Көрме • 30 Мамыр, 2024

Ұлттық дәстүрді шетелге әйгілеген

27 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістандағы «Ұлы дала елі» орталығында ташкенттік қылқалам шебері Гүлмира Досыбекованың «Туған жерге тағзым» атты көркем туындылары көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Оған Өзбекстан, Ресей және еліміздің қылқалам шеберлері мен Түркістан қаласының зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ұлттық дәстүрді шетелге әйгілеген

Гүлмира Пернетайқызы Досыбекова Түркістан қаласында дүниеге келіп, Некрасов атын­дағы мектепті үздік бітірген. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің халық­аралық қатынастар фа­куль­тетін бітірді. Тума талант иесі Италияның дизайн мек­тебінде білімін жалғастырды. Отба­сылық жағдайымен Ли­вандағы Бейрут қаласында тұр­ған кезінде Қазақстанның салт-дәстүріне негізделген туындыларымен халықаралық сурет көр­мелерін ұйымдастырып, зиялы қауым өкілдерінің риза­шылығына бөленді. Алайда Ливанда қиыншылық туындаған кезінде шекарадан жүздеген полотноларын алып өте алмай, қиындыққа ұшырады. Қазір­гі кезде Ташкентте тұрады. Шекарадан аман-есен өткізген туындыларының ішінен 47-сін «Туған жерге тағзым» атты көрмеге қойды. Қазіргі кезде QR код арқылы әрі онлайн көр­мелерді өткізуге де машық­танған көрінеді.

«Туған жерге тағзым» көр­месіне әкелген туындыла­рымның ішінде майлы бояу, акрель, текстуралық паста, алтын-күміс жалатылған полот­но­ларым қойылды. Қазіргі таңда шетелдіктер негізінен түркі халқының салт-дәстүріне қызығушылық танытады. Мен жалпы суреттерімді гүлмен көм­кергенді, отбасылық құн­дылықтарды насихаттайтын әр ұлттың сұлу қыздарының бей­несін сомдағанды жақсы көремін. Бұл топтаманы «Туған жерге тағзым» деп атаған се­бебім, түркі тегінің түп төркіні Түркістандағы туғандарымды шы­ғармаларыммен таныстыру еді. Қазір менімен бірге келген он екі суретшіні «Арыс­танбабқа түне, Қожа Ахмет Ясауиден тіле» дегендей Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, Үкаша ата кесе­несіне апарып, осындағы ұстаздарымның ақ батасын алып, суретшіліктің үлкен жолына шығуға бел байладым»,дейді Гүлмира Пернетайқызы.

Бұған дейін Бейрутта, Таш­кентте көркем туындыларынан халықаралық көрме ұйым­дастырған Гүлмира Пер­не­тай­қызының мақсаты ал­дағы уақытта Душанбеде, Швей­ца­риядағы Цюрих қала­сын­да, Еуропа елде­рінде, Ду­бай­­да өт­кізуге тапсырыстар алған көрінеді. Жақында сонда аттанбақ.

Көрмеге қатысқан Некрасов мектебінің сол кездегі директоры Светлана Керн мен ұстазы Несіпгүл Өтебаеваның айтуынша, Гүлмира мектепте оқып жүрген кезінде де сурет салып, ол туындылары оқу орнының қабырғасының көр­кін келтіріп тұратын болған. Мұны көрген тұрғындар «арнайы суретші жалдадыңдар ма?» деп жиі сұрайтын кө­рінеді. Гүлмира жасынан пы­сық, зерек, жауапкершілігі мол, қоғамдық жұмыстарға бел­сенді қатысуымен көзге түс­кен. Сыныптың тұрақты старос­тасы болған. Достарының ішінде ерекшелігі киім үлгісі, интерерьер жасаумен де көзге түскен.

Гүлмира ана ретінде үш қыз, бір баланы тәрбиелеп отыр. Үлкені Қасымжомарт Швейцарияның халықаралық қатынастар уни­верситетінде, қызы Әдия Швей­цария универ­ститетінің қар­жы факультетінде оқиды. Жандәулет, Нұрсәлім, Сафиясы өзімен бірге Ташкентте тұрады. Жолдасы Рахымжан – Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі. Дүниежүзілік банктің дипломаты болғандықтан бас­шылық қайда жұмсаса, сол елге отбасымен барып тұра­ды екен. Бұл өз кезегінде Гүл­мираның жаңа мемлекеттерге қазақ дәстүрін танытуына мол мүмкіндік әпереді. Әкесі Пернетай Досыбеков пен зайыбы Шаткүл де қалаға танымал ұстаздар. Төрт баланы тәрбиелеп, ұлын ұяға қызын қияға қон­дырған жандар. Сал­танатты іс-шарада сөз алған «Ұлы дала елі» орталығының директоры Гүлжанат Ибрагимқызы, Некрасов мектебінің ұстаздары Светлана Керн, Несіпкүл Өте­баева, «Қазақстан, Өзбекс­тан, Ресей» суретшілер қауым­дас­тығының мүшелері Мадина Такенова мен Анна Каурова, «Түр­кістан» газетінің тілшісі Роза Нарымбетова Гүлмираның әлемге қылқалам арқылы қазақ­тың дәс­түр-салтын паш етіп отырған мақсаткерлігін мадақ­тап, ата-анасына осындай талантты да намысты қызды тәрбиелеп жеткізгені үшін алғыстарын жеткізді.

«Ұлы дала елі» орталы­ғын­дағы Гүлмира Досыбе­ко­ваның «Туған жерге тағзым» атты көр­месін қала тұрғындары мен қо­нақтары алдағы бірнеше апта тамашалауына болады.

 

Ескендір ЕРТАЙ