Экономика • 27 Мамыр, 2024

Елімізде инвестициялық кіріс шамамен 517,6 млрд теңгеге жетті

72 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2024 жылдың 4 айында Қазақстан азаматтарының таза инвестициялық кірісі шамамен 517,6 млрд теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 48,6 млрд теңгеге немесе 10,4% артық, деп  хабарлайды Egemen.kz «БЖЗҚ» АҚ баспасөз орталығына сілтеме жасап.

Елімізде инвестициялық кіріс шамамен 517,6 млрд теңгеге жетті

Фото:gov.kz

БЖЗҚ-ның міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптастырылған зейнетақы активтерінен түсіп, салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген кірістілік 2024 жылдың 4 айында 2,87% көрсетті. 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен қалыптасқан БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі - 1,76%.

«2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша салымшылардың (алушылардың) шоттарына соңғы 12 айда бөлінген БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі инфляция 8,70% мөлшерінде болған кезде 9,83% болды», делінген хабарламада.

Ұлттық Банк және инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) зейнетақы активтерін инвестициялық кіріс алу мақсатында экономиканың Қазақстандағы және шетелдегі түрлі секторларының әртүрлі қаржы құралдарына әртүрлі валюталарда орналастырады. Әртараптандыру орнықты инвестициялық кірістілікті қамтамасыз етеді.

«Зейнетақы жинақтары - бұл ұзақ мерзімді инвестициялар. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жылда талдаған жөн. Мәселен, жинақтаушы зейнетақы жүйесі
құрылған 1998 жылдан бастап 2024 жылғы 1 мамырға дейінгі инвестициялық кірістілік өспелі
қорытындымен 842,74% көрсетті. Бұл кезеңдегі инфляция - 780,79%. Осылайша, ұзақ мерзім
ішінде жинақталған инвестициялық кіріс инфляциядан асып түсті», делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, елімізде инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына бірегей кепілдік қарастырылған. Төлемдер құқығы басталған кезде салымшының жинақталған кірістілігіне әсер еткен жекелеген кезеңде кірістіліктің төмендеуі кезінде де айырмашылықты өтеуге мемлекет кепілдік береді.

Сондай-ақ БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат қордың (www.enpf.kz) ресми сайтындағы «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті