Қоғам • 06 Маусым, 2024

Атажұртқа жету арманы еді...

73 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Аспан – қазақ, жер – қазақ, ортам – қазақ, мені қуантатын да, маған қуат беретін де осы. Ауған жерінде туып-өскен біз үшін атажұртқа оралу арман еді. Әлі де талай қандасымыздың арманы. Ал ана тілімізді, салт-дәстүрімізді сақтап қалғанымыз атамекендегі ағайынға еш қиындықсыз, кедергісіз тез сіңісіп кетуімізге ықпал етті. Мың ауғанның арасында екі қазақ кездессек, қазақша сөйлесетінбіз», дейді Тәжмұхаммед Ахметұлы.

Атажұртқа жету арманы еді...

Зерттеушілер Ауған­стан­дағы қазаққа тән ру-тайпа­лар­­дың тарихын үш кезеңге бөліп қарайды: ХV-XVI ға­сыр­­ларда ауған, сосын XIX-XX ға­сырлардағы түрлі ­саяси оқи­ғаларға байланыс­ты кө­шу­ге мәжбүр болған, кеңес­тік жүйенің қуғын-сүргіні, аш­тық пен кәмпескелеу кезінде қо­ныс аударғандар. Ал 1920-1930 жылдары кеткендер өзінің алдында, яғни XIX-XX ғасырда қоныс аударған қазақтарды сағалап барғаны айтылады. Еліміз тәуелсіздік алған соң атамекеніне оралған қан­дас­тарымыздың қатары қалың­да­ды. Оларға мемлекет тара­пынан қолдау көрсетіліп, жағ­­дай жасалды. Мысалы, Ауған­станнан көшіп келгендер мем­лекеттік органдардың кө­мегімен жұмысқа орналаса алды. Деректерге жүгінсек, зия­лы қауыммен қатар, ауған елі­нен келгендер – дәмхана, дүкен, тігін ательесі, металл қабылдау бекеттерінің иелері арасында шағын бизнес өкілдері ретінде де кеңінен танымал. Қызмет көрсету саласында да жұмыс істейді. Түркістан облысына 2020-2024 жылдар аралығында 4 112 отбасын құрайтын 6 338 этностық қазақ қоныс аударып, оларға «қандас» мәртебесі берілген. Ауғанстаннан қоныс аударған 126 этностық қазақ облыстың 6 аудан, қалаларында өмір сүріп жатыр. Тарата айтсақ, 22-сі Сарыағаш ауданында, екеуі – Келес, 28-і Сайрам ауданында, 61-і Түркістан қаласында, 12-і Кентау қаласында тұрып жатыр.

Иә, ауған елінде туып-өскен, бүгінде Қазақстан азаматы, түрістандық Тәжмұхаммед­тің аталары сонау 1932 жылы ашар­шылық кезінде Ақтаудан Өзбекстан, Тәжікстан арқылы Ауғанстанға өткен екен. Құн­дыз қаласына тұрақтаған. «Әке­міз де, оның ұл-қыздары – біз де сол жерде өмір есігін аш­тық. Әулетіміз тігіншілікпен айналысқан. Қазақтың ұлттық киімі – шапан тігіп, тіршілік еттік. Ауған елінде қазақы ауыл­дар көп. Ақмешіт, Адай, Та­бын басқа да ауылдарда қа­зақтар көп тұратын. Сыртта жүр­гендіктен де болар, өте бауырмал болдық. Мың ауғанның ішін­де екі қазақ кездесе қалсақ, көңіл күйімізді жасырмай қуа­на қауышатынбыз, қазақша сөйлесетінбіз. Салт-дәстүрді сақ­­тадық, бөтенге қыз бермедік. Қа­зақ мектебі болмады, бірақ үйде үнемі қазақша сөйлес­кен соң тіл ұмыт болған жоқ. Яғни бала кезден үйден қазақы тәр­бие алдық. Отбасында қазақ тілін­де сөйлеп, өстік. Сыртқа шық­қан­да жергілікті тілде сөйлесетін­біз. Ата, әкелеріміз санамызға қа­заққа тән қасиеттерді сіңір­ді, атажұртқа оралуды аңса­ды. Сол арман, мақсат орында­лып, біз әулетімізбен Қазақ­стан­ға 2008 жылы көшіп кел­дік. Үлкен әпкелерім 1993 жылы келген. Әке-шешеміз осын­да қайтыс болды. Тоғыз аға­йын­дымыз. Бүгінде барлығы үйлі-жай­лы болып, өз отауларын тік­ті. Барлығы жеке кәсіпкер. Үйде әлі тоғызбыз – менің 5 ұл 2 қызым бар. Атакәсіп – мал шаруашылығымен айналысамын. Алғаш келге­ні­мізде мемлекет тарапынан кө­мек, яғни отбасының әр мү­ше­сіне мың доллардан берілді. Сол қаржыға жер сатып алдық. Өз күшімізбен үй салып, тұр­мы­сымызды түзедік. Барлық нәрсе адамның өзіне байланысты. Еңбекқор жанға елімізде барлық жағдай жасалған. Көзін тап та, табысқа кенел. Айналам қазақ, дәрігерге барсам да, әкімдікке барсам да – қазақ. Бақыттымыз. Еліміздің өсіп-өркендеуіне хал-қадерімізше үлес қосып келеміз. Қазақ елі дамуының деңгейін Түркістан қаласына қарап-ақ бағамдауға болады. Соңғы жылдары құрылыс қарқындап, көне қала қатты өзгерді. Жаңа ғимараттар бой көтерді, халық саны өсті. Тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалып жатыр. Осы қаланың тұрғыны екенімді мақтан тұта­мын», дейді Тәжмұхаммед ағынан жарыла.

Атажұртқа оралған соң, өз еңбегімен, ешқандай көмексіз жер сатып алып, үй салған қан­­дастарымыз да баршылық. Со­лардың бірі Түркістан­да­ғы Ын­тымақ шағын ауданы­ның тұрғыны Рухулла Назари ал­ғашқыда қиындық болғанын жа­сырмайды. Ашаршылық ке­зінде Тәжікстан арқылы Ауған еліне өткен олар кейін Иранға көшкен. Көкөніс өсі­ріп, сау­дамен айналысқан. Рухул­ла Иран елінде туып-өс­кен. «Ақылы мектепте оқы­дық. Әрине, ана тілімізді ұмыт­па­ға­нымыз ата-анамыздың тәр­бие­сінің нәтижесі. Өзара қа­зақ­ша сөйлестік. Дегенмен жас­тардың тілі шұбарланғаны рас. Атамекенге келгенімізде алғашқы қиындықты еңсеруге ағайындар көмектесті. Қандай қиындық болса да, уақытша екенін білеміз. Ең бастысы – өз еліміздеміз. Бейбіт өмір, татулық мәңгілік болса екен дейміз. Бейбіт елде береке мол, алаңсыз еңбек етуге, тұр­мы­сыңды жақсартуға мүмкін­дік жасалған», дейді Рухулла Назари.

Кейіпкерлеріміздің айтуын­ша, атажұртқа оралғысы ке­ле­тін қандастарымыз әлі де аз емес. Алайда олардың көшуіне құжат басты кедергі болып отыр. Иранда да, Ауғанстанда да азаматтарының жеке төл­құжатына ұлтын жазбайды. «Ауғанстандағы жағдайды назардан тыс қалдырмаймыз. Өйткені ол жақта атамекеніне оралғысы келетін қазақ көп. Мысалы, осында нағашым­ның қыздары келген болатын. Азаматтыққа құжат тапсыр­дық. Бәрі дұрыс, бірақ Ауғанстан­нан келген қағаздарда ұлтына қатысты қайшылық бар. Бі­рінде қазақ, екіншісінде – өзбек делінген. Екеуі де қазақ, олардың ата-анасын танимыз, шыққан тегін жақсы білеміз ғой. Екі қыз ағайынды. Енді азаматтық ала алмай отыр, елден шығарылмақ. Осы жағы реттелсе, атамекеніне оралғы­сы келетіндерге ешқандай ке­дер­гі болмаса екен», дейді Тәж­мұхаммед Ахметұлы.

Жергілікті жұрт жат елден атажұртына көшіп келген қан­дастарды жатырқамаған, жақын тартқан. Олардың алғашқыда ұлттық киімдерімен, өз еліне тән стильмен жүргенін, бірақ жыл өтпей ортаға сіңісіп жергілік­ті жұрт сияқты тұрмысы да, киім­дері де өзгергенін айтады. Яғни ортаға, біздің қоғамға тез бейімделген, сіңісіп кеткен. Бұл орайда түркістандықтар қала жанындағы Достық ауы­лын мысалға келтіреді. Ол жерде ауған елінен көшіп келген қазақтар тұрады. Ауыл­дас­та­рының айтуынша, алғаш­қыда яғни 90-жылдардың басын­да келген олардың жүріс-тұ­рысы, тілдері өзгешелеу болған, қазір жергілікті тұрғыннан ажырата алмайсыз.

 

Түркістан облысы