Тағзым • 27 Мамыр, 2024

Ұлттың асыл абызы

70 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Төрегелді Шарманұлының ес біліп, саналы өмір жолын бастаған кезі қазақ тарихындағы ең ауыр, ең қасіретті, ұлт тағдыры қыл үстін­де тұрған, халықтың жартысына жуығы аштықтан қырылып, жақсы мен жайсаңы, көсемі мен шешені атылып, қудаланып, зор нәубет орнаған жылдар еді. Қазір қарап отыр­саң, Төкеңнің өмір жолы, ұстанымы ұлт басындағы сынақтарға жауап, алдағы міндеттерге дайындық болған секілді.

Ұлттың асыл абызы

Фото: rast.kz

Шын мәнінде, жоғарыда келтірілген күрделі жағдайдан есін жиып, қайта жаңғыру үшін, әрине, бірінші кезекте ұлттың саны өсуі керек. Сапасы көтерілуі керек. Ол үшін денсаулықтың мықтылығы маңызды. Сонымен қатар жаңа заманның сынақтарына білім мен ғылым арқылы ғана жауап беру мүмкін еді. Сондықтан білім мен ғылым жолын таңдап, оның ішінде денсаулық сақтау саласында қызмет атқаруы – сол жауаптың бірі болды.

Төкең әр амалы мен әр қарекеті арқылы ұлтына да, адамзатқа да қызмет етудің үл­гісін қалыптастырды. Ұлт көкжиегін ке­ңейтіп, әлемге танылуына көп қызмет етті. Оның ең жарқын мысалы – 1978 жылы Алматыда өткен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен UNICEF-тің бірлескен конференциясы. Оған дейін қазақ жерінде жаһандық жиын болып көрген емес-ті. Бір жағынан, Алматы декларациясы бүкіл әлемдегі миллиондаған адамның өмірін сақтап қалуға жұмыс істеген денсаулық сақ­тау жүйесінің дамуына, жедел жәрдем секілді алғашқы көмек көрсететін жүйені дамытуға сеп болса, екінші жағынан конференция қазақ деген елдің бар екенін әлемге әйгілеп берді.

Төкең бақилық болғанмен, оның мұрасы мен ғибраты ғасырлар бойы ұлтқа қызмет ете бермек. Сол ұлағатының ішінде менің түйгенім – ол кісі өмірді сүю, адамды сүюдің озық мысалын көрсетіп кетті. Кешірімшілдігі де – айрықшалап атап айтуға болар қасиет. 1978 жылы жаһандық жиыннан кейін түрлі көреалмаушылықтың салдарынан елден жырақтап, Мәскеуде тұруға мәжбүр болған еді. Сөйте тұра соған себепкер болғандарды да, біреулердің айтағына ергендерді де кешіре білді. «Солардың кейбірін аспирант ретінде баптап, ғылым бәйгесіне қостым, ал билік маңайында болғандарға кешіріммен қарадым, сол арқылы жасампаздық жолға көбірек күш-қуатымды арнауға мүмкіндігім болды» деп еді бірде ағынан жарылып.

Тағы бір ерекшелігі – үлкенмен де, кішімен де сыйласа, араласа, әзілдесе білуі. Көз жұмар сәтке дейін өмірге құштарлығын, болашаққа сенімін жоғалтпады және әзілден де айырылмады. Қайтыс боларынан үш күн бұрын баласы Алмаз бізді видеобайланыс арқылы сөйлестірді. Сонда қалыптасқан дәстүр бо­йын­ша аға мен інінің, нағашы мен жиеннің бір әзілін бастап едім, хәл үстінде жатқан Төкең әзілге әзілмен жауап беріп, ғажап бір ішкі рухтың сөнбегенін көрсетті.

Төрегелді Шарманұлының өмір жолы – өнегелі жол. Қажырлы еңбек, терең білім, жасампаз қайраткерлік арқылы өшпес із қалдырған алып тұлғаның бақилық болуы тұтас ұлтымыз үшін ауыр қайғы. Бірақ Төкең қалдырып кеткен із, тағылымы мен тәлімі ел игілігі үшін қызмет жасай бермек. Алып тұлғаның жаны жәннатта, иманы саламат болсын.

 

Әлихан Байменов,

Астана мемлекет қызмет Хабының төрағасы