Еңбек • 07 Маусым, 2024

Әке тәлімі

62 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дарқан даланың даналығын бойына жинаған халқымызда «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейтін қанатты сөз бар. «Байдалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің механизаторы Жұматай Қайыржанов та – темірдің тілін білетін әкесінің жанында жүріп, өнегесін өмірлік серік еткен адам.

Әке тәлімі

Биылғы көктем дала еңбек­керлерінің төзімі мен тәжірибе­сін, қажыры мен қайратын сы­най келді. Егіс науқаны кешеуілдеу­де. Аспан қабағы бір ашылмай, сылбырап жауын жауып тұр. Бірер күннен соң қолайлы уақыт та өтіп кетпек. Қазір қас қағым сәт қымбат. Көктемнің әр күні жыл­ға азық дейтұғын дала ең­бек­кер­лері күнді емес, сағатты санауда. Жұматай Қайыржа­нов 25-науқанды басынан өткеру­де. Еңбек әліппесін бас­тап, тех­никаға отырғанда мінгені кеңес заманындағы доңғалақты трактор еді. Одан соң  бірнеше жыл бойы К-700 тракторын тізгіндеді. Қазіргі алымды, жұмысы өнімді шетелдік техника тіптен ғажап. Ең алғаш «Buhler» қуатты егіс кешенін жүргізгенде таң-тамаша қалған. Қара қарғаның миы қай­най­тын ыстықта да терлеп-теп­шімей жұмыс істеуге болады екен ғой. Кабинасына кондиционер орна­тылған. Бұрын мұндайды кім армандап көріпті.  Ішіне шаң да кірмейді. Дәл осындай техникада жұмыс істеген адам шаршай ма?  

42 жыл бойы табан аудармай туған жерінің төсінде адал ең­бек етіп келе жатқан Жұматай Ұрымбайұлы механизаторлар курсын бітіргеннен кейін трак­тор тізгіндеген. Кейін жаңа заманның жосығымен «Елім»  ша­ғын шаруашылығы құрылған кез­де әр науқанның қажеттілігіне орай кез келген техникаға отырып жұмыс істей беретін. Тозығы жеткен ескі техникаларды жамап-жасқап қатарға қосу білікті маман Жұматайға бұйым болып па? Шағын шаруа қожалығының жаңа техникаға қолы қайдан жет­сін? Көкірегі күркілдеген көне техниканы кәдеге жаратып, бір қолын екі ете алмай жатқан шаруашылықтың жүгін алға сүй­реді. Әйтсе де қажыдым, талдым, шаршадым деген жоқ. Ең бастысы, әуел баста өзі құлай сүйген ма­мандығына адал болды. Кейін ойлап қараса, осы кәсіпті игеруі қайран да қайран әкенің аманаты іспетті екен. Өкшесін басып келе жатқан жастарға келелі кеңе­сін айта отырып, өз мамандығын мақта­ныш қылатыны бар. Бір кезде табаны тастан таймаған тарланбоздай абыройлы еңбек еткен әкесі Ұрымбай Қайыржанов сол кездегі Балкашин ауданы­на қарасты Веселовский кеңша­ры­ның маңдайалды механиза­торы еді. Жұматай оқушы кезін­де әкесінің шаужайына еріп ал­қапқа баратын. Байқампаз бала­ға қуатты трактордың қара жер­дің төсін айырып жыртқаны, дәнді топыраққа сіңіргені қызық­ты көрінетін.  Ес білгелі балаң кө­ңілде жатталып қалған осы бір жұмыс ырғағын өзінің жалғас­тыратынын түйсінген де жоқ еді. Кейін ат жалын тартып мін­генде, жер емген әке жолын жал­ғастырамын деп шешті.

– Біз ел ырыздығын өсіріп жа­тырмыз. Қара жердің төсінде дәннің қылтиып шыққандығы, кейін басының толысып жай­қалып тұрғаны бір бақыт, – дейді білікті механизатор. Жапан дала еселі еңбектің ырғағымен өзгеше бір күйге бөленіп тұрғандығын тыңдасаң, көңіліңді қуаныш кернейді.

Жоғарыда айтқанымыздай, ұрпақ сабақтастығы, еңбек са­бақ­тастығы өз қалпымен даму­да. Бүгінде Жұматайдың ұлы Ти­мур «Байдалы» серіктестігінде он жыл­­дан астам уақыт меха­ни­за­тор болып еңбек етіп жатыр. Адал еңбегі­нің арқасында шаруашылық бас­шылары тарапынан сан мәрте алғыс арқала­ды, өнімді еңбегі өзге әріптес­те­рі­не үлгі етілді. Осы­ның барлы­ғы шырайлы шаңырақ­тағы тәлім­ді тәрбиеден баянды бастау алып жатқаны дау­сыз. Айтпақшы, осы кәсіпорында отбасылық еңбек дәстүрінің жар­қын мысалдары көп-ақ.

– Осы бір жайдың айнымай қайталанғанына өзімнің де та­ңым бар, – дейді Жұматай Қайыр­жанов. – Бала кезімде әкемнің соңынан бір елі қалмай қалай еріп жүрсем, менің балам да кіш­кентай кезінен далақұмар болды. Кейде күнге күйдіріп, шар­­­шатпайын-ақ деп ойлаймын, бі­рақ соңымнан қалмайды. Трак­тор­дың әр тетігін, оның қызметін үйренгісі келеді. Осылайша, бала кезінен жатталған дүние жеті­ле беріп құмарлығын оятты-ау дей­мін, әкесінің, жоқ, әкесінің ғана емес, атасының жолын жал­ғас­тырып келеді. Майталман меха­низатордың ойынша дала баласына ырыздық мелтектеген осы жер­де де өзіне лайықты орын бар. Адал еңбектің арқасында ауыл­­дарының ажары кіріп, күн са­нап өсіп келеді. Барлық әлеу­мет­тік-тұрмыстық жағдай туғы­зыл­ған. Серіктестік толымды ең­бек­­ақысын уақытында төлейді.

– Әкелі-балалы Қайыржа­нов­­­тар біздің шаруашылықтың алтын діңгегі, – дейді серістестік ди­ректоры Марат Оразалин. – Осын­­дай азаматтар барда ел ең­сесі ешқашан төмендемеуге тиіс.

Қайыржановтардың өз отба­сылық еңбек өтілін есептеу есте­ріне де келмепті. Ең бастысы, ақық дән аялап, дала сырын жаттап, кеңістікті нұрландырып тұр. Бұл даланың аспаны осындай ұл­дары барда асқақтай түседі.

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы