Әдебиет • 04 Маусым, 2024

Анардың Қорқыт атасы

60 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Айтып отырғанымыз, әзербайжан әдебиетінің көзі тірі классигі Анар Рзаев. Ал Қорқыт ата Байқалдан Балқанға дейінгі байтақ даланы мекендеген байырғы тү­рік жұртының бә­ріне ортақ орасан зор миф­тік, а бәлкім тарихи тұлға. Қазақтың ұлағат ұялаған ұғы­мында ол қара қобы­зын күңіренткен құді­ретті күйші. Ақыл-парасатымен айналасын аузына қаратқан ақ сақалды абыз. Халқының арғы-бергі шежіресін шешен тілмен толғайтын, алдағыны айна-қатесіз болжайтын әулие. Әйтсе де әр қадамын аңдыған Әзірейіл-ажалдың құрығынан қанша қашса да құтыла алмаған екі аяқты, ет жүректі пенде екені тағы анық. Дәм-тұзы таусылған Дәдеміздің жаны киелі Тұран топырағында, жайылып аққан Сырдарияның жағасында жай тапқан көрінеді. Қармақшы жеріндегі кесенесі келімді-кетімді зиярат етушілерден арылған емес.

Анардың Қорқыт атасы

Анау жылы Астанада өткен Азия жазу­шы­ларының бірінші форумына қа­тыс­қан Анар ағамен емен-жарқын сұхбат құрып, көкейдегі көп сауалымызға жауап алған едік. Сонда оның тым түрікшіл ұстанымың түп-төркінін түсінгендей болдық. Қазір қанатын кеңге керген халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бастауында тұрғандардың қатарынан табылғанын білдік.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген емес пе бұрынғылар. Әнекеңнің әкесі Расул да, анасы Нигяр да атақ-даңқтары Қап тауынан асып, кең-байтақ Кеңес одағына танылған ақындар-тұғын. Таланттары тас жарған талай қаламгер осылардың шаңырағынан табылатын. Сырласу кештерінде кейде ұлт тағдырына байланысты оқшау ой-пікірлер айтылып қалатын. Соларды санасына сіңіріп өскен өрелі өрен ерте оянды. Әсіресе Әзиз Несин, Назым Хикмет секілді Түркия тарландарының тарихтан тамыр тартқан әңгімелерін құмарта тыңдайтын. Оң-солын танып үлгерген он төрт жасында атақты «Қорқыт ата» дастанын оқып тауысты. Жан дүниесі төңкеріліп түскенін сезді. Есейген шағында шабыты шалқып еріксіз қаламға қол созды.

Оғыздардың ең үлкен рухани мұрасы саналатын «Китаби дедем Коркуд» күндіз ойы­нан, түнде түсінен шықпады. Содан басқа дүниелердің барлығын ысырып қойып аты аңызға айналған ардақты бабасы туралы туынды жазуға кірісті. Онысы «Книга моего деда Коркута» деген хикаят­қа айналып, Мәскеуде жарық көрді. Осы шы­ғармасының желісімен «Сөнген оттың сәулесі» атты екі сериялы көркем фильм түсірілді.

Айтпақшы, Астанадағы алқалы жиы­нның биік мінберінен сөйлеген Анардың мына бір сөздері елең еткізгені есте. «Төрт­күл дүниенің төрінен орын алатын түрік тектілер адамзат өркениетіне қомақ­ты үлесін қосқан небір дүлдүлдердің тұса­уын кесті. Бірақ Шекспирмен шен­де­сетін драматургтеріміз, Сервантес, Толстой, Достоевский, Бальзак сияқы ро­ма­­нистеріміз жоқтығын мойындауға тиіспіз. Есесіне еуропалықтардың бірде-бір жыры өзінің поэтикалық қуаты мен көлемі жағынан біздің «Қорқыт» пен «Манас­тың» қолына су құюға жарамайды!» деп туысқан әзерилердің әспетті ұлы зал­дағы әріптестеріне қасқая қарағанда, көзіқарақты көпшіліктің көңілі бір көншігені даусыз.

Сонымен қойшы, Анардың «Қорқыт атасын» қолға алдық. Бұл шығармасында автор бағзыдан жеткен баба жырдың бел­гілі сюжеттерін сақтай отырып, он екі тарау оқиғаларының басын бірік­ті­ріп өзінше өрнектегенін байқадық. Әрине, «Қорқыт ата кітабы» – әйдік әлем Отанды сүюге үндейтін ода. Шеберліктен туған шедевр. Сондықтан соқталы еңбектің елеулі тұстары болмаса, тегіс қамтуға повестің көлемі көтермейтіні түсінікті.

Гомердің «Одиссеиін» он орайтын оғыз­дардың бұл эпосы тақырыптық тұр­ғы­дан бір-бірінен бөлек он екі тараудан тұра­тыны әмбеге аян. Бәрінің басты кейіпкері даланың дана қарты Қорқыт. Жауһар жырда оғыз түріктерінің ерлік пен өрлікке толы өмірі, әдет-ғұрыптары, батырлар бәсекесі, үйлену салты, тағысын тағылар тамаша суреттеледі. Ең бастысы, ағайынның арадан қыл өтпес тату-тәтті тірлігі дәріптеледі. Тек, бір тарауында ғана билікке таласқан таққұмар бектердің аяр қылықтары айыпталады.

Ерек эпопеяның түпнұсқасынан ептеп ауыт­қыған жазбагер шығармасына біраз бейнені сырт­тан енгізіпті. Повестің басты мұраты – ойды, қыр­ды жайлаған оғыз баласының бейбіт аспан астында бесік тербеткісі келетінін, көрші тайпалармен аты­сып-шабыспай, тыныш тұруды қалайтынын көрсету.

Жазушы шығармасын әйгілі жырдағыдан бас­қаша бастайды. Көненің көзіндей көгілдір таулар баурайындағы сойқан соғыста ағасы інісін, әкесі баласын өлтірген зұлмат болып жатыр. Бұл қайғы бұлты оғыздардың басына қалай үйірілді. Мұның мұңға толы себебін Қорқыт қана біледі. Ендеше, ақиқатын сол айтуға тиіс. Бірақ Қорқыт қобызына қол созбайды. Жұмған аузын ашпайды. Оның орнына қайқы қылыштар қаржасты, жебелер желдей ысқырды, иесіз жылқылар кісінеді. Данагөй Дәде жауласушы жақтардан қызыл қырғынды тоқтатуды сұрайды. Кеуде­лері кекке, көздері қанға толған есерлер ешнәрсені естуден қалғандай есті сөзді құлақ­тарына қыстырмайды. Ақыры айқас алаңында тірі жан қалмайды.

Бұрын-соңды болмаған мұндай сұм­дықтан жүрегі суыған Қорқыт бейбақ басы ауған жаққа безе жөнеледі. Қайда барса да жолай өзінің көрін қазып жатқан біреулерді кездестіріп, одан сайын үрейі ұшады. Міне, осы аңызды Анар қазақтардан алғанға ұқсайды. Өйткені ежелден жеткен ескі жырда бұл оқиға баяндалмайды. Қазекең тұйық­қа тірел­генде жиі қолданатын «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дейтін қорқыныштылау сөз тір­кесі содан қалса керек.

Кітаптың соңына қарай өнегелі өсиеттей айтылатын Қорқыт сөзі бүгінгі ұрпақтарына арнал­ғандай естіледі.

– Азер ұлым, есіңде ұста: туған жер тұғы­рыңа, отаның құтты ордаңа айналуы үшін екі-ақ нәрсе істеу керек. Біріншісі, кін­дік қаның тамған топыраққа егін сал, астық ор. Екіншісі, отаныңды сыртқы жаудан қор­ғай біл. Қорғай алмасаң атамекеніңе дән себу­дің қажеті жоқ, өйткені өсірген жемісіңді дұшпандарың жейді.

Әне, мәселе қайда жатыр. Қорқыт ата­­­ның аузы­мен айтылған Анар сөзі оқыр­манды терең ойға батырады. Отан үшін отқа түсуден тайынбауды ұқтырады ұлт­жан­ды ұл-қыздарымызға. Шынында да, қай ха­лықтың болсын басты мақсаты – алаңсыз өмір сүрер ақарлы-шақарлы ел атану.

Иә, Қорқыт ата асқар шың басын­да тұрып берген батасындағыдай, қойнауы құт жері­міз жеміске толсын! Көлеңкелі көк дарақ­тары­мыздың тамыры солмасын! Буырқанған бұлақтарымыздың көзі бітелмесін! Үкілеген үмітіміз үзілмесін! Қырандарымыздың қанаты қайырылмасын! Қазанымыз оттан түспесін!

Анардың Қорқыт атасының ақ тілегі қабыл болғай.

Әумин!