Қоғам • 29 Мамыр, 2024

Батыр рухына тағзым

36 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына 100 жыл толуына орай еске алу шаралары өтті. Батыр тұрған үйдегі ескерткіш тақтаға гүл шоғын қоюмен басталған салтанат 28 панфиловшы-гвардияшылар саябағында жалғасын тапты.

Батыр рухына тағзым

Ерен тұлғаны еске алу жиынына әскери саланың ардагерлері, әскери оқу орындарының курсанттары мен қайраткердің туыстары қатысты. Ең әуелі жиылған жұртшылық Армия генералын бір минут үнсіздікпен еске алып, сарбаздар салтанатты маршпен жүріп өтті. Ескерткіш тақта алдында шәкірттері сөз сөйлеп, батыр рухына құрмет көрсетті.

– Өмірден көшсе де, көңілден өшпейтін адамдар болады. Сағадат Нұрмағамбетов те дәл сондай, ешқашан ұмытылмайтын алып тұлға. Ол – соғысты басынан өткерді, тағдыр­дың талай тар соқпағынан өтті. Бірақ соған қарамастан, нағыз әскери маманның үлгісі бола білді. Қол астындағылардың бәріне қамқорлық танытып жүретін, адамгершілігі, кісіге деген құрметі мол жан еді, –  деп алды отставкадағы генерал-майор Павел Новиков.

Офицерлер одағы бірлестігінің өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері мен қала тұрғындары мәңгілік алауға гүл шоғын қойды. Сағадат Нұрмағамбетовтің өмір жо­лы­на қатысты мол мағлұматқа толы бейне­баян көпшілік назарына ұсыныл­ды. Ғибратты ғұмырын Отанға қызмет етуге арнаған тұлғаның мерейтойы жыл көлемін­де тойланады. Жыл басынан бері Алматы­да батырдың 100 жылдығына  арналған бір­неше спорттық және әскери шаралар өтті.

– Тарихты жасайтын тұлғалар. Әрбір саланың көшбасында кәсіби білігі, білімі мен танымы ұшқыр азаматтар жүрсе игі. Сағадат Нұрмағамбетовтің біліктілігінің, қырағы­лығының арқасында елімізде армия­ға қатысты маңызды шешімдер қабыл­данды. Өз ісінің хас шебері болғаны сол, ол тіпті полк командирлерінің тегін жатқа білетін. Әскери саланың әлеуетін көтеру­ге, қазақ армиясының қуатты күшке айна­луына қажырлы үлес қосқан қаһарман­ды кейінгілер ұмытпауға тиіс, – дейді отстав­кадағы генерал-майор Махмұт Телеғұсов.

 

АЛМАТЫ