Фото: shutterstock.com
Премьер-министрге келіп түскен ақпаратқа сәйкес, Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 бойынша жұмыстардың қарқыны бәсеңдегені туралы мәліметтер бар. Осыған байланысты Үкімет басшысы нақты сұрақ қойды.
«Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Маған жұмыс қарқыны төмендеп кетті деген ақпарат түсті», деді Олжас Бектенов.
Жобаны жүзеге асыруға жауапты Самұрық-Энерго басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов жұмыстардың Үкімет бақылауында екенін атап өтті.
Оның айтуынша, мердігер ұйымға құрылыс қарқынын арттыру және жұмыс кестесін күшейту тапсырылған. Нысандарда үш ауысымды жұмыс режимі енгізіліп, 1,5 мыңнан астам жұмысшы тартылған. Сондай-ақ, жобаларға қажетті негізгі жабдықтар жеткізілген.
Алматы жылу электр орталықтарының толығымен газға көшірілетін уақыты белгілі болды
Үкімет басшысы жобаның маңыздылығын ерекше атап өтіп, әр кезеңнің сапалы және уақтылы орындалуын талап етті.
«Роман Васильевич, іс басына барып тексеріңіз, сосын нәтижесін баяндаңыз. Объективті ақпарат керек», деп тапсырды Олжас Бектенов.
Жиын барысында жұмыстың аяқталу мерзімінің бұзылуына жол бермеу басты басымдық ретінде белгіленді. Үкімет энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларының стратегиялық маңызын ескере отырып, барлық жұмыстардың қатаң бақылауда болатынын жеткізді.
Осылайша, Алматыдағы жылу электр орталықтарын жаңғырту бойынша жұмыстар Үкіметтің тұрақты назарында қалып отыр, ал жауапты органдарға жобаны уақытында әрі сапалы аяқтау міндеті жүктелді.
Шығыста жылу жүйесіне күн энергиясы технологиялары енгізіліп жатыр