Аймақтар • 30 Мамыр, 2024

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі

88 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды, деп жазады Egemen.kz.

Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі

Фото: gov.kz

Заң жобасы Мемлекет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген.

Құжат Түркістан Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуы, сондай-ақ оның мемлекеттік маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді. 

Заң қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде,  Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісі ретіндегі қорғау аумағында орналасқан ескерткіштерді басқарудың, сақтаудың, олардың тұтастығын қолдаудың оңтайлы жүйесін құруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, кесене аумағында ғылыми археологиялық зерттеулер мен ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жоспарлау мен басқаруға мүмкіндік жасайды. 

«Сондай-ақ заң жобасы мәдени мұраны сақтау және жаңғырту, дәстүрлі қолөнерді дамытуды, Түркістан қаласын рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамыту және ілгерілетуді көздейді.  

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтау, оның айналасында бөтен құрылыс элементтеріне, көше желілерін өзгертуге жол бермеу мақсатында тарихи орталықтың құрылысын реттеу аймағында биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ тарихи ескерткіштермен ауқымы, түсі және құрылыс материалдарымен үйлеспейтін объектілердің құрылысына жол берілмейді», делінген Үкімет хабарламасында.

Құжат шеңберінде Түркістан қаласының тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және қорғау үшін әрбір объектіге тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы  қорғау аймақтары белгіленеді. Бұдан бөлек, қаланың бас жоспарына енгізілетін тарихи-сәулет тірек жоспарлары мен тарихи-мәдени мұра объектілерінің тиісті жергілікті жердің карта-схемалары жасалады. 

Заң қабылданғанда қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс, шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынады. 

Археология ескерткіштерінің тұтастығын, түпнұсқалығын, құндылығын болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерваты құрылады. Археология ескерткіштерінің резерватына енгізілген ескерткіштерге қатысты қорғау саясаты археология ескерткішін тұрақты инспекциялау, оны алдын ала күтім жасау және оны қолдау бағдарламаларын пайдалануға негізделеді.   

«Заң жобасы Түркістан қаласының Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тиімді институционалдық орта құру үшін уәкілетті органдардың, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыреттерін кеңейтуге бағытталған. 

Заң жобасы шеңберінде жер пайдалану құқығын беру, туристік қызметті жүзеге асыру, Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын қалыптастыру және басқа да мәселелер бойынша қосымша құзыреттер беру ұсынылады», делінген Үкімет хабарламасында.

Еске сала кетейік, 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бойынша Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы деп тану туралы шешім қабылданған болатын.