Қазақстан • 03 Маусым, 2024

Десантшылардың дайындық деңгейі жоғары бағаланды

49 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан әскери қызметшілерінің қатысуымен Түркияда өткен «EFES-2024» көпұлтты оқу-жаттығуы аяқталды. Маневрлердің белсенді кезеңін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған өзі бақылап отырды, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Десантшылардың дайындық деңгейі жоғары бағаланды

Фото: Қорғаныс министрлігі

«Жаттығу барысында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің жеке құрамы атыс қаруы мен шетелдік қару-жарақты игеріп қана қоймай, басқа елдердің әскери контингентімен өзара іс-қимыл жасап, тәжірибе алмасты. Үйлесімді жұмысқа тілдік кедергі де тосқауыл болған жоқ. Міндеттерді орындауға әскери қызметшілеріміздің жоғары кәсібилігі негіз болды», деп жеткізді топ үйлестірушісі подполковник Мадияр Қанаев.

Қатысушы тараптардың әскери қызметшілері әртүрлі калибрлі атыс қаруынан практикалық атыстарды, елдімекенде ұрыс жүргізіп, шартты қарсыласты бейтараптандыру жөніндегі міндеттерді орындады. Санитарлық бөлімшелер жараланған әскери қызметшіге алғашқы медициналық жәрдем ету бойынша және ұрыс жағдайына барынша жақындатылған эвакуациялау дағдыларын пысықтады.

Әскери қызметшілерге жоғары кәсібилігін растайтын сертификаттар табыс етілді.

Естеріңізге салайық, «EFES-2024» халықаралық көпұлтты оқу-жаттығуы тәжірибе алмасу, бірлескен қызмет ұйымдастыру, кәсібилік пен дайындық деңгейін одан әрі арттыру мақсатымен өтті.