Өндіріс • 08 Маусым, 2024

Нарық бәсекесіндегі «Айс-плюс» өнімдері

52 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таңертеңгілік уақытта Ақтөбе қаласындағы супермаркет сөрелерінде жаңа сауылған сүт, қаймақ, май, сүзбе, ірімшік, тәтті, ащы айрандар мен қатық жатады. Бұлар – «Айс-плюс» компаниясының өнімдері. Мұнымен қоса «Айс-плюстің» Мәртөк елді мекенінде және облыс орталығында бірнеше жеке, жылжымалы вагон-дүкендері бар. Сатылым желісін сауатты ұйымдастыру – тауар өтімділігіне кепіл. Қала тұрғындары әр литрі 345 теңгеден аспайтын, майлылығы 2,5 пайыздық, жұқа қалбырдағы «Айс-плюстің» қою сүтін күнделікті сатып алады.

Нарық бәсекесіндегі «Айс-плюс» өнімдері

Әлеуметтік маңызды тауар­лардың санатына кіретін осы жұқа қалбырдағы сүт жаз мез­гі­лінде ең өтімді тауарға айналады. Қолданысқа ыңғай­лы жұқа қаптамалар экология­лық жағы­нан таза, қоқысты көбейтпейді.

Күнделікті жаңа сауылған сүт өнімдерін облыс орталы­ғы­на жеткізіп отырған «Айс -плюс» серіктестігінің сүт-тауар фермасы Мәртөк ауданын­­да орналасқан. Облыс орталығы­нан 90 шақырым қашықтағы Саржансайда Гольштейн тұқым­дас сүтті сиырлар өсірі­леді. Бұл жерде голланд сиыр­лары күндіз-түні ерекше күтіммен, құнарлы жемшөппен бағылады. Тағы бір ерекшелігі – шаруашылық иелігінде жоңышқа, бидай, арпа егістіктері орналасқан. Жаз бойы дақылдар суармалы әдіспен өсі­ріліп, шабылып, мал азығына айналады. Шабындықта да өзі шауып, өзі тығыздап, жинайтын ауыл шаруашылығы техникалары қолданылады.

Жұмысы тоқырап, банкрот­тыққа ұшырау алдында тұрған Ақтөбе қалалық сүт зауытының негізінде 1999 жылы құрылған «Айс-плюс» компаниясы 25 жыл­дың ішінде жергілікті нарық­та өз орнын иеленіп қана қоймай, жылма-жыл жұртшы­лыққа ұсынатын тауар түрін көбейтті. Қаншама адамды жұмыспен қамтып отыр. Мәселен, жаз  маусымында компания балмұздақтың бірнеше түрін шығарады. Компания өнімдерін көршілес облыстарға сатып, шетелге де экспорттайды. «Айс-плюстің» ашытылған сүт өнімдері мен балмұздағын көршілес Орынбор облысының Ақбұлақ ауданы, Орск қаласының тұрғындары ықыласпен сатып алды.

а

Серіктестік капсулалар түрін­де тығыздалған жоңыш­қаны экспортқа шығарып келе­ді. Жылы­на 800-ге жуық асылтұқым­ды бұ­қа­­­­шық­тарды да сатады. Асылтұ­қым­­­­ды ірі қараны өсіріп, азығын да­­­­йы­н­­­дап, өнімін алып, өңдеп, қал­­­­­дық­­сыз өндіріске жол ашқан кә­сіп­­­­­орын өнім өткізу нарығын ке­ңей­­­­туге ықыласты. Бірақ әлемдік на­рық­­тағы тұрақсыздық, геосаяси теке­­ті­р­ес­тер, баға демпингі өткен күз­­ден бастап аяғынан енді тұра бас­­­та­ған отандық өндіріске тұсау бо­л­ды. Соның ішінде тоқтаусыз ке­ліп жат­қан арзан импорттық та­уар­­лар­ды жергілікті тауар өн­діру­ші­­лерге құрылған қақпан деу­ге болады.

Ресейде шығарылатын тауарлар, әсіресе күнбағыс майы, пас­терленген сүт, жарма өнімдерінің демпингтік бағамен сатылуы, ол жақтан еліміздің шекаралас облыс­тарына кедергісіз тасымалдануы, импорттық тауардың жергілікті тауар бағасынан арзанға түсуі, бір сөзбен айтқанда, тауар баға­сындағы әжептәуір алшақтық отандық тауар өндірушілердің қалтасына оңай түсіп жатқан жоқ. Отандық тауардың өнім өткізу шекарасын кеңейту қажет. Ал оған мемлекеттің қолдауы қажет. Мәртөк ауданында кластерлік өндірісті жолға қойып, 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған «Айс-плюс» кәсіпорны шаруашылық ауқымын одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

 «Айс-плюс» компаниясы да осындай кедергіге ұшырады. Серіктестік директоры Қуаныш Ищанов осыдан бір ай бұрын өңірге келген Мәжіліс депутаттарынан отандық өнімдер экспортын кеңейту жолдарына көмектесуді сұраған болатын. Тұтынушы әрдайым бағасы арзан әрі сапалы тауарды іздейді. Импорттық тауар көбейсе, жер­гілікті тауар өндірушілердің өнімі айлап-апталап сөрелерде жатып, сапасын жоғалтады. Бұл, әсіресе тез бұзылатын тамақ өнімдерін өндірушілер үшін өте тиімсіз.

Қолданысқа енген жаңа технология кәсіпорын қуатын арттырып, өнім өндіру көлемін ұлғайтады. Осы мақсатта «Айс-плюс» серіктестігі өндіріске 3 млрд теңге инвестиция салып, әр ауысымда 50 тонна сүт құятын цех құрылысын бастап кетті. Қазіргі кезде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуға жақын. Кластерлік өндіріске қондырғылар мен жабдықтар Германиядан жеткізілді. Жаңа ғимарат құрылысы аяқталып, жабдықтары іске қосылса, заманауи қаптамада жоғары сапалы стерильденген сүт өндірі­ліп, сатылымға жіберілмекші. Әйтпесе, Саржансайдағы шаруа­шылықта сауылған сүт Ақтөбе қаласындағы Гастелло көшесін­де орналасқан цехта сүзгіден өткізіліп, қапталып, дүкендерге таратылғанша біраз уақыт кетеді. Сонымен бірге қанша жерден тоңазытқышы бар көліктермен жеткізілсе де, жаздың ыстық күндерінде сүт тез ашиды.

Ақтөбе облысында сүт өнім­дерін сатумен айналысатын кәсіп­орындар көп емес. «Мәр­төк» сүт зауытының өнімдері де жақында дүкен сөрелерінен көріне бастады. Біраз жылдан бері әкімшілік кедергілердің кесірінен жергілікті нарықта көрінбей кеткен шаруашылықтың жұмысын жолға қоя бастағаны қуантарлық жағдай.

 

Ақтөбе облысы