Оқиға • 03 Маусым, 2024

«27 жыл жасырынған»: Аса қауіпті қылмыскер Бельгияда ұсталды

146 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

27 жыл бұрын адам ұрлау мен кісі өлтіруге қатысқан 63 жастағы қылмыскер Бельгиядан Алматыға жеткізілді, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«27 жыл жасырынған»: Аса қауіпті қылмыскер Бельгияда ұсталды

Фото: Видеодан алынған кадр

Алматы қалалық ІІД мәліметінше, ұсталған күдікті 1997 жылғы маусымда Новосібірде жерлесін ұрлап, өлтіруге қатысқан. Ұрланған адамды босату үшін туыстарынан 100 мың доллар ақша бопсалағаны белгілі болды.

Шабуыл жасаушылардың бұл ауыр қылмысты топтасып, алдын ала сөз байласу арқылы жасағаны анықталды.

«Тергеу барысында қылмысқа қатысушылар ұсталып, оларға әртүрлі жаза тағайындалды. Сот органдарынан қашып кеткен олардың біріне қатысты сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы, сондай-ақ мемлекетаралық және халықаралық іздеу жарияланды», деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қуатбек Науатов.

Іздеуде жүрген азамат жалған деректермен Бельгияда жасырынып жүргені анықталды. Күдікті Алматы қалалық прокуратурасының келісуімен және Интерполдың көмегімен ұсталып, Алматыға жөнелтілді. 

Қазір ол уақытша ұстау изоляторында отыр.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті