Қоғам • 25 Мамыр, 2024

Елімізде бір отбасы жылына 75 мың теңгесін мейрамхана мен дәмханаға жұмсайды

165 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан халқының тапқан табысы көбінесе мейрамхана мен дәмханада тамақтануға кетеді. Бір отбасы сырттан ас ішуіне жылына кемі 75 мың теңге жұмсайды, деп жазады Egemen.kz.

Елімізде бір отбасы жылына 75 мың теңгесін мейрамхана мен дәмханаға жұмсайды

Статистика бойынша, әсіресе Маңғыстау облысының тұрғындары үйден тыс жерде ас ішуге жаны құмар екен. Олар жоқ дегенде, 200 мыңнан астам теңгесін дәмханаға жұмсайды. Ал алматылықтар бұл тізімде төртінші орынға жайғасыпты.

Finprom.kz агенттігінің мәліметінше, елімізде бір отбасы жылына кемі 75 мың теңгесін мейрамхана мен дәмханаға жұмсайды екен.Тізімде Маңғыстау облысы көш бастап тұр. Олар 200 мың теңгеден астам қаражатын сырттан тамақтануға жаратады. Екінші орында астаналықтар тұр. Ал алматылықтар 100 мыңға жуық қаражатын қоғамдық тамақтанатын орындар мен дәмханаларда жұмсайды. Рестораторлар ас мәзіріндегі бағаның күннен-күнге өсіп жатқанын айтады. Азық-түлік өнімдеріне кететін шығыннан бөлек, мекемені жалға алу, ыдыс-аяқ, қызметкерлерге беретін қаржы бағаның өсуіне әкеледі дейді.

«Бір жылдың ішінде мейрамханалар шамамен 30 пайызға қымбаттағаны рас. Себебі ,өздеріңіз білесіздер, жұмысшыларды да аз жалақымен ұстап отыра алмаймыз. Мысалы, мен шығынды азайту үшін кадрды қысқартып, олардың жұмысын өз мойныма алып отырмын», - деді ҚР Рестораторлар қауымдастығының мүшесі Тимур Ғайпанов.

Десе де қымбатшылыққа қарап жатқан халық жоқ сияқты. Мейрамхана қызметкерлері келушілердің күн санап өсіп жатқанын айтады. Жаз мезгілінде жұрт көбіне терассада отырып, таңғы, түскі, кешкі асын ішеді.

«Адам саны әр ай сайын өседі. Жұмыс күндері адамдар өте көп. Әсіресе дүйсенбі, сәрсенбі күндері. Себебі сол күндері жұмыстан шаршаған адамдар түскі уақытта тамақтанады. Ал кешке қарай көбіне жұптарымен, отбасымен кешкі асын ішеді», - деді мейрамхананың маркетинг қызметкері Жұлдыз Әйіп.

Ал экономистер мұны жаһандық даму деп түсіндіреді. Адамдар ауылдан қалаға белсенді түрде көшіп, бар уақытын қаражат табуға жұмсайды деді.

«Пандемиядан кейін азық-түлік бағасынан бөлек, дәнді дақылдарға дейін қымбаттағаны рас. Бұл ауыл шаруашылығының дамымай жатқанын көрсетеді. Өзіміздің өндіріске мән бермейміз. Сырттан импорттап алуға жанымыз құмар. Ад адамдардың мейрамханаларға деген сұранысын урбанизация деп айтар едім», - деді экономист Арман Байғанов.

Дегенмен еліміздің қоғамдық тамақтану орындарындағы бағаны әлемдік стандарттарға сай келеді деп айту қиын. Бағаның қымбат екенін рейтингтан-ақ аңғаруға болады. Ең арзан мейрамханада тамақтандым дегеннің өзінде, жоқ дегенде, 9 АҚШ доллары, яғни 4000 мың теңгені тастап кетеміз. Мұндай бағамен барлығы 97 ел қатысқан рейтингте Қазақстан 42-ші орынға жайғасыпты.