіптік компаниялары мен жалпы өңірдің экспорттық әлеуетін дамытуға арналған тиімді алаңға айналды.