Аймақтар • 28 Мамыр, 2024

Ішімдіксіз ауыл

161 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Азаматтардың салауатты өмір салтын ұстануы – дені сау ұлтты қалыптастырудың негізгі шарты» атты бастамасына Қазақстанның «Әділ билер» республикалық қоғамдық бірлестігі қолдау білдіріп отыр. 

Ішімдіксіз ауыл

Фото: massaget.kz

Осы мақсатта «Әділ билер» бірлестігі халықпен тікелей түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 2023-2024 жылдары Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 40 ауылды спирттік өнімдерді сатпайтын ауыл қатарына қосты. Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысында әкімшілік тарапынан 50 ауыл – арақсыз ауыл аталған болатын. Нарық заңына сәйкес ішімдік сататын саудагерге тыйым салуға ешкімнің құқы жоқ. Бірақ осының зардабын ел тартып келеді. Ауыл арасында отағасы ішімдікке салынып шаңырағынан береке қашқан отбасылар бар. Осы арақ кесапатынан ата-анасын, жарын, балаларын аңыратып, өмірлері қыршынан қиылған жастар қаншама. Арақ жамандықтың бастауы. Ішімдікке әуес халықтың болашағы жоқ. Халық психологиясын зерттеген саясаткерлер бұл қағидаға ғылыми негізде көз жеткізгелі қашан.

«Әділ билер» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ергебеков Серік Әбенұлы: «Өкінішке қарай, пәлен ақшаға сатып алған лицензиям бар, ішімдік сатпасам саудам болмай қалады», деп үш бірдей ауылда қасарысып отырған дүкен иелері бар. Ондай пікірдегі азаматтар болмаса бүкіл Түркістан облысын арақсыз ауыл жасар едік, ау! Пайда көксеген саудагерлер болмаса, бүкіл ауыл спирттік өнім сатпайтын ауылға айналуға дайын. Құдай қаласа, олар жан-жағына қарап ойланар деген үміттеміз. Тек үміттеніп қана қоймай әрекет етудеміз. Арақсыз ауыл деп айта салу бір бөлек, сол атқа лайықты болып қалу үлкен жұмыс. Сол себепті біздің әділ билер бұл жұмысты жалғастырып, қашанда қадағалап тұруды ұмыт қалдырмайды. Біздің жұмыс дүкендерде арақ-шарап сатқызбау, сол арқылы ел арасында арсыздық пен зорлық-зомбылықтың алдын алу маңызды.

Жалпы халықтың арақсыз қоғамға деген көзқарасы дұрыс. Халық қуана-қуана қабылдап отыр. Бір ғана мысал: Ордабасы ауданы, Қараспан ауылдық округінде арақсыз ауылдар көп. Әрі «Әділ билер» халықпен тамаша үйлесімділік тапқан. Сол 14  ауылда 6 жылдан бері ауданға арыз-шағым түспеген. Барлық шағым «Әділ Билер» алдынан шешімін тауып отыр. Бұл көптің көмегімен бітетін іс. Біздікі ізгі іске мұрындық болу», дейді ол.

Халық арасынан ауыл ақсақалдары, тәртіп сақшылары, әкімшілік қызметкерлері, жастар, қоғам белсенділері, дін қызметкерлері «Әділ билер» қоғамдық бірлестігінің жұмысына ел ішінде өз үлестерін қосып жатыр. Дүкеншілермен сөйлесіп, халықты үйме үй аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрген сол халықтың өзі екен. Жақын арада облыстық және Шымкент қалалық ІІД мен «Әділ билер» қоғамдық бірлестігі екіжақты келісіммен 12 бағытта халықпен жұмыс істеу ниетінде меморандумға отырды. Ол – дау-дамай, ұлттық дүрдараздық, зорлық-зомбылықтың алдын алу, жер дауы, отбасылық даулар, жала жабу, қарыз мәселесі, алаяққа алданған адамның қаражатын қайтаруға көмектесу сияқты мәселелер. Осы орайда біздерге қолдау білдіріп отырған Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қабденов Мұрат Талапұлы мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Таев Думан Ашкенұлына алғысымыз шексіз. «Осылайша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан қоғам мен билік санасып, өзара үндестік тауып отыр», дейді Серік Әбенұлы.

2024 жылдың 24 сәуір күні «Әділ билер» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің «Әділетті Қазақстанның Әділ билері» атты есептік жиыны өтті.

Жиында спирттік өнім сатпайтын ауыл құру үшін халықпен жұмыс істеген ел белсенділерінің және әділ билердің еңбегі әкімшілік тарапынан марапатқа ие болды. «Ұлт болашағы үшін ізгілікті бастаманың басында қашанда киелі Түркістан қаласы жүруі тиіс. Сол себепті де арақсыз қоғам қалыптастыруға Түркістан қаласының әкімшілігі де мүдделі. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының рухани бастамасын жалғастыруға үлкен күш салып, жұмыстар атқаратын боламыз», деп Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбеков арнайы Алғыс хат жіберген. Сондай-ақ «Әділ билер» РҚБ тарапынан барлық әділ билер мен  әділ аналарға қомақты сый-сыяпат жасалып «Ел сенімі» төсбелгісімен марапатталды. Ал «Әділ билер» Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің төрағасы Серік Әбенұлы Ергебеков БҰҰ атынан «Адамдық факторы» және «Ұлт мақтанышы» атты медалімен марапатталды. Зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары бойынша жасаған еңбегі еленіп Алтын төсбелгі табысталды.

Зүбәйра Тілегенқызы,

журналист