Сатира • 23 Мамыр, 2024

Жазмыштан озмыш жоқ

24 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Пықып ата кәсіпті жалғастырып, нарықтық заманда кәсібі де, нәсібі де болған диірменіне тәуба етеді. Күн демей, түн демей тау боп үйілген қап-қап дән атаулыны ұсақтап, ұнтақтап тапқан табысы қомақты.

Жазмыштан озмыш жоқ

Тек көресіні тыш­қан­дардан көріп-ақ бақты... Міне, қазір бірер сәтке арсыл-гүрсіл диір­менін тоқтата қалып еді, пә­лекеттер, тышқандарды айт­а­мын – бағанадан бергі өз «ша­руасын» кілт доғарып, жал­мауызға да жан керек, безіп ба­рады-ай.

Басында пәлекеттерге қақ­пан құрып көрген... Қақпанға ілмеген нәрсесі жоқ, дән тұр­ғанда, әсіресе бидай асының атасы болуы керек, біріне де пысқырып қарамайды.

Қақпаннан күдер үзіп, бір білгіштің деуімен өмірем қап­тырар арнайы дәрісін де сеуіп көрген... Онысы аз-маз сеп бо­лып, сәл-пәл теңкиткені бар болсын... Бір-екі бидай иесі ұны­мыздан жағымсыз иіс шы­ғады деп дікеңдеген соң, іс насырға шаппай тұрғанда онысын мүлдем тыйып тастаған болатын.

Е, кезек мысекеңе ойысып, мысықтың екі-үш түрін асырап еді... Пәлекеттің ата жауы емес пе, қырғидай тиді десе болады.

Көп өтпей «көбею» үрдісі ілгері озып, өзі де көбейгіш пәле – қамбада мысық атаулыдан айнала алмайтын халге жетті... Көбейгені сонша, азығы тышқан жетпей, оларды асырауда мойнына қосымша жүк болды.

Көршілердің күңкіл-сың­қыл, арыз-шағымынан соң қаптаған мысық атаулы басына пәле болып жабысып, амалсыз мұның ата жауы ит асырады.

...Е, ит пен мысық ырыл­дасып-қырқысып, қиқуы «қыр­қа» асып, не керек, ит пен мы­сық аулағыштарды жалдауға тура келді... Бұлардың ақысы ит пен мысықты асырағаннан он есеге асып жығылып, тапқан табысымның қомақты бөлігі соларға кетті... Жығылғанға жұ­дырық, аулағыштарды аңдитын «жан-жануар жанашырлары» ғайыптан тайып келе қалып, айда келіп айыппұлын салып сығып алмасы бар ма... Олар ойсыратқан айыппұлмен шектелмей, мұның кәсібінің есігіне бақандай екі айға «қара құлып» салып қақыратты емес пе.

Сондағы құлазып күңірен­гені әлі есінен кетпейді. Ойлап көрсе, қақпаны мен дәрісі майда-шүйде дейік, мысықтың «ми­палауы», иттің «ырың-жы­рыңы», аулағыштардың «ау­мақ-саумағы», соңғы сұрқия «жан-жануар жанашырлары» тес­пей сорып сорын қайнатқан-ақ екен.

Пықекең есеңгіреп тұрып, ес жинап, етек-жеңін жинап барып атакәсібін қайта қол­ға алып еді, құдайға шүкір, кә­сібі қалпына келіп, диірмені дүріл­деп-гүрілдеп жүріп кеп бергені. Пықып диірмен гүрілімен ілесе інінен қайта шыққан тышқандарға қарап жымиып қойып, ішінен «жазмыштан озмыш жоқ» деп күбірлеп алып атакәсібіне құлшына кірісті.

 

Берік САДЫР