Саясат • Бүгін, 07:55

Парламентаралық диалог: Жоғары деңгейдегі сенім мен түсіністік

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Бұхарада Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Өзбек­стан Республикасы Олий Мәжілісінің Заң шығару палатасы арасындағы Парламентаралық ын­тымақтастық кеңесі­нің үшінші отырысына қатысты.

Парламентаралық диалог: Жоғары деңгейдегі сенім мен түсіністік

Іс-шарада Ерлан Қошанов сөз сөйлеп, екі мемлекет­тің көш­басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мир­зиёев арасындағы сая­си диалогтің жоғары деңгейі екі елдің  барлық  билік тармағының тиімді ынтымақтастығы-ның кепілі екенін атап өтті.

– Қазақстан Өзбекстанмен арада ғасырлар бойы қалып­тасқан достық пен тату көр­шілік байланыстарды нығай­туға ерекше мән береді. Мем­лекет басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында стратегиялық әріптестік пен одақ­тастықтың үлгі болар­лық моделі қалыптасты. Пар­ламентаралық ынтымақтас­тық кеңесінің жұмысы да Президенттер қол жеткізген келісімдер аясында жүзеге асып келеді. Былтыр Алматыда өткен отырыста экономика­лық ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективаларын талқылап, қол жеткізілген нәтижелерді одан әрі дамыту жолдары туралы пікір алмастық. Сонымен қатар мәдениет, білім беру және туризм саласындағы өзара іс-әрекеттің маңызы айрықша атап өтілді. Бүгінгі үшінші оты­рыстың күн тәртібі өте мазмұнды. Біздің делегациялар ынтымақтастықтың бар­лық бағытын жан-жақты талқы­лайды, – деді Мәжіліс спикері.

Палата төрағасы өзбек­стандық әріптестеріне Конс­титуция жобасы бойынша өткен референдумның қо­ры­тындысы туралы мәлі­мет берді. Жаңа құжатты аза­маттардың 87 пайызы қол­дады. Ерлан Қошанов жаңа Ата заң Мемлекет басшысы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың прези­дент­тікке кіріскен ал­­ғаш­қы күннен бастап жүзеге асырылып келе жатқан ауқымды реформалардың нәтижесі екенін, қабылданған құжат күллі Қазақстан қоғамының ұмтылысын айқын көрсететінін атап өтті. Сол үшін де жаңа Ата заң «Халық Конституциясы» деп аталып кетті.

Жаңа Конституцияның басты мақсаты – Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құру. Сонымен қатар Ата заңда «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» тұжырымы бекітіліп, адам мен оның мүддесі алдыңға қатарға шығып отыр.

Парламенттік реформа мен Вице-президент, Халық кеңесі сияқты жаңа инсти­туттар өзбек депутаттарының ерекше қызығушылығын тудыр­ды. Мәжіліс төрағасы күшті Президент, ықпалды Пар­ламент және есеп бере­тін Үкімет теңгерімі консти­туциялық деңгейде бекігенін айтты. Күрделі жаһандық жағдайларды ескере отырып, Ата заң барлық билік тар­ма­ғы­ның үздіксіз, жүйелі әрі үйлесімді жұмыс істеуінің факторы ретінде Президент институтын күшейте түсетініне назар аударды.

Мәжіліс төрағасы екі ел депу­таттарының жемісті ын­ты­мақтастығына ерекше тоқ­талды. Депутаттар қол жеткі­зіл­ген жоғары деңгейдегі уағ­даластықтарды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге басымдық береді. Кейінгі жылдары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бірқатар маңыз­ды келісім ратификацияланды. Олардың қатарында одақтастық қатынастар тура­лы шарт, азаматтардың өзара сапарларының шарттары тура­лы келісім, экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қыз­метін реттеу туралы келісім­дер бар. Екі ел депутаттары халықаралық парламенттік алаңдарда, әсіресе Парламент­аралық Одақ, ЕҚЫҰ Парла­менттік Ассамблеясы, ТМД Пар­ламентаралық Ассамблея­сы және ТүркПА аясында бір-біріне тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ Орталық Азия әйелдерінің диалогі шеңберіндегі іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп, заң шы­ғару саласында тәжірибе алмасу жолға қойылған.

Өз кезегінде Олий Мәжіліс­тің Заң шығару палатасының төрағасы Нуриддин Исмоилов та 2025 жыл Қазақстан мен Өзбекстан Парламенттерінің ықпалдастығы үшін жемісті болғанына назар аударды.

– Парламентаралық бай­ланыстардың белсенділігі елдеріміздің арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Әрине, осындай оң бағыттағы дамуға құрметті Прези­дент­теріміздің тығыз достық қарым-қатынасы негіз болып отыр. Бұл орайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылдың қара­ша айындағы Өзбекстанға са­парын ерекше атап өткім келе­ді. Сапар барысында екі­жақ­ты ынтымақтастықты ны­ғай­туға бағытталған маңыз­ды келі­сім­дерге қол қойылды, бірлескен ірі жобалар іске қосылды, – деді Олий Мәжіліс спикері.

Нуриддин Исмоилов қазақ­стандықтарды референ­дум­ның табысты өтуімен құттықтап, оның нәтижелері бұл үдерістің, азаматтық бел­сенділіктің ашықтығын аң­ғарт­қанын, реформалар бағ­­дарын тұрғындардың жо­ғары дәрежеде қолдап отыр­ғанының көрінісі екенін атап өтті. Ол қазақстандық және өзбекстандық парламентарийлер алдағы уақытта да екі елдің стратегиялық даму мақсаттарын жүзеге асыру жолында бірлесіп белсене жұмыс атқаратынына сенім білдірді. Олий Мәжіліс төрағасының пікірінше, бұл ретте Парламентаралық ынты­мақтастық кеңесінің рөлі ерекше. Ол қазірдің өзінде тәжіри­бе алмасу және бірлескен бастамалардың орындалуын бақылау жөніндегі тиімді әрі уақыт сынынан өткен алаңға айналып отыр.

Отырыс барысында Қазақ­стан тұрақты түрде Өзбек­станның ең ірі сауда серік­тестерінің «үштігіне» енетініне мән берілді. 2025 жылы екі ел арасындағы сауда айналымы 4,8 млрд долларды құрап, 16 пайызға ұлғайған. Бүгінде өзара тауар айналымын 10 млрд  долларға жеткізу жөнінде ауқымды меже тұр.

Мәжіліс спикері жалпы құны 1,8 млрд долларды құрайтын 78 бірлескен жоба жүзеге асырылғанына айрықша назар аударды. Соның бірі – «Термез» халықаралық сауда орталығының аумағындағы «Қазақстан сауда павильоны». Осы орайда Ерлан Қошанов екі ел депутаттарының негізгі міндетінің бірі – өнеркәсіп, инфрақұрылым мен логис­тика саласындағы бірлескен жобаларға заңнамалық қолдау көрсету екеніне тоқталды.

Қазақстан делегациясының басшысы 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы туралы да айтып берді. Сон­­­дай-ақ ол биылғы сәуір айында Астанада Орталық Азия ел­дері­нің өңірлік экологиялық саммиті өтетінін еске салып, өзбек әріптестерін іс-шараға белсене қатысуға шақырды.

Ерлан Қошановтың пікірінше, ақпараттық технологиялар «цифрлық көпірге» айналып, Қазақстан мен Өзбекстан байланысын бекемдей түседі. Бұл бағытта Astana Hub пен IT Park Uzbekistan бірлесе отырып, Central Asian Innovation Hubs бірыңғай бренді аясында өңірде біртұтас технологиялық хаб қалыптастырып келеді.

Жиында өңірлік туризмді дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мәжіліс төрағасы екі ел басшылары турис­тік инфрақұрылымды жаң­­ғырту және шетелдік турис­­терді тарту міндетін алға қой­ғанын еске салды. Туризм сала­сындағы ынтымақ­тастық­­тың 2026–2027 жылдар­ға ар­нал­ған бірлескен іс-әрекет жос­­парына қол қойған еді. Құ­жат ортақ туристік кеңіс­тік­ті қарқынды дамытуға бағытталған.

Отырыс барысында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ғазизов осы келісімнің іске асу барысы туралы баяндады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Орталық Азияға келген туристердің жартысынан астамы – Қазақстан мен Өзбекстанның үлесінде. Бұл орайда шетелдіктердің тара­пынан трансшекаралық бағыт­тарға сұраныс жоғары екені байқалады. Осыған байланыс­ты екі ел арасында теміржол мен автобус маршруттары қарқынды дамып келеді.

Парламентаралық ке­ңес мүшелері сауда-эконо­ми­ка және ауыл шаруашы­лығы салаларындағы ынты­мақтастықты дамыту, орнықты даму, «жасыл» экономика мен энер­гетика бағыттарындағы жайт­тарды талқылады. Цифр­ландыру мен ақпараттық тех­ноло­гиялар мәселелеріне, сон­дай-ақ мәдениет пен білім беру са­л­аларындағы өзара іс-әре­кет­ті нығайтуға ерекше мән берілді.

Парламентаралық ынты­мақтастық кеңесінің келесі отырысын Түркістан қаласында өткізу жоспарланып отыр.