Таным • 23 Мамыр, 2024

Белгісіз белгілер

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Пернетақтадан орын алған тыныс белгілерінің арманы жоқ. Өйткені олар талай дәуірді артқа тастап, бұл заманға аман-есен жетті. Әлде де пайдаға жарап тұр. Бірақ компьютер кезеңіне өте алмай қалған беймәлім белгілер де баршылық. Соның бірі – мысқыл белгісі.

Белгісіз белгілер

Мұның түр-сипаты негізінен айнаға қарап тұрған сұрақ белгісіне ұқсайды. Тек ирегі сәл күрделірек. Сыртқы пішіні аса қатты таңғалдырмады, білем. Бірақ оның сөйлем соңында емес, сөйлемнің алдында тұратыны өзгеде жоқ ерекшелік емес пе? Мысқыл белгісін ХІХ ғасырдан бастап қолдануды алғаш ұсынған – жазушы Алькантер де Брам. 1966 жылы жазушы Эрве Базен «Plumonus L`Oiseau» кітабында дәл осы белгіні хатқа түсірген. Алайда уақыт өте келе үтір, нүкте бастаған тыныс белгілері мысқыл белгісінің мысын басып кетті.

 

Интерробанг

пр

Бұл белгінің атауы тосын бол­ғанымен, қызметі баршаға мәлім. Түсініктірек болу үшін басынан бастайық...

Леп белгісі мен сұрау белгісі тұ­тасып кеткен тыныс белгіні 1962 жылы «New York Advertising Agency» жарнама агенттігінің басшысы Мартин Спектер ойлап тапты. Ол оны «интерробанг» деп атап, риторикалық сұ­раулы сөйлемдерде қолдануға болады деп түсіндірді. Яғни жауабы өзі­нен-өзі айқын нәрсені әсерлі леппен, сұрау түрінде жеткізгенде интерробанг іске кіріседі. Ал сөздің төркініне келсек, «interrogаtіvus» латын тілінен аудар­ғанда сұраушы, «bang» сөзі жарылыс деген мағынаны білдіреді. Бірақ бұл күндері сұрау белгісі мен леп белгісі бұрынғыдай емен-жарқын араласпайтыны белгілі.

 

Махаббат белгісі

ми

Эрве Базеннің «Plumonus L`Oiseau» кітабында махаббат белгісінің де қарасы бір көрінген.

Байқасақ, мұнда екі сұрау белгісі бір-біріне қарап тұр. Бір қызығы, олар екеу болса да, астындағы нүктелері ортақ. Яғни бір көзің күліп, екінші көзің жылай алмайтыны секілді махаббатта «мен» деген ұғым жоқтығын осы тыныс белгісі айқын аңғартып тұр. Егер ол бұл заманға жетіп, пернетақтадан орын алса, ең танымал тыныс белгісі болар еді...