Оқиға • 30 Мамыр, 2024

Өз-ағаңның өзекті арманы

113 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шымкенттегі қоғамның қай­наған ортасы, өнер мен білімнің ордасы саналған Өзбекәлі Жәні­беков атындағы ОҚПУ-ға салтанатты іс-шараға барсаңыз, сізді ғимарат фойесінде «Қазығұрт» фольклорлық ансамблі сазды күй­мен қарсы алады. Қазақ дәстүрі мен тарихын сан түрлі сазды ас­паппен құйқылжытқан «Қазы­ғұрттың» тарихы да тереңде. Ол туралы бізге аға оқы­тушы, мәдениет қайраткері, «Құр­мет» орденінің иегері Ұлбо­сын Тәжібаева былай деп сыр шертті:

Өз-ағаңның өзекті арманы

«Алматыдағы ЖенПИ-ді (қазіргі ҚызПИ) музыка және ән айту маман­дығы бойынша 1968 жылы бітірген соң, Әл Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтына жұмысқа орналастым. Ал бес жылдан кейін, яғни 1973 жылы М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтында қызметімді жалғастырдым, ол кезде оқу орнын Мырзахан Сәрсенбаев басқаратын. Сол кісінің ұсынысымен шақыртылған, қазақ тілінде дәріс оқитын небәрі екі оқытушының бірі мен едім. Жаңа жұмыс орнымызда болашақ мұғалімдерді, оның ішінде бастауыш пәні мұғалімдерін даяр­лаймыз. Бастауыштарға музыка пәні оқытылатындықтан, студенттер де оны меңгереді. Осы мақсатта көп ұзамай арнайы музыка кафедрасы ашылып, 1973 жылы соның алғашқы меңгерушісі болдым. Содан бері осы оқу орнында еңбек етіп келемін.

Музыка кафедрасы ашылғаннан кейін «Әлия» атты акапелла ансамблін құрдым. Талапты, дауысы бар өнер­паз студенттерді әр факультеттен жи­нақтадым, олар бес аспаптың сүйемел­деуімен 3-4 дауыста ән айтады.

Кеңес дәуірінде халықаралық өнерпаздардың «Студент көктемі» аталатын дүркіреген байқауы болатын. Оның мәртебесі кейінгі «Азия дауысы» сияқты фестивальдардан артық болмаса, бір мысқал да кем емес. Міне, сол байқауда біздің «Әлия» Одақтағы 15 мемлекеттің ішінен суырылып алға шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Есімде, әр мемлекет байқауды өз астанасында ұйымдастырды. Біз Алматыдағы Горкий саябағында ашық аспан астындағы сахнада өнер көрсеттік. Мәскеуден қазылар алқасы келіп өнерімізді бағалады. Осы фестивальда мен алғаш рет Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың қолын алдым. Марапаттаудан кейін ол кісі бізді сахна сыртына шақырып алып:

«Қарағым, өте жақсы классика болды! Ал сен ұлттық салт-дәстүр, фольклор дегенді естідің бе? деді. Мен «Иә, естідім. ЖенПИ-де оқып жүргенде Өмірбек Байділдаев, Шара Жиенқұлова, Бибігүл Төлегенова секілді әйгілі ұстаз­дарымыздан білім алдық», деп жатырмын. Осы кезде Өзбекәлі аға:

«Сенің акапеллаң өте тамаша, енді өзіміздің ұлттық аспаптардың қаты­суымен фольклорлық ансамбль ұйым­дастыр, қолыңнан келеді. Одан әрі қарай мүмкіндік болса, ұлттық салт-дәстүрден сол университетте сабақ беруге әрекет жаса», деп студенттердің көзінше тапсырды. Ал мен сол сахна сыртында тұрып, ағаға «жарайды» деп сөз бердім.

Бұл фестивальдан алған әсеріміз ерекше болды. Бізді белгілі күйші Жарқын Шәкәрімнің өзі алып жүрді. Өзбекәлі Жәнібековтің тапсырмасымен астанада тағы да бір күн қалып, кешке дейін студенттерді қыдыртып, демалттық. Ал түнгі 00.00-де телестудияға барып, таңғы 5.00-ге дейін ансамбль құрамымен ән жаздық, ол әндер телеарнаның алтын қорына енді. 

Өзбекәлі ағамен студент кезде де талай жолыққан екенмін. Бірақ жастықтың әсері ме, ол кісіге ұлт жанашыры, қазақтың маңдайына туған тұлға деп қарамағанбыз. Мемлекеттік ән-би ансамблінің бас дирижері Ізбасар Өтешов әкемнің туысқан ағасы болғандықтан, университетте оқып жүргенде, үйіне жиі баратынбыз. Сол үйде де көрген екенмін. Ал бірге оқыған құрбым Айымжан Бауыржан Момышұлының туған жиені, яғни батыр оның анасының туған ағасы еді. Құрбым да кейін: «Біз атаның үйіне барғанда, Өзбекәлі Жәнібеков аға отырды ғой, маңдайымыздан сүйіп амандасып, бізге ақша берген еді ғой», деп жақсы адамды жылы жүрекпен есіме салды.

Ал мен өзім Өзбекәлі ағаның сол бір 1987 жылы фестивальда Гран-при ұтып алғанда, сахна сыртында берген тапсырмасын әрқашан ұмытпай есте сақтадым. Оған тіпті үлкен аманат ретінде қарадым. Бірақ отбасылы болғаннан кейін ұл-қыздарды бірінен кейін бірін дүниеге әкеліп, басқа да себептермен бұл іске бірден кірісіп кете алмадым. Тек 1995-1996 жылдары араға тоғыз жыл салып алғаш рет «Қазығұрт» фольклорлық ансамблін ұйымдастырдым. Сондай-ақ 1994 жылы «Ұлттық салт-дәстүр» пәнінен тыңғылықты түрде ізденіп, материалдар жинақтап, 2011 жылға дейін университетте сабақ бердім. Айтарлығы, «Ұлттық салт-дәстүр» пәні еліміздегі ешқандай жоғары оқу орнында оқытылмайды, ал біздің университетте бұл Өзбекәлі ағаның арманымен, нақты тапсырмасымен жүзеге асқан еді. Қазір бұл пәнді өзге оқу орындарына да оқытатын күн туды деп ойлаймын.

«Қазығұрт» та өзінің биіктігін талай жерде дәлелдеген ансамбльге ай­налды. 1998 жылы Кипрде түркітіл­дес халықтардың фольклорлық ансамбл­дерінің фестивалі өтті. Осы фести­вальға қатысқан 11 мемлекеттің ішінен бас жүлдені жеңіп алдық. Түрік бауыр­ларымыздың ерекше қошеметіне бөленіп, қазақ ауылдарын аралап, 20 күндей өнер көрсеттік», дейді Ұлбосын Тәжібаева.

Өзбекәлі Жәнібековтің арманын жүзеге асырған оқу орны қазір мемлекет және қоғам қайраткерінің өз атымен аталады. Университетте рух сардарының есімін жас ұрпаққа насихаттау бағытында сүбелі істер қолға алынған.

 

Лаура ТАСТАНБЕК,

Журналистер одағының мүшесі